«Тұғыры биік Тарбағатай» – Абай облысының Ақсуат ауданында жалауы желбіреген халықаралық өнер және спорт фестивалі. Оның барысында бірнеше елдің балуаны бозкілемде белдесіп, 140 шақырымға жалғасқан аламан бәйгеде нағыз тұлпарлар анықталды. Сол секілді «от ауызды, орақ тілді» айтыскер ақындар «Асыл домбыра-2022» сайысында өз мықтылығын көрсетті.
Игілікті іс-шара аудан орталығы Ақсуат ауылындағы Ұранхай қажы мешітінің жанынан салынған медресенің ашылу салтанатымен басталды. «Мұнда асыл дінімізге бет бұрған жастар діни сауат ашып, рухани тәлім-тәрбие алатын болады», деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, наиб мүфти Сансызбай Шоқанов. Медресенің ашылуына ҚМДБ Абай өңірі бойынша бас имамы Асқар Мұқанов, Ақсуат ауданының әкімі Асхат Смаилов, «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәли қатысқанын айта кеткен орынды.
Бұған қоса әулие Ырғызбай Досқанаұлының рухына арнап ас беріліп, жас балалар арасында республикалық Құран жарысы өткізілді. Бұл сында 25 қатысушы өз мүмкіндігін пысықтап, 1-орынды иеленген Елдос Жортымов Ұмра қажылығына жолдама алды. Жеңімпаз қажылық сапарының жолдамасын анасына сыйға тартатынын жеткізді. Сол секілді 5-орынға дейін табан тірегендерге де ақшалай жүлде табысталды.
Осыдан кейін аудан орталығында Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдық мерейтойына арналған «Отан қорғау жолындағы батыр бабалар ерліктері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, ғалымдар келелі ойларын ортаға салды.
«Дана халқымызда «Туған жерге туыңды тік» деген ұлағатты сөз бар. Атадан балаға мирас болып, төл өнердің дамуына атсалысқан азаматтар мен ұйымдастырушыларға өзімнің және жерлестерімнің атынан зор ризашылығымды білдіре отыра барлық спортшы мен өнерпазға сәттілік, көрермен қауымға ұмытылмас мерекелік көңіл күй тілеймін», деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Қазақ күресінен ұйымдастырылған Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік гран-при бәсекесіне 19 мемлекеттің балуандары қатысып, бақтарын сынады. Жарыстың нәтижесіне сәйкес 70 кило салмақ дәрежесі бойынша 1-орын Грузиядан келген Нико Шикаидзеге бұйырды. 2-орыннан тәжікстандық Навруз Каримзат көрінсе, үздік үштікті моңғолиялық Енхбол Ехтайван мен отандасымыз Рауан Алтынбек түйіндеді. 90 кило салмақ дәрежесінде Абай облысының балуаны Әсет Ахметжановқа тең келер қарсылас табылмады. Ол финалда Грузияның дарынды спортшысы Паата Гвинашивилидің жауырынын жерге тигізді. Қола жүлдені қырғызстандық Жамалбек Асылбекұлы мен Молдовадан келген Михаил Марчитон қанжығасына байлады. 90 килодан жоғары салмақта Қап тауының тағы бір өкілі Георгий Кавкарадзе қарсылас шыдатпай алтыннан алқа тақты. Күміс жүлдені польшалық Каспер Журовский алса, 3-орынға қызылордалық Мақсат Исақабылов пен ирандық Фархамидриза Саджади табан тіреді.
«Осы жарыста ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – қарапайым қазақ ауылын таныту еді. Қазір аталған сайыс халықаралық Біріккен күрес әлемі қауымдастығының күнтізбесіне еніп, маңызды жарыстардың қатарына еніп отыр. Бұл өз кезегінде еліміздің абыройын арттырып, отандық бұқаралық спорттың дамуына сүбелі үлесін қосады деген үмітіміз басым», деді Ырғызбай Досқанаұлы атындағы гран-при жобасының авторы Бәделхан Камалханұлы.
Суырыпсалма ақындардың бәсекесі де Барқытбелдің баурайындағы мерекенің көркін қыздыра түсті. Тартысқа толы синкреттік өнер додасының қорытындысына сәйкес биылғы Assyl dombyra-ның иегері жампоз ақын Ринат Заитов атанып, оған темір тұлпар табыс етілді. Сол секілді «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов Assyltas стипендиясын иеленді.
Бұл ретте аталған іс-шараның өткізілуіне ұйытқы болған кәсіпкер Дулат Тастекеев Ақсуат ауданындағы Екпін ауылында тұратын көпбалалы анаға пәтер кілтін табыстағанын айта кету керек.
Аталған фестивальдың шарықтау шыңы – 140 шақырымға созылған аламан бәйге болды десек қателеспейміз. Мұндай қашықтықтағы тұлпарлар жарысы бұрын-соңды болмаған дейді ұйымдастырушылар. Содан болса керек, аталған аламан Гиннес рекордтар кітабына енуі мүмкін. Көкпекті ауданынан бастау алған жарыста 17 шабандоз бір-бірін шаң қаптыруға тырысты. Әйтсе де финалдық мәренің сызығынан 1-ші болып 7 сағат 12 минутта катонқарағайлық Ерболат Тоқсановтың Тарпаң сәйгүлігі аттады. 2-ші сатыдан алматылық Секенай Бөбекбайдың Байшұбары көрінсе, үштікке көкжыралық Ағзам Сабуровтың Маңмаңгері ілінді. Бәйгенің барлық санаты бойынша жеңімпаз атанғандар автокөлік мінсе, жүлдегерлер ақшалай сыйлыққа ие болды.
Мерекенің соңында қазақстандық өнер иелерінің гала концерті ұсынылып, жергілікті халықтың көңіл күйін бір серпілтті.
Игі дәстүрге айналған бұл іс-шараның өтуіне облыс әкімдігінің қолдауымен Қазақ күресі қауымдастығының вице-президенті Бәделхан Камалханұлы мен Tas Group компаниялар тобының басқарма төрағасы Дулат Тастекеев мұрындық болып келеді.
Абай облысы,
Ақсуат ауданы