АСТАНА. 6 мамыр. Орталық коммуникациялар қызметінде отандық NOMADS онлайн-ойынының тұсаукесері болды. Бұл туралы gazeta.kz хабарлады.
NOMADS-та халқымыздың тарихы мен таным-түсінігі, әдет-ғұрпы сәтті қамтылған.
Бұл алғашқы отандық браузерлік ойынның тұсаукесерінде KazBussinesMedia қоғамдық қоры кеңесінің төрағасы Асқар Омаров: «Бүгінде ғаламторда онлайн-ойындар өте көп, алайда, ұлттық өнім жоқ. Сондықтан да, өткен жылы Әсет Оспанов деген бауырымыздың ойына қазақ тіліндегі браузерлік ойынды құрастыру идеясы келеді. Содан, біздің KazBussinesMedia қоры бұл бастаманы қолдап, ойынды құрастыруға кірістік. Ол толығымен ежелгі түркілер мен қазақтардың тарихына негізделген. Оны қазақстандық мамандар жасады. Шетелдіктер тартылған жоқ», – деді.
Тұсаукесер рәсімінде белгілі болғандай, 2 ай бұрын әлеуметтік желілерге ілкі нұсқасы шығарылған бұл ойын қазақ және орыс тілдерінде дайындалған. Ал оның өзбек және қырғыз тілдеріндегі нұсқаларын жасап, Орталық Азияның интернет кеңістігіне шығу жоспарда қарастырылыпты. Сондай-ақ, бұған башқұрттар да қызығушылық танытуда. Олар ойынды өз тілдеріне аударуға ниет білдіруде.
Жиында Әсет Оспанов ойынды қалай бастау керектігін үйретті. Мұнда қазақтың қару-жарақтары дәл қалпында, компьютерлік нұсқада жасалған. Ойынды әзірлеушілер оны әлі де жетілдіре түсеміз деп отыр.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: gazeta.kz.
Фото: vk.com.