• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Тамыз, 2022

Жайылым жайы – басты назарда

464 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда тексерулерге және профи­лак­тикалық бақылау мен қада­ға­­лауды барып жүргізуге мо­ра­­­торий енгізу туралы» Қазақстан Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 229 Жар­лы­ғына толықтыру енгізу тура­лы» Жарлыққа қол қойды. Яғни жерді тексеруді шектейтін мора­торийді алып тастады. Бұл өзге­рісті жылы қабылдаған өңір­дегі жер қатынастары маман­дары, енді жерді мемлекет мен­шігіне қайтару бағы­тын­да­ғы жұмыстардың ауқымы ұл­ғая түсуіне мүмкіндік туып отыр­ға­нын айтуда.

Нысаналы түрде игерілмей, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне мәж­бүр­лі түрде қайтаруға мүмкіндік бере­тін қосымша құқықтық механизм іс­ке қосылмақ. Өзіне тиесілі ауыл шар­уа­шылығы жерін игермейтін, пайда­ланбайтын кәсіпкерлердің жер учаскелерін тексеруге жол ашылып отыр. Дегенмен жайылымдарды елге қайтару жұмысы күн тәртібінен түскен емес, облыс әкімдігінің басты назарында. Бұл орайда Түркістан облысында жайылымға 3,1 млн гектар қажеттілік бар. Биыл 1 млн 12 мың гектарды қайтару жоспарланған. Оның 405 мыңы мемлекетке қайтарылады. Елдің ортақ пайдалануына 600 мыңнан астам гектар жайылым иелерімен меморандумға тұру арқылы ұсынылады. «Бұл ба­ғыт­­та меморандум арқылы жақсы жұ­мыс істеліп жатыр. Жердің иелері жайылымға мұқтаж жандар өздерінің ауылдастары екенін түсінулері керек. Игерілмей жатқан жерді ешкім бос қалдырып қоя салмайды. Әр ай сайын осы мәселе аппарат отырысында күн тәртібіне енгізіліп тұрсын. Жайылым мәселесі тікелей қадағалауда болады», деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аппарат отырысында. Ал облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Тілегеннің айтуына қарағанда, 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012,0 мың гектарға ұлғайту жоспары әзірленіп, бұл бойынша әр айға жоспар кестесі бекітілген. Ол жұмыстар 2 бағытта жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған 405,2 мың гектар жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару көзделсе, екінші бағыт бо­йынша ірі жер пайдаланушылар мен меморандум арқылы 606,8 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Жыл басынан бері елді мекен тұрғындары 325,5 мың гектар жайылыммен қамтылды. Мемлекет меншігіне 58,5 мың гектар жер қайтарылса, меморандум ар­қылы 267 мың гектар жайылым елге берілді. Сонымен қатар өткен жылы құрылған жұмыс тобы аудан, қала әкімдіктері бойынша жайылым жер учаскелеріне зерделеу жұмыстары жүр­­гізген. Нәтижесінде, 476,2 мың гек­тар жайылым жер мақсатына сай пай­даланылмағаны анықталып, хабарлама берілген.

Түркістан облыстық жер қатынас­та­ры басқармасының хабарлауынша, аудандарда тұрғындарды жайылым жермен қамту жұмыстары белсенді жүр­гізілуде. Мысалы, Ордабасы ауда­ны Ақсары ауылына жақын орна­ласқан жайылым алқаптары 910 гек­тарды құрайды. Бұл жер көлемі ауыл тұр­ғындарының шаруамен айналы­суы­на аздық етеді. Тұрғындар жайы­лым аумағын ұлғайтуды сұрап отыр. Ал Келес ауданы, Бозай елді ме­ке­ні ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарда. Соның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруалардың қарасы басым. Бұл орайда жайылым жер мәселесі өзек­ті­лігін жоғалтпаған. Жайылым жер телімдерін ортақ пайдалануға енгізу жұмыстары бойынша Бозай ауылдық округі аумағынан 1 375 гектар жайы­лым жер учаскесіне оң қорытынды беріліп, жерге орналастыру жобасы жасалыпты. Сонымен қатар 15 000 гектар жайылым бойынша жеке және заңды тұлғалармен үшжақты келісімшарт жасау жұмыстары жүруде. Бұл мәселе толық шешімін тауып, жайылым тұр­ғындарға берілмек. Түлкібас ауданы Машат елді мекенінде де тұрғындардың күнкөрісі мал шаруашылығына байланысты болғандықтан, жайылым жер жетіспеушілігі туындап отыр. Аудан­дық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мамандарының мәліметіне сүйенсек, ауыл округтегі 1 500 гектар көлеміндегі жердің 640 гектары тұрақты ортақ пайдалануға берілген. Ал 470 гектар меморандум арқылы кедергісіз мал жаюға рұқсат етіліпті. Бірақ қайтарылатын жерлер бар. Мәселен, биыл жылдың аяғына дейін 300 гектар жерді қайтару жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Айта кетелік, жайылымнан бөлек жер телімдеріне мұқтаж ауыл тұр­ғын­дары да аз емес. Мысалы, халық тығыз орналасқан Сарыағаш ауданын­да бүгінгі таңда 18 000-нан аса азамат жер кезегінде тұр. Аудан көлемінде 2012 жылдан осы күнге дейін ешбір елді мекенде жер телімдері берілмеген. Жуырда Жылға елді мекенінде кезекте тұрған 11 азаматқа жер телімдері табысталды. Алдағы уақытта жер телімдерінің құ­жаттары дайын болуына қарай 500-ге жуық азаматқа тұрғын үй салу үшін жер берілетін болады. Олардың бар­лығы да бірнеше жылдан бері кезекте тұрғандар. «Бүгінгі таңда аудан аумағында инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі тұрғындардың жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан-жылға өсіп келеді. Сонымен қатар тұрғын үй салу үшін жер телімі бөлін­ге­німен заң талаптарына сәйкес, инфра­құ­рылыммен қамтамасыз етілме­ген жер телімдері табысталмайды. Сондықтан осы мәселелерді шешу мақ­сатында Жылға ауылдық округінде ин­женерлік-коммуникациялық инфра­құ­рылымды дамытуда бірқатар жұ­мыс­ атқарылып, сол жер телімдері табыс етілді», дейді аудан әкімі Мұхит Отаршиев. Жылға елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы аясында 42 гектар аумақ­ты инфрақұрылыммен қамта­ма­сыз ету үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 16 шақырым электр желілері және 4 дана трансформатор орнатылған. Сондай-ақ ұзын­ды­ғы 6 шақырымнан аса көшелерге шағал төсеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін сұрап жазған өтініштер санын азайту мақсатында Дербісек елді мекеніндегі 70 гектар жаңа қоныстану аймағын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжат­та­масы әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлдіру үшін облыстық бюджетке ұсынылған. Қа­жетті қаржы бөлінген жағдайда атал­ған аймақ инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға берілмек.

 

Түркістан облысы