• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2014

Қарқаралы қызы

474 рет
көрсетілді

Гүлбаршын Тергеубекова жаңа клип түсірді Соңғы жылдары Қасым Аманжоловтың шығармашылығын насихаттауға білек сыбанып кірісіп жүрген белгілі дәстүрлі және эстрада әншісі Гүлбаршын Тергеубекова  енді қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған, композитор Әбілахат Еспаевтың «Ақ сәуле» атты әніне бейнебаян түсірді. Алдымен мына бір қызық деректі баяндай кеткен артық болмас. Гүлбаршынның арғы бабасы – атақты төбе билердің бірі – Қаз дауысты Қазыбек би. Ол былай таралады: Қаракесектің Шаншарынан Келдібек, одан Қазыбек би, бидің ұрпағы Сырымбеттен Тоқтыбай, оның ұлы Бітім, Бітімнен Тергеубек, Тергеубектен Мұхамедияр, Мұхамедиярдан Ыбырай. Ыбырай — Гүлбаршын Тергеубекованың әкесі. Өзінің шыққан тегін мақтан тұтатын әнші соңғы он бес жылда тек шығармашылықпен айналысып келеді.  Оның репертуарында құйқылжыған Арқа әндерімен қатар, бүгінгі заманауи эстрадалық әндер де бар. Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мәди, Майра, Үкілі Ыбырай және Қасым Аманжолов әндері Гүлбаршынның орындауында аса бір халықтық орындаушылық сипатқа ие болады. Сонымен жаңа клип Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында түсірілген. Бейнабаянның қоюшы режиссері – жазушы, кинодраматург, тележүргізуші Дидар Амантай. Бейнебаянды жасаушылар оны әннің лирикалық мазмұнына сай бимен көркемдеуге ұмтылған.  Қазірдің өзінде клип бірқатар отандық телеарналардан көрсетіле бастады. Халықаралық және республикалық конкурстардың лау­реаты атанған Гүлбаршын Тергеубекова үш жылдан бері «Қасымның әндері-ай» атты концерттік жобаның авторы және продюсері ретінде танылып жүр. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.