• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2010

ДАРЫНДЫЛАР ЖЕКЕ-ДАРА ШЫҚТЫ

477 рет
көрсетілді

Осы айда бокстан еліміздің ересектер және жастар құрама командалары екі бірдей ірі халықаралық турнирлерге қатысты. 11-17 мамыр күндері ересектер арасында Украинаның Херсон қаласында өткен Николай Ман­ге­раны еске алуға арналған турнирде Қазақстан ұлттық құрамасы төрт ал­тын, бір күміс және үш қола жүл­дені мойындарына тағып қайт­ты. Бұл бәсекеде алтын медальді Ілияс Сүлейменов (48 кг.), Алмасбек Әлібеков (64 кг.), Алмат Серімов (81 кг.) және 91 килодан жоғары салмақта Досжан Оспанов иеленсе, бір күміс жүлдені 60 килода күш сынасқан Ғани Жайлауов жеңіп алды. Сонымен бірге, Хабибулла Исмаил-Ахунов (51 кг.), Міржан Рақымжанов (54 кг.) және Думан Әлімов (57 кг.) қола медальге қол жеткізді. Осы турнирде жасы орда бұзар жасқа келіп қалса да Семей бокс мектебінің түлегі М.Рақымжанов­тың жекпе-жектерді жоғары дең­гейде өткізіп, жанкүйерлерге жақ­сы қырынан көрінгенін атап өту жөн. Ол турнир басталысымен өзі­нің тактикасын ұтымды пайдала­нып, ақтық сынға дейінгі қарсы­лас­тарының бәрін айқын басым­дық­пен жеңді. Сонымен бірге, турнирде алтын жүлдеге ие болған боксшылармен қатар, күміс медаль иеленген жамбылдық Ғ.Жайлауов­тың да шаршы алаңда жақсы өнер көрсеткенін атап өтуге болады. Енді Мырзағали Айтжанов жаттықтыратын еліміздің бас командасы алдағы жарыстарға қа­тысу үшін оқу-жаттығу жиын­да­рын одан әрі жалғастыратын бо­лады. Осы орайда Қазақстан бокс федерациясының басшысы Тимур Құлыбаевтың қазір ұлттық құра­маның ірі халықаралық турнирлер мен жарыстарға жақсы дайын­дықпен баруларына зор көңіл бө­ліп отырғанын атап өтсек артық бол­мас. Құраманың бас бапкерінің айтуынша, Бокс федерациясының тізгінін Тимур Құлыбаев ұстағалы бері еліміздің барлық өңірлерінде спорттың осы түрін дамытуда жаңа жобалар іске қосылып, ұлттық және жастар құрамасының дайын­дығы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Тағы бір атап өтетін нәрсе, 9-14 мамыр аралығында Алматыда Ке­ңес Одағының Батыры, армия ге­не­ралы, Халық Қаһарманы Са­ға­дат Нұрмағамбетовтің жүлдесі үшін өткен XV халықаралық тур­­нирде қазақ боксшылары 11 сал­мақ­тың бәрінде жүлде алды. Бұдан басқа, Алматыдағы айқасқа қатысу үшін Қытай, Қырғызстан, Моң­ғо­лия, Тәжікстан, Түркіменстан, Өз­бекстан мен Украина құрамалары жиналған бәсекеде отандас­та­рымыз 8 күміс және 11 салмақтың бәрінде қола медальді иеленді. Мұн­да 91 килодан жоғары салмақ­­та шаршы алаңға көтерілген Рүс­тем Іргебаевтың да күміс жүлдені еншілегенін атап өтуге болады.