6 тамыз күні Орал қаласында кәсіпкерді пышақтап өлтіріп, қашып кеткен қос күдікті біржарым тәуліктен кейін қолға түсті. Арнаулы жасақ пен полиция қызметкерлері оларды Телеорталық аумағындағы Көктем саяжайынан 8 тамыз күні таңертеңгі сағат 10:30-да ұстаған.
Тамыздың 6-сы күні кешкі сағат 19:55 шамасында Орал қаласындағы Исатай-Махамбет көшесінің бойындағы «Рахат-Лукум» караоке-мейрамханасында белгісіз екі адам 1973 жылы туған кәсіпкер азаматты пышақтап кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желіге тез тарады. Алған жарақатынан Атоян атындағы стадион маңында қайтыс болған кәсіпкердің есімі Еркін Мұқанғалиев екені, «Гүлшетай» (бұрынғы «Астория» мейрамханасы) кафесі мен «Махаббат» мейрамханасының иесі болғаны айтыла бастады.
Көп кешікпей-ақ бейнебақылау камерасынан оқиғаның қалай болғаны анық көрінді. Қара киім киген қос жігіт пен кәсіпкер бір үстелдің басында әуелі қарама-қарсы отырады. Күдіктінің бірі орнынан тұрып, кәсіпкердің жанына тықсыра жайғасады, кәсіпкер ығысып, орнынан тұрған сәтте екіншісі – қаба сақалды, шолақ шалбарлы жігіт кішкене сөмкеден пышаққа ұқсас нәрсені суырып алып, оң қолымен мойын тұсынан сілтеп қалады. Соққының жедел әрі дәл болғаны сондай, бейнежазбада айналаға шашыраған, ытқып шыққан қан «фонтаны» анық көрінген. Қаскөйдің бірі оқиға орнына келген мейрамхана қызметкерін қақпайлап, көмекке жібермесе, екіншісі кәсіпкерге тағы да бірнеше соққы жасайды.
Бұдан кейін көшедегі бейнебақылау камерасы қара киімді қос жігіттің қашып бара жатқан бейнесін жазып алған. Алғашқы бейнежазбадағы пышақ сілтеген қаба сақалды, шолақ шалбарлы жігіттің екі қолы қып-қызыл қан екені анық көрінеді.
Әрине, полиция қызметкерлері болған оқиғаға орай Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша іс ашылып, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті. Күдіктінің бірі сақалды, шолақ балақты болғанына қарап, халық арасында кісі өлтірушілерді деструктивті діни ағам өкілдері екен деген қауесет желдей есті. Бірақ Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті қылмыстың астарында тұрмыстық келіспеушілік жатқанын, нақтырақ айтқанда, жалақы мәселесінен туғанын хабарлады. «Куәгерлердің көрсетуіне қарағанда, кісі өлтірудің негізгі себебі – тұрмыстық себептен, яғни төленбеген жалақы мәселесінен туындаған. Күдіктілердің уаххабизм немесе басқа да теріс діни ағымдардың радикалды идеяларын ұстанғаны немесе таратқаны туралы мәлімет жоқ», делінген полиция таратқан ақпаратта.
Күдіктілердің кім екені және фотосуреті кешікпей-ақ мәлім болды. Батысқазақстандық полиция 7 тамыз күні аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 1991 жылы туған Руслан Қожантаев пен 2001 жылы туған Тұрлан Амангелдіге іздеу жариялады. Олардың суреті облыстың бүкіл ауданына және көршілес өңірлерге, тіпті Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарына да таратылды. Әсіресе Орал қаласының іргесіндегі саяжайлар әскер мен құқық қорғау қызметкерлерінің күшімен қоршауға алынып, жол бойында көліктерді тексеру басталды. Жарық күнде, халықтың көз алдында, асқан қатігездікпен жасалған қылмыс жұртты шошытып, қоғам наразылығын тудырды. Оралдағы осынау қылмысты жедел ашу мәселесін республика Ішкі істер министрі өз бақылауына алды.
«Қылмыс жасалған сәттен бастап Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жеке құрамы түгел жұмылдырылып, күдіктілерді құрықтау үшін кең көлемде жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп, қылмыс орнына жақын жерде орналасқан барлық бау-бақша, саяжай тексерілді. 2022 жылдың 8 тамызы күні сағат 10:30 шамасында Орал қаласы Көктем саяжайында осы қылмысты жасаған күдіктілер – 1991 жылы туған және 2001 жылы туған екі азамат құрықталып, полиция департаментіне жеткізілді», деді Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин.
Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-тармағы бойынша айып тағылған, бұл қылмысқа 20 жылдан өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған.
Оралдағы оқиға әлеуметтік желілерде ерекше талқыланып жатыр. Кейбір желіде марқұм кәсіпкерді «кісі ақысын жейтін, жұртқа жағымсыз тұлға» ретінде қоғамдық пікір қалыптастыру әрекеті де байқалып қалады. Тағы бір нұсқада «мейрамханада кәуап пісіруші болып қызмет еткен күдіктінің үнемі айналасына радикалды идеяларды таратып, әріптестерімен тіл табыса алмағаны үшін жұмыстан қуылғаны» туралы әңгіме айтылады. Көпшіліктің пікірі «теріс дін өкілдеріне мемлекет тарапынан қашан тоқтам болады?!» деген талап-тілекке толы. Қалай болғанда да Орал қаласында болған осынау жантүршігерлік кісі өлімі терең зерттеуді күтеді. Соның ішінде тергеу орындары оқиғаның себебі мен салдарын жасырмай, жалпыға жариялауы керек-ақ.
Батыс Қазақстан облысы