Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азиядағы өңірлік өкілі Бернард Дойлмен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында сыртқы саясат ведомствосының басшысы Б.Дойлды осы жоғары әрі жауапты лауазымға тағайындалуымен құттықтап, Қазақстан БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасын жаһандық, аймақтық және ұлттық деңгейлерде босқындар құқықтарын сақтау мен қорғау бойынша БҰҰ құндылықтары мен мақсаттарын алға тартумен айналысатын жетекші халықаралық агенттік ретінде қарастыратынын атап өтті.
Е.Ыдырысов БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасына 2013 жылғы 4-5 маусым күндері Алматыда өткен «Босқындарды қорғау мен халықаралық көші-қон мәселелері жөніндегі 2-ші министрлік конференциясы: Алматы үдерісі» шарасын ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
ҚР СІМ басшысы Қазақстан БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өңірдегі берік әріптесі болып қала беруге және көші-қон саласындағы барлық бағыттар бойынша өзара ықпалдастықты кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
Өз кезегінде Б.Дойль Қазақстан Үкіметімен тиімді ынтымақтастықты нығайту бағытында барлық күш-жігерін салатынын мәлімдеді.