Меншік құқығын қорғау деңгейі бойынша рейтингте Қазақстан 129 елдің ішінде 71-орынға ие. Еліміздің индексі – 5,275. Бұл индекс неғұрлым жоғары болса, елдегі құқықты қорғау деңгейі де соғұрлым жоғары деген сөз.
Рейтингте меншік құқығының негізгі институттары, яғни құқықтық орта мен саяси орта, физикалық және зияткерлік меншік құқықтары сарапталған.
Еліміздегі құқықтық және саяси ортаның субиндексі 3,833-ке дейін төмендеген. Соның ішінде сот жүйесінің тәуелсіздігі – 4,673, құқық үстемдігі – 4,091, саяси тұрақтылық – 3,121, ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша көрсеткіш – 3,445. Сондай-ақ рейтингтегі мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда өткен жылдармен салыстырғанда физикалық меншік құқығы бойынша субиндекс 6,39-ға дейін азайған. Ал зияткерлік меншік құқықтары бойынша елдің субиндексі 4,774-ке дейін ұлғайған.
Жекелеген топтарға тоқталар болсақ, меншік құқығын қорғауды қабылдау бойынша субиндекс – 5,608, меншікті тіркеу бойынша – 8,552, несиеге қол жеткізу жеңілдігі бойынша – 4,871. Зияткерлік меншікті қорғауды қабылдау бойынша субиндекс – 5,213, патенттерді қорғау бойынша – 5,783, авторлық құқықтарды қорғау бойынша – 2,6, тауар белгілерін қорғау бойынша – 5,859.
Осы жылдың бірінші тоқсан қорытындысына көз жүгіртсек, елде құқық және бухгалтерлік есеп саласында 27,7 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,2 пайызға артқан. Нақты көлем индексі – 104 пайыз.
Құқық саласында 8,3 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Адвокаттық қызмет бойынша – 1,5 млрд теңгеге, нотариалдық қызмет бойынша 35,7 млн теңгеге қызмет көрсетілді.
ТМД елдерінің ішінде меншік құқығы біздің елімізбен салыстырғанда Әзербайжан мен Арменияда жақсы қорғалған. Ал Ресей, Молдова және Украинадағы көрсеткіштер Қазақстанмен салыстырғанда едәуір төмен.
Әлем бойынша азаматтардың меншік құқығы Швейцария, Сингапур және Жаңа Зеландияда жақсы қорғалған. Ең нашар көрсеткіш Гаити елінде екен.