Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Қазақстан Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 229 Жарлығына толықтыру енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Яғни жерді тексеруді шектейтін мораторийді алып тастады. Бұл өзгерісті жылы қабылдаған өңірдегі жер қатынастары мамандары, енді жерді мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыстардың ауқымы ұлғая түсуіне мүмкіндік туып отырғанын айтуда.
Нысаналы түрде игерілмей, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде қайтаруға мүмкіндік беретін қосымша құқықтық механизм іске қосылмақ. Өзіне тиесілі ауыл шаруашылығы жерін игермейтін, пайдаланбайтын кәсіпкерлердің жер учаскелерін тексеруге жол ашылып отыр. Дегенмен жайылымдарды елге қайтару жұмысы күн тәртібінен түскен емес, облыс әкімдігінің басты назарында. Бұл орайда Түркістан облысында жайылымға 3,1 млн гектар қажеттілік бар. Биыл 1 млн 12 мың гектарды қайтару жоспарланған. Оның 405 мыңы мемлекетке қайтарылады. Елдің ортақ пайдалануына 600 мыңнан астам гектар жайылым иелерімен меморандумға тұру арқылы ұсынылады. «Бұл бағытта меморандум арқылы жақсы жұмыс істеліп жатыр. Жердің иелері жайылымға мұқтаж жандар өздерінің ауылдастары екенін түсінулері керек. Игерілмей жатқан жерді ешкім бос қалдырып қоя салмайды. Әр ай сайын осы мәселе аппарат отырысында күн тәртібіне енгізіліп тұрсын. Жайылым мәселесі тікелей қадағалауда болады», деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аппарат отырысында. Ал облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Тілегеннің айтуына қарағанда, 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012,0 мың гектарға ұлғайту жоспары әзірленіп, бұл бойынша әр айға жоспар кестесі бекітілген. Ол жұмыстар 2 бағытта жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған 405,2 мың гектар жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару көзделсе, екінші бағыт бойынша ірі жер пайдаланушылар мен меморандум арқылы 606,8 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Жыл басынан бері елді мекен тұрғындары 325,5 мың гектар жайылыммен қамтылды. Мемлекет меншігіне 58,5 мың гектар жер қайтарылса, меморандум арқылы 267 мың гектар жайылым елге берілді. Сонымен қатар өткен жылы құрылған жұмыс тобы аудан, қала әкімдіктері бойынша жайылым жер учаскелеріне зерделеу жұмыстары жүргізген. Нәтижесінде, 476,2 мың гектар жайылым жер мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталып, хабарлама берілген.
Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының хабарлауынша, аудандарда тұрғындарды жайылым жермен қамту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мысалы, Ордабасы ауданы Ақсары ауылына жақын орналасқан жайылым алқаптары 910 гектарды құрайды. Бұл жер көлемі ауыл тұрғындарының шаруамен айналысуына аздық етеді. Тұрғындар жайылым аумағын ұлғайтуды сұрап отыр. Ал Келес ауданы, Бозай елді мекені ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарда. Соның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруалардың қарасы басым. Бұл орайда жайылым жер мәселесі өзектілігін жоғалтпаған. Жайылым жер телімдерін ортақ пайдалануға енгізу жұмыстары бойынша Бозай ауылдық округі аумағынан 1 375 гектар жайылым жер учаскесіне оң қорытынды беріліп, жерге орналастыру жобасы жасалыпты. Сонымен қатар 15 000 гектар жайылым бойынша жеке және заңды тұлғалармен үшжақты келісімшарт жасау жұмыстары жүруде. Бұл мәселе толық шешімін тауып, жайылым тұрғындарға берілмек. Түлкібас ауданы Машат елді мекенінде де тұрғындардың күнкөрісі мал шаруашылығына байланысты болғандықтан, жайылым жер жетіспеушілігі туындап отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мамандарының мәліметіне сүйенсек, ауыл округтегі 1 500 гектар көлеміндегі жердің 640 гектары тұрақты ортақ пайдалануға берілген. Ал 470 гектар меморандум арқылы кедергісіз мал жаюға рұқсат етіліпті. Бірақ қайтарылатын жерлер бар. Мәселен, биыл жылдың аяғына дейін 300 гектар жерді қайтару жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетелік, жайылымнан бөлек жер телімдеріне мұқтаж ауыл тұрғындары да аз емес. Мысалы, халық тығыз орналасқан Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 18 000-нан аса азамат жер кезегінде тұр. Аудан көлемінде 2012 жылдан осы күнге дейін ешбір елді мекенде жер телімдері берілмеген. Жуырда Жылға елді мекенінде кезекте тұрған 11 азаматқа жер телімдері табысталды. Алдағы уақытта жер телімдерінің құжаттары дайын болуына қарай 500-ге жуық азаматқа тұрғын үй салу үшін жер берілетін болады. Олардың барлығы да бірнеше жылдан бері кезекте тұрғандар. «Бүгінгі таңда аудан аумағында инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі тұрғындардың жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан-жылға өсіп келеді. Сонымен қатар тұрғын үй салу үшін жер телімі бөлінгенімен заң талаптарына сәйкес, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген жер телімдері табысталмайды. Сондықтан осы мәселелерді шешу мақсатында Жылға ауылдық округінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуда бірқатар жұмыс атқарылып, сол жер телімдері табыс етілді», дейді аудан әкімі Мұхит Отаршиев. Жылға елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 42 гектар аумақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 16 шақырым электр желілері және 4 дана трансформатор орнатылған. Сондай-ақ ұзындығы 6 шақырымнан аса көшелерге шағал төсеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін сұрап жазған өтініштер санын азайту мақсатында Дербісек елді мекеніндегі 70 гектар жаңа қоныстану аймағын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлдіру үшін облыстық бюджетке ұсынылған. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда аталған аймақ инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға берілмек.
Түркістан облысы