Ақтөбе қаласындағы “Қоныс” спорт сарайында Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері, Әлем кубогының екі дүркін иегері, екі мәрте Еуропа чемпионы, КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері Серік Қонақбаевтың жүлдесі үшін бокстан XVІІІ халықаралық турнир салтанатты жағдайда ашылды. Бокс десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлерді, турнирге қатысушыларды Ақтөбе облыстық бокс федерациясының президенті, Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтады.
Турнирге қатысушылар мен көрермендерге айтулы спорт саңлағы, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Қонақбаев жылы лебізін арнады. Осындай шарадан үміт кемесіне отыратын жас ұрпақтың бойында спортқа деген қызығушылық туатынына қуаныштылығын жасырмады. Күні ертең-ақ Ақтөбеден де “сен тұр, мен атайын” саңлақ боксшылар қаулап өсіп шығатынына, әлем чемпионы Галиб Жафаровтың ізбасарлары бұрынғыдан көбейе түсетініне сенім артты. Өзінің атындағы турнирдің еліміздің өңірлерінде кезектесіп өткізілуінің мақсаты да осы екенін жеткізді. Осылай жалпы спортты, соның ішінде боксты насихаттай отырып, жастарды саламатты өмір салтын ұстануға молынан тарту керектігін мәлімдеді. Бокстан өтіп жатқан халықаралық жарыстың бас төрешісі Валерий Лаптев кездесулер кезінде қиянат болмайтынына сендірді.
Турнирдің салтанатты ашылуынан соң алдын ала жекпе-жектер жалғасты. Финалдық кездесулер сенбі күні өткізіледі. Мұнда Қазақстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Армения, Түркіменстан, Өзбекстан, Украинаның, сондай-ақ Қазақстанның барлық облыстарының құрама командалары қатысуда. Жарыстың жүлделік қоры 110 мың долларды құрайды. Турнирдің демеушілері – “Тассай” сауда белгісі, “Дина” супер- маркеттер желісі және “Кеңес” жиһаз үйі.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.