Екінші деңгейлі банктердегі стрестік активтерден арылу үшін жақында ғана заңға өзгерістер енгізіліп, енді заңды тұлға мен кәсіпорындардың «улы» кредитін жеке инвесторлар да сатып алу мүмкіндігіне ие болған еді. Жалпы алғанда, мемлекет стрестік активпен күреске белсене кірісті. Өйткені жұмыс істемей тұрған несиелер банкке де, экономикаға да үлкен зиян шеккізеді. Түпкі зардабы ауыр болар түйткілмен қаірден бастап айналысқан абзал. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы 5 жылда қаржы институттарындағы стрестік активтер көлемінің айтарлықтай қысқарғанын айтады.
Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, қазір стрестік активтердің көлемі сектордың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді. Сол себепті басты міндет ретінде «стрестік активтерді өткізудің нарықтық тетіктерін дамыту» жоспары алға шықты.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында стрестік активтер деңгейін төмендету жөніндегі жұмыстың аса маңыздылығын атап өтіп, бұғатталған активтерді экономикалық айналымға қайтару қажет, алайды ол нарықтық негізде ғана жүзеге асырылуға тиіс деген еді.
2017 жылдан бастап Қазақстанда стрестік активтерді төмендету бойынша түбегейлі шаралар қабылданды. Нәтижесінде банк секторының стрестік активтерінің мөлшерін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік туды, бағалау бойынша 2017 жылдан банк жүйесі негізінде стрестік активтердің мөлшері 7,7 трлн теңгеден 2022 жылдың ортасына 2,4 трлн теңгеге дейін төмендеген.
«Өткен жылдарда банк секторында жинақталған жұмыс істемейтін активтердің жоғары көлеміне байланысты проблемалардың басым бөлігі шешімін тапты немесе реттеу процесінде. 2021 жылдың басында стрестік активтердің банктер мен САБҰ-ның балансында болуын 5 жылға дейін шектейтін реттеу шаралары қабылданды, сондай-ақ САБҰ-ның проблемалық қарыздарды басқару және есептен шығару бойынша, оның ішінде шетелдік капиталмен бірлескен кәсіпорындар құру арқылы өкілеттіктері кеңейтілді. Аталған шаралар проблемалық активтерді қалпына келтіру процесін жеделдетуге және оларды одан әрі іске асыруға ықпал етеді. Инвесторлар үшін стрестік активтердің тартымдылығын арттыруға провизияларды қалыптастыру практикасын жетілдіру және кепіл мүлкін бағалау қажеттілігін көрсеткен, 2019-2020 жылдары жүргізілген сапаны тәуелсіз бағалау (AQR) нәтижелері бойынша қабылданатын шаралар ықпал ететін болады», дейді О.Қизатов.
Осыған байланысты банктер өздерінің бизнес-процестерін жақсарту бойынша түзету шараларының жоспарын әзірлеп, агенттікпен келіскен.
«Сондай-ақ агенттік банктердің өзінің кредиттік портфельдері бойынша провизияларды уақтылы және толық қалыптастыруға бағытталған реттеуші талаптарға өзгерістер қабылдады. Бұл талаптар 2022 жылдан бастап қолданылады. Реттеу шараларына қосымша стрестік активтердің деңгейі жоғары банктермен жұмыс күшейтілді, олармен 2026 жылға қарай стрестік активтерді кезең-кезеңімен 0,9 трлн теңгеге дейін қысқарту жөніндегі шараларды іске асыру ұйғарылатын жеке жоспарлар келісілді. Аталған банктер кепілдерді өтеу, сату, қарыздарды есептен шығару және сапасын жақсарту есебінен, оның ішінде проблемалық қарыздарды 694 млрд теңге сомасына есептен шығару есебінен іс-шаралар жоспарын 1 трлн теңгеге немесе 55%-ға орындады», дейді агенттік өкілі.
Сонымен қатар биыл банктер жеке тұлғалардың проблемалық қарыздарының ағымдағы деңгейін төмендету бойынша жеке жоспарлар жасаған. Банктер реттеу жөніндегі іс-шаралармен шамамен 630 мың қарыз алушыны, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 84,7 мың қарыз алушыны қамтуды жоспарлап отыр. Салықтық шаралар шеңберінде 2020 жылы салық заңнамасына банк оның берешегін есептен шығарған кезде заңды тұлғаларды салық төлеуден босатуды, сондай-ақ ПКҚ-дан стрестік активтерді сатып алатын инвесторлардың салықтары бойынша шығыстарды азайтуды көздейтін түзетулер қабылданды.
Қабылданған шаралар реттеушінің активтердің әділ құнын бағалау практикасын, банктердің стрестік активтермен жұмысы бойынша талаптарды жақсарту жөніндегі кешенді жұмысының бір бөлігі болып саналады, бұл жиынтығында барабар нарықтық құнды және мәмілелердің ашықтығын қалыптастырады.
«Біздің бағалауымыз бойынша, стрестік активтердің орташа мөлшері 2022 жылы шамамен 2,4 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6,1%-ын құрайды. Жұмыс істемейтін кредиттердің үлесі банк секторының жиынтық несие портфелінің 3,6%-ын немесе 0,8 трлн теңгеге тең. Осылайша, қазіргі уақытта банк жүйесі бойынша стрестік активтердің деңгейі Қазақстанның қаржы секторының қаржылық тұрақтылығы үшін қауіп төндірмейді. Алайда банктер мен САБҰ-ның баланстарында проблемалық кредиттерді, сондай-ақ экономикалық айналымға тарту қажет жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, өндірістік нысандар мен жабдықтар түріндегі өндіріп алынған мүлік кіретін стрестік активтердің әлі де айтарлықтай көлемі сақталған. Осыған байланысты негізгі басымдық – нарық жағдайында стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту болып саналады. Бұл банктерді стрестік активтер деңгейін неғұрлым белсенді төмендетуге ынталандыратын және босатылған капиталды экономиканы кредиттеуге жұмсайтын болады», деп түсіндірді О.Қизатов.
Мамандардың айтуынша, стрестік активтердің ағымдағы көлемі – нарыққа әлеуетті инвесторлардың кіруі үшін тартымды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, стрестік активтер нарығының толыққанды жұмыс істеуі үшін бірқатар реттеуші, салықтық және заңдық кедергілерді жою қажет, соның салдарынан стрестік активтерге сұраныс пен ұсыныс арасында баға алшақтығы пайда болады.
2020-2021 жылдары агенттік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық ұйымдар мен консультанттарды тартумен стрестік активтердің өтімді нарығын құру үшін реттеушілік, салықтық және құқықтық кедергілердің және қажетті талаптардың экономикалық және заң тұрғысынан талдауын жүргізді және оларды жою бойынша ұсынымдар әзірледі. Әзірленген ұсынымдарын ескере отырып, агенттік Ұлттық банкпен және Үкіметпен бірлесіп 2021 жылғы қыркүйекте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын әзірледі. Заң қаржы секторын нарықтық қағидаттарда стрестік активтерден тазартудың тұрақты тетіктерін құруға және оларды экономикалық айналымға тартуға бағытталды.
Ол заңға Мемлекет басшысы биыл 4 шілдеде қол қойды. Оның ережелері 2022 жылғы 4 қыркүйекте қолданысқа енгізіледі.
«Қазақстан активтерді қалпына келтіруге және оларды экономикалық айналымға тартуға мүдделі инвесторлардың кең ауқымының стрестік активтер нарығына кедергісіз қол жеткізуі үшін жағдай жасауы қажет. Сонымен қатар қазақстандық банктерге және микроқаржы ұйымдарына қарыздар бойынша талап ету құқықтарын рұқсат берілген сатып алушылар тізіміне енгізілмеген, кез келген заңды тұлғаларға беруге тыйым салынды. Бұл мәселені шешу үшін халықаралық тәжірибе зерттелді. Атап айтқанда, ЕО елдерінде, жалпы алғанда, қарыздар бойынша талап ету құқықтарын басқаға беруге немесе сатуға елеулі шектеулер жоқ. Қарыздарды сату да, оларды қайта табыстау да тек реттелетін субъектілердің қызметі болып табылмайды. Алайда кредиттеудің өзі және қарыздарға қызмет көрсету кредиторлар мен қарыз алушылар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ететін талаптар қолданылатын қызмет түрлері болып есептеледі. Осыған байланысты заңда жеке инвесторларды қосу арқылы стрестік активтерді уәкілетті сатып алушылардың қолданыстағы тізімін кеңейту көзделеді», деп түсіндірді Олжас Қизатов.
Бұл ретте қарыз алушы жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін стрестік активтерді сатып алуға құқығы бар тұлғалардың тізімін кеңейту заңды тұлғаларға берілген проблемалық қарыздарға, кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру үшін жеке тұлғаларға ғана қатысты болады, яғни Заңда жеке тұлғалардың кредиттерін жеке инвесторларға сату көзделмеген.
Инвесторлардың стрестік активтердің жергілікті нарығы жөнінде жеткілікті білімінің және (немесе) стрестік активтерге қызмет көрсету үшін қажетті операциялық және техникалық ресурстарының болмауы мүмкін. Осыған байланысты стрестік активтердің кез келген нарығын дамытуда «сервистік компаниялар» яғни стрестік активтерге қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және стрестік активтердің меншік иелеріне мерзімі өткен берешекті өндіріп алуға байланысты қызметтердің бүкіл спектрін көрсететін компаниялар шешуші рөл атқарады.
Заңда инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсететін сервистік компаниялар құру көзделеді. Жұмыс істемейтін кредиттерді жеке инвесторларға сату кезінде сервистік компаниялардың қызметін енгізу маңызды, себебі бұл компаниялар проблемалық қарыз алушылармен жұмыс бойынша тиісті жұмыс тәжірибесіне және құзыретке ие болады.
Тағы бір басым міндет – стрестік активтерді сату үшін толыққанды инфрақұрылым құру және стрестік активтерді сатып алу мен сатудың қайталама нарығын қалыптастыру. Қазір осы мақсатта агенттік Ұлттық банкпен және Үкіметпен бірлесіп, Еуропа қайта құру және даму банкінің техникалық қолдауымен барлық мүдделі инвесторлар мен стрестік активтерді ұстаушылар үшін ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін стрестік активтерді сатып алу және сату жөніндегі бірыңғай платформаны құру бойынша жобаны іске асыруда. 2022 жылдың соңына дейін операциялық модель және оператор ұйымы белгілі болады, ол кейіннен электронды платформаның жұмыс істеуіне техникалық қолдау көрсетеді. Бұдан басқа, электронды платформаны құру үшін қажетті заңнамалық өзгерістер айқындалмақ.
«Стрестік активтерді сатып алу және сату жөніндегі бірыңғай платформа нарықтың ашықтығын арттыруға, стрестік активтерді сатып алуға мүдделі инвесторлардың базасын кеңейтуге, сондай-ақ стрестік активтерді сатып алу мен сатудың қайталама нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді», деп қорытындылады Олжас Қизатов.