Семейде халыққа арналған қоғамдық кеңістіктер қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығатындай жақсы ұйымдастырылмаған. Айталық, шаһарда адамдардың серуендеп, тынығатын орындары шектеулі. Бар жерлердің өзі қаңырап, қараусыз күйде жатыр.
Ірі қараның мекеніне айналды
Абай облысының орталығы саналатын шаһарда ретке келтірілген, халық көп жүретін жер саусақпен санарлықтай. Мысалы, Бейбітшілік аралын (бұрынғы Түйемойнақ аралы) алып қарайық. Семейге келетін ішкі және шетелдік туристер міндетті түрде осы аралға соқпай қоймайды. Неге десеңіз, еліміз бойынша мұндай бірегей ландшафтық аумақты кездестіру қиын. Оның ерекшелігі сол, теңізі мен көлі жоқ қалада орналасқан арал Ертіс өзенінің қақ ортасында тұр. Дәл осында Семей ядролық сынақ полигонының құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі ашылып, бұл қала тұрғындары мен келген қонақтардың сүйікті орындарының біріне айналды. Аралдың атын Бейбітшілік деп өзгертуі де осыған байланысты. Айналасы жасыл желекпен көмкерілген аталған аумақта халықтың серуендеуі үшін саябақ қарастырылған. Сондай-ақ саламатты өмір салтын серік еткендерге бұқаралық спортқа арналған инфрақұрылым да жолға қойылған. Өсімдіктер мен жануарлар әлемін зерттеумен айналысатын Биологиялық орталық та осы аралда.
Алайда аралда көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселе бар. Атап айтқанда, бұл аумақта бірнеше жеке тұрғын үй орналасқан. Бұл тұрғындардың басым бөлігі мал асырап, жан бағып келеді. Бірақ сол төрт түлік жайылым жер аз болған соң қоршаусыз жатқан монументтің маңайын жағалап жайылады. Соның салдарынан жайқалып тұрған өсімдіктер мен егілген көшеттен түк қалмайтын сынды. Бұған таяуда облыстық мәслихат хатшысының өзі де көз жеткізді.
«Кейінгі уақытта халықтан тұрғын үй массивтеріндегі сиырлар мен жылқыларға қатысты шағымдар жиі түсе бастады. Жұмыстан кейін Бейбітшілік аралында серуендеп жүріп, сиырлардың абаттандырылған көгалда жайылып, егілген гүлдерді жеп жатқанын байқадым. Ал бұл жерге халық демалып, балаларын сергітуге келеді.
Қаладағы кенттер мен шеткі аудандарда үй жануарлары қоқыс жәшіктерінен азық іздеп, экологиялық ахуалды одан сайын күрделендіріп жатқаны жасырын емес. Бұл ретте санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, қалалық полиция, ветеринарлық инспекция қызметі осы мәселені қолға алып, тәртіп орнатқаны жөн болар еді.
Әлбетте, төрт түлік малды асыраған дұрыс және оған қарсылығым жоқ. Бірақ мұны өзіңнің белгіленген учаскеңде, жазғы уақытта жайылымдық жерлерде жүзеге асырған абзал. Мұны бизнеске бағытталған кедергі деп қабылдамаған жөн. Тек белгіленген заңның ережелері мен нормаларын сақтап, айналадағы адамдарға сыйластықпен қарауға шақырамын. Өйткені жоғарыдағы көріністі Түркістан мен Атыраудан келген қонақтар байқап, таңғалды», деді Абай облысы мәслихатының хатшысы Қуаныш Сүлейменов.
Қаңырап қараусыз жатыр
Өңір депутаттары Семейде қалалықтарға арналған демалыс орындарының жетіспейтінін мойындап отыр. Әсіресе балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін қоғамдық кеңістіктер жоқтың қасы.
«Егер де балалар жастайынан белсенді өмір салтын ұстанып спортқа ден қойса, одан мемлекеттің ұтары көп. Демек аурушаң ұрпақ аз болады. Бұл орайда іскер азаматтар бір емес бірнеше заманауи спорт орталығының құрылуына атсалысса екен деген тілегіміз бар», деді Қ.Сүлейменов.
Саябақтардың мәселесін жергілікті жас белсенді Жасұлан Құрманғалиев те көтерген болатын. Ол 343 квартал шағын ауданындағы бұрынғы Гайдар атындағы саябақты жаңғырту жөніндегі ұсынысын жеткізді.
«Кезінде Назарбаев зияткерлік мектебін салу үшін мұнда бүкіл саябақты қиратты. Дәл осында жергілікті тұрғындардан бөлек қала қонақтары да келіп демалатын. Рас, саябақтың көркі кетіп тұрған еді. Бірақ бұл №8 бен №9 мектептің оқушыларына спорттық іс-шаралар мен жарыстарды өткізуге кедергі келтірмейтін. Зияткерлік мектеп Қарағайлыға көшірілгендіктен мұнда Экономикалық лицей орналасты. Енді бұл лицей мен Дене шынықтыру-сауықтыру кешені арасында шағын саябақты қалпына келтіретіндей аумақ тұр. Жергілікті халық кезінде жасыл желегімен ерекшеленген саябақтан айырылған соң оның қазіргі қаңырап тұрған орнына мектептің жабық қоршауынан қарауға мәжбүр. Лицейде өздеріне тиесілі спортзал мен іргелес маңда жасыл алаң бар. Сондай-ақ Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде де жаттығуға барлық жағдай жасалған. Оларға бұрынғы саябақ аумағының қажеті жоқ. Бұл әрқашан да бос жатады. Таяу маңдағы көз ауруларын емдейтін орталықта ескі субұрқақты қалпына келтіруге болады. Аталған саябақ не үшін қажет? Осы ауданда Силикат зауыты жұмыс істеп тұрғанын ескерсек, кәсіпорыннан шығатын зиянды қалдықтан жергілікті халықты қорғау үшін жасыл аймақ болуға тиіс», деді Ж.Құрманғалиев.
Миллиардтар тиімсіз жұмсалған жоба
Селқостықтың салдарынан жұмыс істеп тұрған саябақтың қызметін жолға қоюдың өзі мұң болып тұр. Мәселе орталық саябаққа қатысты. Осыдан 3 жыл бұрын бұл нысан жөндеу жұмыстарына жабылып, жергілікті бюджеттен осы мақсатқа шамамен 1 млрд-тай теңге бөлінген еді. Мердігер ретінде «Еңбек Семей» таңдалған-ды. Бірақ жаңғырту жұмыстарын аяқтау мерзімі тақағанда, мердігер әкімдіктен қосымша ақша сұраса керек. Бұған жергілікті атқарушы билік үзілді-кесілді қарсылық танытқан. Тиісті құрылысты соңына дейін жеткізу үшін жергілікті депутаттар қаланы сол кезде басқарған Нұрымбет Сақтағановтан қосымша 30 млн теңге бөлуді сұрапты. Десе де экс-әкім жобаға сәйкес қажетті сома бөлінгенін және бұл қаражаттың әр тиыны қалай игерілгені майшаммен тексерілетінін жеткізген болатын.
«Біріншіден, төселген тас төсемшелерінің сапасы мен саны күмән тудырады. Мысалы, жобада 14 646 шаршы метрі төленуі керек деп көрсетілсе, өлшегенде – 13 мыңдай метрі анықталды. Яғни мыңдаған шаршы метр жеткіліксіз. Велосипедке арналған жол қарастырылмаған. Суару жүйесінің қондырғысы жұмыс істемейді. Басқа да мәселелер бар. Осының бәрін белгілеп, сотқа және қосымша құқық қорғау органдарына беріліп отыр. Олар осы мәселемен айналысатын болады», деген еді қаланың бұрынғы әкімі.
Сенімгерлік басқаруға беру ұсынылды
Өз алдына облыс болып, қала әкімшілік орталыққа айналғанда өңір басшылығына тағайындалған Нұрлан Ұранхаев бірінші кезекте осы саябақтың қызметімен танысты. Жағдайдан хабардар болған облыс әкімі орталық саябақтың жұмысын жолға қою үшін оны бизнеске, сенімгерлік басқаруға беруді ұсынды. Өңір басшысының айтуынша, мұндай тәжірибе басқа қалаларда кең қолданыста және өзін ақтап келеді.
«Кез келген жағдайда бизнес бұл жерді әлдеқайда жақсы дамытады деп ойлаймын. Әрине, саябаққа кіру ешқашан ақылы болмайды. Оған уәде беремін. Бұл мүмкін емес. Себебі бұл мемлекеттік жер, мемлекеттік саябақ. Сондықтан ақылы болмайды және жекеменшікке де берілмейді. Басқарушы компания тендер арқылы конкурстық негізде таңдалады», деді Н.Ұранхаев.
Тізбектей берсек, шаһарда қоғамдық орындарға байланысты өзекті мәселе көп. Ертіс өзенінің қос жағалауы заманауи демалыс орнына сұранып-ақ тұр. Десек те 2017-2018 жылдары аралығында сол жағалауда жүргізілген жаңғырту жұмыстары көңіл көншітерліктей деп айту қиын. Ал оған шамамен 350 млн теңгедей қаражат жұмсалса керек. Әсіресе кешкі уақыттағы жарық жүйелерінің сапасына байланысты мәселе аз емес. Қош, сонымен жаңадан құрылған облыс әкімдігі жоғарыдағы қордаланған проблемаларды шешіп, еліміздің рухани орталығына баланған Семейдің көркіне жан бітеді деген үміттеміз.
СЕМЕЙ