Теңіздегі тыйым салынған байлықтарды заңсыз аулайтындар заң алдында жауапты. Солай бола тұра, оңай олжа іздегендер қарасы әлі үзілді дей алмаймыз.
Мамырдың мерекелі күндеріндегі жаймашуақ демалыста осындай кәсіппен 12 азамат ұсталған. «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының теңіз шекарашылары ұстаған браконьерлердің барлығы да Қазақстан Республикасының азаматтары.
Шекарашылар теңіз үстіндегі олжақұмарларды күнделікті әскери қызмет барысында браконьерлік қызметтің жолын кесу, су ресурстарын қорғау, сондай-ақ «Бекіре-2014» кең ауқымды балық қорғау акциясы аясында қолға түсірген. Олардан «Казанка» типті моторлы 4 қайық тәркіленген және 29 000 метр ау, 13 500 метр қармақ тапқан. Ау мен қармақтың жалпы саны 6 750 дана. Табылған 306 бекіренің 26-сы тірі, 280-і өлі күйінде болған және бұдан басқа бір центнерге жуық балық пен 18 өлі итбалық тәркіленіпті.
Заң бұзғандар енді заңға сай жауапкершілікке тартылатын болады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.