АСТАНА. 6 мамыр. Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифингте Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев KazSat-3-тің алдағы қыркүйектен бастап іске кірісетінін жеткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Талғат Мұсабаевтың айтуынша, шамамен биылғы мамыр айының ортасында аталған жер серігі орбитадағы тиісті нүктесіне жетуі тиіс. Содан соң ұшу-конструкторлық, тіркеу сынақтары жүргізіліп, алдағы қыркүйекте оны эксплуатацияға қабылдайды.
Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы ғарыш саласында атқарылған жұмыстар нәтижесінде еліміз байланыс және ақпарат тарату секілді стратегиялық маңызды бағытта өзгеге тәуелсіз болғанын атап өтті.
Естеріңізде болар, 28 сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан KazSat-3 үшінші ұлттық геостационарлық хабар тарату және байланыс жер серігі сәтті ұшырылған. KazSat-3-те Қазақстан аумағын байланыс қызметімен қамтамасыз ете алатын Ku-диапазонды 28 транспондер орнатылған. Ғарыш аппаратының жұмыс істеу мерзімі 15 жылдай.
Сондай-ақ, брифингте Талғат Мұсабаев 2017 жылы еліміздің тағы бір азаматы ғарышқа ұшуы мүмкiн деп мәлiмдедi. Ол осыған байланысты: «Бiз өте күрделi және нақты шараларды қолға алып отырмыз. Келiссөздер жүргiзiлуде және оң шешіліп жатыр... Бiз 2017 жылы осындай игі істің жүзеге асуы мүмкiн деп алдын ала айта аламыз», – деді.
Бұдан бөлек, Талғат Мұсабаев Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау шеңберінде агенттіктің жүргізіп отырған жұмысы туралы айтты. Нақтылай айтқанда, ол ведомство қызметінің екі стратегиялық бағыты жөнінде сөз етті: біріншісі – «Ғарыш инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту», екіншісі – «Ғылым және ғылыми-технологиялық базаны дамыту».
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: Lenta.kz.