Алматының Әуезов ауданында 280 орындық екі мемлекеттік балабақша салынады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу кезінде мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шаһар басшысы атап өткендей, ауданның негізгі өзекті мәселесі әлеуметтік инфрақұрылым.
«Биыл Әуезов ауданында 1 мектеп ашу, 3 мектепті кеңейту және 2 жаңа білім ордасын жобалау жоспарланған. Мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын азайту үшін ауданда 280 орындық 2 мемлекеттік балабақша салынады. Бірінші балабақша бойынша 120 орынды «Алтын бесік» шағынауданындағы балабақшаның құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Екінші балабақша бойынша шағынаудандағы 160 орындық балабақша үшін осы жылдың 10-шы мамырында қараусыз қалған балабақша ғимараты сатып алынды», дейді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Айтуынша, құрылыс жұмыстары мемлекеттік сараптамадан және қолданыстағы ғимаратты бұзғаннан кейін басталады. Яғни, 2023 жылы.
Бүгінгі күні Алматыда балабақша кезегінде 43 мыңнан астам бала тұр.