Сонымен жеке ел болып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, ана тілімізді құтты орнына қондырғанымызға да отыз жылдан асты. Мемлекет тіл мәселесінде терең ғылыми, күрделі пәлсапалық терминдерді айтпай-ақ қоялық, жай тұрмыстық сөздердің өзін орнымен қолданбайтынымыз қалай?
Алысқа бармай, кеңес тұсында көбіміз «туалет» дейтін орынның қазақшасын алайықшы. 90-жылдары зиялы қауым осыны «әжетхана» деп тап-тамаша қолданысқа енгізіп-ақ еді, қайдан шыққаны беймәлім, осы «патшалар да жаяу баратын» бөлменің атауы кейін «дәретхана» болып кетті. Шынымызды айтсақ, осыған (кейінгісіне) «Бұл қалай? 70 пайыздан астам мұсылман жұртшылығы мекендейтін елміз. Дәрет – тазалану деген сөз. Құдай кешірсін, біздің әжетханамыздың 95 пайызында дәрет алатын құрылғы да жоқ. Ол – тек әжетті өтейтін жер» деп намыстан күйіп жүретінбіз... Таяуда Ташкент жақтан бір өзбек ескі әріптесіміз келіп, осы қателікті бетімізге басқандай болды. Ол кісі: «Байқаймын, сіздерде туалетті барлық мекемеде дәретхана дейді екен. Біз hojatxona, яғни қазақша қотарсақ «қажетхана» деп атаймыз. Дәрет пен қажеттілік екі басқа емес пе?», деді.
Сіз мұны айтасыз, қазір 20 миллион халқымызға арналған әжетхана қағазының өзі «дәретхана қағазы» болып шығатын болды. Мәселенің мәнісіне шындап үңілсек, мұсылман баласы дәретті қағазбен емес, сумен алады ғой. Сол жағынан да атауы сәйкес келмейді.
Біздің ұсынысымыз мынау: біріншіден, еліміздің барлық мекемесінің, әсіресе коммуналдық қызметінің басшылары өз қарауындағы орындарының туалетін «әжетхана» деп қазақша сауатты жазылуын қадағаласа; екіншіден, еліміздің күллі өңіріндегі туалет қағазын шығаратын кәсіпорындар басшылары өз өнімдеріне бірыңғай «әжетхана қағазы» деп дұрыс жазуды қолға алса.
Бұрынғылар «Қателік қағидаға айналмасын!» деп ескертуші еді. Қарапайым, бірақ қажетті дүниені қаперге салуымыз сондықтан. «Әжетханаға да мәдениет керек!» дейміз-ау. Мәдениеттің әліппесі дұрыс атаудан басталады.
Керімжан АЙНАБЕКҰЛЫ, еңбек ардагері