Қоғамда мемлекеттің саясатына, әсіресе оның жоғарғы деңгейде қабылданып жатқан шешімдерінің толық орындалуына деген сенімсіздіктің бары рас. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына ерекше мән беруде.
Президенттің осы саяси ұстанымын іске асыру үшін билік пен қоғам арасында тығыз байланыс орнап, зор жауапкершілікпен қатар оларды жүзеге асыру процесіне қатаң бақылау орнатылып, нақты есепке алу жүргізілуі қажет.
Осындай сұраныстың барлығын сезіне отырып, Қ.Тоқаев бұл жұмысты Президент Әкімшілігінен бастады. Азаматтардан түскен өтініштерді қарауды бақылау бөлімі құрылып, бұл мәселені үйлестіру мен осыншама жауапты бағытқа жетекшілік жасау ісі Президенттің көмекшісі деңгейіне дейін көтерілді. Ондағы мақсат – азаматтардың мұң-мұқтажы мен талап-тілектерін зерделеп, халықпен тиімді жұмыс істеудің жаңа жолдары мен бағыттарын табу. Аталған жұмысқа басымдық беру арқылы үш мәселе қамтылып отыр. Біріншіден, тұрғындардың арыздары әлеуметтік зерттеудің бір түрі ретінде құнды пікірлер, әртүрлі ұсыныс пен алаңдаушылыққа «бай» болғандықтан, елде жүргізіліп жатқан реформалардың барысындағы кездесетін қателіктер мен кемшіліктерді анықтау. Екінші жағынан, қоғамдық ортадағы көңіл күй, азаматтардың билікке деген жалпы көзқарасын сезіну, жұрттың арасында орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысының сапасына, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің деңгейіне сараптама жасау. Ал үшіншіден, барлық деңгейдегі билік құрылымдарындағы орындаушылық тәртіптің қаншалықты дәрежеде енгізілгендігі мен жұмыс істейтіндігін бағалау.
Соңғы үш жылдағы саяси реформалардың кең көлемде жүргізілуі азаматтық белсенділікпен бірге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жауапкершілігін арттыруда. Халықтан келіп түсетін арыз-шағымдар мен өтініштерді қабылдауға және оларды қарауға мыңдаған қызметкерлер жұмылдыруда. Сондықтан аталған үдеріс қатаң бақылауға алынып, мұндай жұмысты атқарудың бірыңғай жүйесі қалыптаса бастады деуге негіз бар. Бұған жаңа әкімшілік рəсімдік-процестік кодекстің қабылданып, мемлекет пен өтініш берушілердің қарым-қатынастарының жаңғыртылуы өз ықпалын тигізуде. Осы Кодекс пен Заң арқылы азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеудің әр қадамы, оларды бағыттау мерзімінен бастап сот ісін жүргізуге дейін реттелген. Нәтижесінде, Президент Әкімшілігіне бағытталған құжаттарды қарау тәртібі нақтыланып, оның әрбір кезеңінің ашықтығы қамтамасыз етіліп, хат иелерінің мүдделерін мемлекеттік органдардың «жүгенсіздігінен» қорғау мүмкіндігі пайда болды. Мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері үшін жауапкершілігін күшейтетін жаңа норма қабылданды.
Өйткені кейбір сала басшылары мен әкімдердің өз жұмыстары туралы есептерінің осы күнге дейін жағдайды объективті, дәлме-дәл көрсетіп, оның сапалық жағын көтере алмай отырғандықтарына халық куә. Сонымен қатар тұрғындар олардың сөздерінің нақты іспен үйлесе бермейтінін де көріп жүр. Мұның орын алуына тапсырмаларды бақылаудың нашарлығы мен жүйесіздігі себепші болуда. Оның басты себебі сапалық көрсеткіштерге басымдық беріп, нақты нәтижелерге қол жеткізу мәселелеріндегі олқылықтарда жатыр. Ал бұл, өз кезегінде, адамның әлеуметтік әл-ауқатына кері әсер етіп, оны қолына қалам алуға мәжбүр етуде. Сондықтан болар, халықтың тарапынан да бақылауды күшейту мақсатында арызданушының өз хатына қатысты алынған жауабына шағымданудың тәртібі енгізіліп, олардың көпшілігі әділдікке қол жеткізе алатындай мүмкіндік жасалып отыр.
Сондықтан бүгіннің талабына сай шағымдарды жеке қараудың орнына, оларды жүйелі және кешенді түрде зерделеп, тұрақты негізде жұмыс істеуге басымдық берілуде. Бұл қоғамдық дамудың барлық саласы мен аймақтардағы орын алып отырған түйткіл мәселелерді анықтауға жағдай жасамақ. Бұл жұмысқа ақпарат құралдарында жарық көретін материалдардың да үлесі орасан зор. Мәселен, «Egemen Qazaqstan» газетінде «Президент тапсырды: нәтиже қандай?» деген сұраққа жауап ретінде күнделікті қаншама арнайы сараптама жасалып, ұсыныстар айтылуда. Осылайша, ел-жұрт болып тізе қосып, жетістіктеріміз бен халықтың көпшілігінің басына түсіп отырған ортақ проблемаларды биліктің құлағына жеткізуге болады. Ал ол халық үніне құлақ асып, одан дұрыс және әділ қорытындылар жасаған кезде азаматтар көтерген өткір әлеуметтік мәселелер өз шешімін тауып, түбінде халықтың мемлекеттік органдарға деген көзқарасының да өзгерері сөзсіз.