Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында өндірісте болған 33 жазатайым оқиға тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz.
БҚО еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Асылұлан Досжанов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде өткен жылдың 7 айында 32 жазатайым оқиға болғанын айтты.
Оның айтуынша, биыл жазатайым оқиғалардан 39 адам зардап шексе, соның 20-сы ауыр деп бағаланды. 9 адам топтық оқиғадан жарақат алды. Жазатайым оқиғалардан 10 жұмысшы қаза тапты, бұл өткен жылғыдан 60 пайызға көп.
«Соның ішінде 5 адам құрылыс саласындағы кәсіпорындарда қайтыс болды. Төрт жұмысшы биіктіктен құласа, біреуі жердің опырылуы салдарынан көз жұмды», деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар жол-көлік оқиғасынан және қозғалатын, ұшатын, айналатын заттар мен бөлшектердің соғуынан бюджеттік ұйымның 3 қызметкері мерт болды.
Ауыл шаруашылығы саласында 2 қызметкер көз жұмды. Оның біреуі жұмыс орнынан шығып, белгісіз жағдайда шөп ұсақтағышқа түсіп қалған. 1 жұмысшыны цехқа тиеу аймағында трактор жүргізушісі артқа бергенінде байқамай басып кеткен.
«Жазатайым оқиғаларға жүргізілген арнайы тергеп-тексеру нәтижесі көрсеткендей, негізгі себептер – жұмыстың тиісінше ұйымдастырылмауы, қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпеу, еңбектің қауіпсіз тәсілдеріне оқытудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ зардап шегушілердің өздерінің өрескел абайсыздығы. Тағы бір атап өтетін жайт, жұмыс берушілер қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, нұсқау беру, білімдерін тексеруді жүргізбейді. Қызметкермен еңбек шартын жасаспай, жұмысқа жібереді, жұмыс орындарында және технологиялық процестерде жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында алдын алу шараларын жүргізбейді. Оған қоса, жазатайым оқиғалар жасырын қалып жатады», деді А. Досжанов.