• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2014

Отан қорғау – қасиетті борыш

723 рет
көрсетілді

7 мамыр – Отан қорғаушы күні

Мінсіз қызмет мемлекет мерейін өсіреді

Кеше, Отан қорғаушы күні қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқару кезінде батылдық пен жанқиярлық көрсеткен бір топ әскери қызметшілер, құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Наградаларды тапсыру салтанатына ел Президентінің өзі қатысты. Салтанатты рәсім кезінде Пре­зидент: «Бүгін еліміздің Қару­лы Күштерінің мемлекеттік мере­кесі қарсаңында Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбас­шысы ретінде мен сіздерді жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттауға шақырып отырмын. Бұл – мемлекеттің Отан алдындағы мінсіз қызметтеріңізді бағалағаны. Біздің халқымыз бейнеттің де зейнеті бар дейді. Сіздердің еңбектеріңіз жанды. Мемлекет міне, сол қажырлы еңбектеріңізді бағалап отыр. Өздеріңізге ордендер мен медальдар тапсыру арқылы мемлекет сіздерге өзінің ризашылығын және бағасын береді. Әрине, сіздер тек қана марапат үшін қызмет етпейтіндеріңізді білеміз. Дегенмен, еңбектеріңіз елену керек. Сіздер елдің тәуелсіздігін, азаматтардың бейбіт өмірі мен тыныштығын қорғап жүрсіздер. Біз өздеріңізге қарап, Қазақстанның жарқын болашағына сенеміз. Атқарған еңбектеріңізбен, жүріс-тұрыстарыңызбен жастарға үлгі болып, әскери және қызметтік парызды абыроймен атқарып, Отанға қалтқысыз қызмет етіп келесіздер. Сол үшін барша Қазақстан халқы атынан ризашылығымызды біл­діреміз», деді. Осылай дей келе, Елбасы мемлекет мүддесін биік қойып, асқақ мұраттарға адал еңбек ету – әрбір патриоттың ісі екенін жеткізді және қазақ халқының өткенді өнеге, бүгінді қастер тұтатын, ер­тең­гі күнге үмітпен қарайтын ха­лық екеніне, демек, асыл арманды қа­жыр­лы еңбек, батыл әрекет ар­қы­лы жүзеге асыратынына тоқ­талды. Сондай-ақ, Қазақстан Прези­денті өзінің сөзінде марапатталған әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында өз өмірлерін қатерге тігіп, адамдарды құтқарып қалған азаматтар бар екенін де айтып өтті. «Сіздер тек өз қызметтеріңізді ғана емес, азаматтық борыштарыңызды да абыроймен атқардыңыздар, жастарға үлгі болдыңыздар. Өмірде ерлікке әрдайым орын бар екенін дәлелдедіңіздер. Араларыңызда күш-қуаты мен уақытын аямастан өз қызметінде ұдайы үздік нәтиже көрсете отырып, ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп келе жатқандар да бар. Отанға қалтқысыз қызмет – азаматтық ерлік пен жанқиярлылықтың шынайы көрінісі. Баршаңыз еліктеуге, үлгі алуға лайықтысыздар, сіздерге қарап жастар бой түзейді. Сіздердің істеріңіз – өз халқын сүюдің және оған адал болудың үздік үлгісі», – деді бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев. Салтанатты рәсім кезінде Мем­лекет басшысы болашақта мара­пат алғандарға зор жауапкер­шілік жүктелетінін, олар азамат­тары­мыздың бейбіт өмірін қорғай жүріп, өскелең буынға үлгі бо­луға тиіс екенін де айтты. Соны­мен, бұл күні Қорғаныс, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар ми­нистрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, «Сырбар» сыртқы барлау қызметі, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы), Бас прокуратура және «Қазақстанның ішкі істер органдары мен ішкі әскерлері ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұсыныстары бойынша барлығы 60 адам түрлі марапатқа ие болды. Мәселен, әскери және қыз­меттік борышын үлгілі атқарғаны, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайтуда көрсеткен ерлігі, қажырлылығы үшін марапатталған азаматтар ішінде ІІ дәрежелі «Даңқ» ор­де­німен 8 адам, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 14, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 7, «Құрмет» орденімен – 2, «Ерлігі үшін» медалімен – 8, «Жауынгерлік ер­лігі үшін» медалімен – 18, «Ерен еңбегi үшiн» медалімен 1 адам марапатталып, Қазақстан Рес­публикасының Құрмет грамотасымен 2 адам атап өтілді. Ал салтанатты рәсім барысында ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полиция­сы) төрағасының орынбасары Ма­рат Ахметжанов, Ішкі істер ми­нистрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Бауыр­жан Бердалин, Қорғаныс ми­нистрлігі 68665-әскери бөлімінің командирі Алмаз Джумакеев, Ақмола облысының прокуроры Мұратбек Исәділов, Төтенше жағ­дайлар министрлігінің Ас­тана қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бас­тығы Мейрам Ысқақов және Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қол­басшысы Нұрлан Орманбетов марапатталды. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Мемлекеттік күзет қызметі бас­тығы аппаратының басқарма бас­тығы Раушан Жамбылова, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департамент бастығының бірінші орынбасары Сергей Климчук, Қорғаныс министрлігі 14776-әскери бөлімі командирінің орынбасары – бөлім орталығының бастығы Арыстан Мұ­қатаев, Ұлттық қауіпсіздік ко­­ми­теті Шекара қызметі жеке авиа­­циялық эскадрильясының ко­мандирі Ерболат Смағұлов марапатталды. ІІІ дәрежелі «Айбын» орде­німен Ішкі істер министрлігі Іш­кі әскерлер «Оңтүстік» өңірлік қол­басшылығы 7552-әскери бөлі­мі атқыштар батальонының бө­лімше командирі Жандос Баян­баев, Қорғаныс министрлігі 53898-әскери бөлімі авиациялық эс­кадрильясының (жеңіл реактивті ұшақтар) аға авиация механигі Батыржан Мойнов, Төтенше жағ­дайлар министрлігі Ақмола об­лысы төтенше жағдайлар де­пар­таменті «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Көкшетау қаласы №1 мамандандырылған өрт сөн­діру бөлімінің жүргізушісі Юрий Новосельцев, 0112-әскери бө­лімінің бөлімше командирі Ғалымжан Тойшыбаев наградталды. «Ерлігі үшін» медалімен Қорғаныс министрлігі 64471-әс­кери бөлімінің аға офицері Ол­жас Баукен, Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ өрт сөндіру кезекші қызметі жетекшісінің көмекшісі Мақсат Дүйсенбаев, Павлодар облысы ішкі істер департаменті Павлодар қаласы ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының взвод командирінің орынбасары Есен Нұрғалиев, ал «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Қорғаныс министрлігі 74884-әскери бөлі­мінің командирі Арман Асан­бай, Қорғаныс министрлігі 65229-әскери бөлімі авиациялық эс­кадрильясы (әскери-көліктік авиа­ция) командирінің орынбасары Дмитрий Гроц, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қостанай облысы бойынша департаментінің басқарма бастығы Юрий Евдокимов марапатталды. Марапатқа ие болған азаматтар өз кезегінде Қазақстан Пре­зидентіне жоғары сенімі мен қолдауы үшін алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, елімізге қалтқысыз қыз­мет етуге, кәсіби деңгейі мен шеберліктерін арттыруға, мем­лекеттің егемендігі мен Қазақ­станның бейбіт аспанын қорғауға әрқашан әзір екендіктерін жет­­кізді. Мәселен, Қорғаныс ми­нистрлігі 68665-әскери бөлімінің командирі Алмаз Джумакеев өздеріне көрсетілген сенім үшін Елбасына алғысын білдіре отырып, мемлекет пен оның халық үшін жанқиярлықпен еңбек ете­тіндіктерін жеткізді. Ал Қазақ­станның Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қол­басшысы Нұрлан Орманбетов Елбасына қарата айтқан сөзінде: «Сіздің қолыңыздан жоғары мем­лекеттік марапатты алу – мен үшін үлкен абырой. Біз, әуе қорғанысы күштерінің жеке құрамы Сіздің артқан сеніміңізді ақтаймыз», десе, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 7552-әскери бөлімі атқыштар батальонының бөлімше командирі Жандос Баянбаев Отанға қалтқысыз қызмет етуге әр уақытта дайын екендіктерін жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».