• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2014

Оппозиция серкесі – ел президенті

303 рет
көрсетілді

Шарайна

Хуан Карлос Варела Панама оппозициясының серкесі болып табылады. Сайлау нәтижелері жария етілген соң оның Панама президенті болғаны анықталды. Панаманың Оңшыл центристік партиясының өкіліне сайлаушылардың 39 пайызы өз дауыстарын берген. Ал билеуші Демократиялық өзгерістер үшін партиясының өкілі Хосе Доминго Ариас Вареладан шамамен 8 пайыз дауыс аз жинаған. Панамадағы сайлаудың бір ерекшелігі – мұнда сайлаушылардың ең көп дауысын алған үміткер жеңіске жетеді. Оның пайыздық үлесі еш рөл атқармайды. Варела – қазір Панаманың вице-президенті. Ол сайлауда жеңіске жетсе, экономикалық өсім бағытын жалғастыруға уәде берген болатын. Оның сайлауалды бағдарламасында, сондай-ақ, инфляцияны төмендету мен кедейлікті азайту бар. Премьер сот алдында жауап беруде Тайланд премьер-министрінің міндетін атқарушы Йинглак Чинават Корольдіктің конституциялық соты алдында жауап берді. Оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Егер Чинават кінәлі деп табылатын болса, онда министр­лер кабинеті отставкаға кетеді. Чинаваттың іс-әрекетіне оппозицияшы-сенаторлар тобы шағымданыпты. Олар Тайланд ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Тавил Плиенсриді отставкаға жіберіп, үкімет басшысының міндетін атқарушы өзінің өкілеттігін асыра пайдаланғанына сенімді. Сенаторлар, сондай-ақ, Чинават мұндай қадамға бақай есеппен барды деп есептейді. Сот алдында жауап берген премьер-министрдің міндетін атқарушы өзінің кінәсін мойындаудан бас тартқан. Оның пікірінше, үкімет басшысы ретінде ел мүддесіне сәйкес қандай шешім қабылдаса да құқылы. Обама форумға бойкот жариялады Ақ үй америкалық корпорацияларды Санкт-Петербургте өтетін халықаралық форумға қатысудан бас тартуға шақырды. Бұл жерде әңгіме аса ірі энергетикалық, қаржылық және өнеркәсіптік компаниялар туралы болып отыр. Мәселен, Alcoa, Goldman Sachs, PepsiCo, Morgan Stanley және ConocoPhillips сияқты алыптар қазірдің өзінде форумға қатысудан бас тартып үлгерген. Бұған президент Обаманың кеңесшілерінің белсенді үгіті себеп болған секілді. Обама әкімшілігі өзінің белсенді әрекетінен кейін іс жүзінде АҚШ-тың ірі компанияларының бәрі форумға бармайтынынан үмітті.   Дегенмен, кейбір компаниялар басшылары 22-24 мамыр күндері өтетін форумға төменгі шендегі қызметкерлерін болса да жібермек көрінеді. Әйтпесе олардың жоғалтатыны көп болмақ екен. Өлтірілгені өтірік болып шықпасын Ұлттық баскетбол ассоциациясының бұрынғы ойыншысы Деннис Родман өткен жылдың тамызында және желтоқсанында өлтірілген  Солтүстік Корея­ның басшысы Ким Чен Ынның жездесі мен оның дос әйелін тірі­дей көргенін айтқан. Мұны баскет­болшы Dujour басылымына сұхбатында хабарласа керек. Солтүстік Корея туралы қандай әңгіме айтылмасын, адамдар соған сенеді. Соңғы рет мен сол елде болғанымда Ким Чен Ынның жездесі мен оның дос әйелінің өлтірілгені туралы әңгіме желдей ескен-тұғын. Бірақ мен әлгі екеуінің қасында тұрдым, деп мәлімдеген Родман. Мұнан бөлек, Родман Ким Чен Ынның АҚШ президенті Барак Обамамен кездесіп, Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы туралы келіссөздер жүргізгісі келетінін көлденең тартқан. Баскетболшының айтуынша, Солтүстік Корея бейбіт өмір сүргісі келетін шағын ғана ел болып табылады.       Ливияда – жаңа үкімет басшысы Ахмед Маайтик Ливияның жаңа премьер-министрі болды. Енді ол 15 күннің ішінде кабинетті жасақтап, оны бекіту үшін парламентке ұсынуы тиіс. Бұл туралы Жалпыға ортақ ұлттық конгрестің (парламент) спикері Нури Абу Сахмейн жария етті. Маайтик Ливия басшысы Муаммар Каддафи тағынан тайдырылғалы бергі бесінші премьер болып отыр. Оны жақтап парламенттегі 121 депутат өз дауыстарын берген. Премьер болу үшін үміткерді кем дегенде 120 депутат қолдауы тиіс. Осылайша 42 жастағы бизнесмен Ливия тарихындағы ең жас үкімет басшысы атанды. Оның алдындағы премьер Абдалла әл-Тани осы лауазымға бекігеннен кейін 5 күннен соң, яғни 13 сәуірде отставкаға кеткен болатын. Ол бұл әрекетін жоғары лауазымнан өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігі үшін алаңдайтындықтан бас тартатындығымен түсіндірген еді.

Қысқа қайырып айтқанда:

*Дүниежүзі бойынша адам құқы ең көп бұзылатын ел ретінде халықаралық сынға жиі ұшырайтын Солтүстік Корея адам құқын бұзу саласында Америка Құрама Штаттары әлемдік көшбасшы болып табылады деп есептейді. Мұны КХДР басшысы Ким Чен Ын мәлімдеді. *Американың Калифорния штаты жағалаулары мен Тынық мұхитындағы Гуам аралында Ресей ұшақтары байқалған. Бұл туралы АҚШ әскери-әуе күштерінің басшысы Герберт Карлайл хабарлады. Ол, сондай-ақ, Ресей әскери-әуе күштерінің белсенділігі Оңтүстік Корея мен Жапония жағалауларында да күрт өсе түскенін мәлім етіп отыр. *Франция дипломатиялық миссиясының қызметкері Йемен астанасы – Сана қаласының маңында атып өлтірілген. Елшілік­тің тағы екі қызметкері дене жарақаттарын алған. Мұны Йемен ішкі істер министрлігіндегі дерек көзіне сілтеме жасай отырып, «Рейтер» агенттігі хабарлады. *Ұлыбританияның әскери-теңіз күштеріндегі сүңгуір қайықтарда әйелдер қызмет ете бастаған. Мұндай қызметке алғаш болып рұқсат алғандар – лейтенанттар Максин Стайлз пен Александра Олссон және Пенни Тэкрей болып табылады. Олар сүңгуір қайықтағылар үшін арнайы курста дайындықтан өтіпті.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.