• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Тамыз, 2022

Жылыту маусымына дайындық алаңдатады

392 рет
көрсетілді

Биыл наурыз айында Петро­павл­дың екінші ЖЭО орта­лы­ғын­да үлкен апат болғанынан бүкіл халық хабардар. Содан бері қала тұрғындары алдағы жылу маусымының жайына алаң­даулы. Түтіні будақтап тұ­ратын үш мұржаның бірі іс­тен шыққаны жылудың азаюы­на соқтырмай ма деген күдік басым.

Дәл Наурыз мерекесінің қар­саңын­да 60 жыл бойы тұрған биіктігі 150 метр мұржа ортан белінен опырыла құлап, бірнеше қазандықтың жұ­мысы тоқтады, қирандының астын­да қалған жұмысшы әйел көз жұм­ды. ЖЭО директоры мен бас инженеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, екеуінің де қаладан шығуы шектелді.

Бүгінде бұзылған мұржаның тө­мен­гі жағын бөлшектеу шаралары жүр­гізіліп жатыр. ЖЭО бағы­на­тын «Севказэнерго» АҚ бас директоры Олег Перфиловтың айтуына қарағанда, қазір 60 жыл бұ­рын қаланған 12 метрдей кірпіш бөл­шек­тенген. Қопарылыс құралдары қол­данылса, басқа нысандарға за­қым келтіруі мүмкін, сондықтан мұн­дағы жұмыс негізінен қолмен ат­қа­рылуда. 40 метрлік биіктікке жет­кенде ғана техникалық құралдар пай­­даланылады. Бұзылған мұржаны то­лықтай бөлшектеуді аяқтау мерзімі 20 қыркүйекке белгіленген. Ал қазан айынан бастап оның орнына жаңа мұржа салу басталмақ. Айта кететін жайт, ол бұрынғыдан 30 метрге биік болады.

Жаңа жылыту маусымында қалған екі мұржаны қолданып, барлық 12 қазандықтың 11-і қалыпты жұмыс істеп, қаланы қыстан шығармақ. Қа­зір сол қазандықтар да жөндеуден өткі­зілуде.

«Севказэнерго» АҚ басшылығы жағ­дайдың тұрақты екенін айтқа­ны­мен, былтырғы жылыту маусымында қазандық агрегаттарында 77 рет апатты жағдай тіркелгені тұрғындарды алаңдатпай қоймайды. Сақылдаған сары аязда жылусыз қалудың өзі оңай емес. Осы апаттардың салдарынан әкімдіктерге былтыр 500-ден аса шағым түскен. Оның үстіне жуыр­­­да біреулер әлеуметтік желілерде «Севказэнерго» АҚ медициналық ме­ке­мелерге қосымша жылу беретін көздер іздеу керегі туралы ұсыныс жасап, хат жолдапты деген де хабар таратты. Әзірге бұл хабардың анық-қанығы анықталған жоқ. Егер ол жалған болса, халықты босқа үркіткен адам арандатушы ретінде тиісті жазасын алар деген үміттеміз, ал шын болса, жағдай аса мәз емес.

Жалпы, Петропавл қаласында орта­лық жылумен жабдықтау жүйе­сі­не 4 500 ғимарат қосылған. Жылу энергиясымен тұрғын үй секторының 71 мың абоненті және 2 301 заңды тұлға қамтылған. Өткен жылғы жылыту мау­сымында наурыздағы оқи­ға­дан ке­йін аздаған ауыт­қушы­лық­тар бол­ға­­нымен әлеуметтік нысан­дарға жылу не­гізінен қалыпты ре­жімде бе­рілді.

Биылғы маусымда сол талаптан та­былу үшін жан-жақты дайын­дық жұмыстары жүргізілуде. Қала­ның жаңадан тағайындалған әкімі Руслан Аңбаевтың айтуына қара­ған­да, бүгінге дейін 84 білім беру нысанының 79-ы дайындық паспортын алған. Осы жұмыстарды атқаруға жергілікті бюджеттен 7 млн теңгеден аса қаражат бөлінген. Көмірмен жылытылатын №44 орта мектепті жылыту үшін 500 тоннаға жуық көмір сатып алынған, оған бюджеттен 6,5 млн теңге бөлініпті. Осы мысалдан мектепті көмірмен жылытудың бюджетке қанша қосымша салмақ түсіретінін көруге болады. Егер бұл мектеп қалалық жылу жүйесіне қо­сыл­ған болса, дайындық шығыны аз болар еді.

Петропавл қаласында 16 ден­сау­лық сақтау нысаны болса, соның 12-сі дайындық паспортын алған. Қалған төртеуіндегі дайындық енді басталып жатыр.

Дайындық паспорттарын алуда сылбырлық танытатын – көппәтерлі тұр­ғын үйлер. Олардың кейбірі мен­шік иелері өздері екенін, сон­дық­тан жылыту маусымына дайын­дық мәселесін өздері шешуі керегін әлі де түсінгісі келмейді. Кооператив төрағалары да мәселені ұзын арқан, кең тұсауға салып, жылыту маусымы басталғанда тұрғындардың дау-дамайын тудырып жүргені. Қазір барлық 1 115 көппәтерлі тұрғын үй­дің 430-ы дайындық паспортын ал­ған. Бұл – барлық үйдің 38 пайызы. Бірақ соның өзі – былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Дәл осы күндері былтыр 361 үй ғана жылуды қабылдауға да­йын болған еді.

Петропавлдың 1914 жыл мен 1960 жылдар арасында салынған 39 екіқа­бат­ты үйі бар. Қала басшыларын көбі­несе осы үйлерге жылу жеткізу мәсе­ле­лері алаңдатады. Бұларға соңғы 2-3 жылда ешқандай гидравликалық сынақ және жылу жүйесін тазалау жұ­мыстары жүргізілмеген. Қала­лық тұрғын үй инспекциясы бөлі­мі­нің мамандары осы үйлердің тұр­ғын­да­ры­мен кездесулер өткізіп, жылыту маусымына уақтылы және сапалы дайындық қажеттігі туралы түсін­дір­ме жұмыстарын жүргізуде.

Қазір қала бойынша «Петропавл жылу желілері» ЖШС 6,3 ша­қы­рым­дық жылу құбырларын ауыс­тырып жатыр. Жылу желілерінің бе­рік­тігі мен тығыздығына жыл са­йын­­ғы гидравликалық сынақтардан басқа қыркүйекте гидравликалық ысы­рап­­тарға арналған сынақтар жүр­гізіледі. Осы шараларды іске асыру тұты­ну­шыларды жылумен сенімді қам­тамасыз етуге, қайта жаңғыр­ты­латын учаскелердегі ысыраптар мен тозудың барлық түрін азайтуға, тех­нологиялық бұзушылықтар санын қыс­қартуға, сондай-ақ жылу желі­ле­рінің жүктемесін қайта бөлуге мүм­кіндік береді.

Петропавлда 15 мыңға жуық же­­ке­­меншік үйлер бар. Бұлардың негізгі бөлігі үйлерін көмірмен жылытады. Көмірге деген қажеттілік 70 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда қаланың темір жол тұйықтарында 1 мың тоннадай көмір бар, оның ішінде 700 тоннасы – «Шұбаркөл» және 300 тоннасы – «Екібастұз» көмірі. Бұған қосымша жақын күн­дер­де 3 700 тонна көмір жет­кі­зіл­мек. Жылу беру маусымына дейін бұл жұмыс жандана түсер деген үміт­те­міз, әйтпесе, былтырғыдай көмір тапшылығы болуы мүмкін.

Әрине, жылыту маусымының бас­талуына әлі екі айдай уақыт бар, дегенмен уақыт күтпейді, көңіл күпті. Сондықтан дайындық жіті жүргізілуі керек.

 

ПЕТРОПАВЛ