Белгілі әуесқой велошабандоз Ернат Рахметолла аты аңызға айналған таеквондошы Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл толуына орай велошеру өткізді. Велошерудің мақсаты - дара тұлға Мұстафа Кәбенұлы Өзтүрікті еске алу, рухына тағзым ету, өнегелі өмірі мен еңбегін дәріптеуге үлес қосу.
42 жастағы әуесқой спортшы сөре үшін Бәйтерек монументін таңдаған. Ернат Рахметолланы отбасы мен жақындары, сондай-ақ белгілі Абайтанушы Асан Омаров ақ батасымен шығарып салды.
Ернат Рахметолла елорданың ызғарлы қысына қарамай жалғыз өзі 5 сағатта 70 шақырымды жүріп өтті. Шеру Байтерек монументінен басталып, Түркістан көшесі > Достық көшесі > Қабанбай батыр даңғылы > Анадолы (бұрынғы 28/1) көшесі > Қабанбай батыр даңғылы > Қарқаралы тас жолы > Қабанбай батыр кесенесі бойымен жалғасып, қайта Бәйтерек монументі алдынан аяқталды.
Мәреге ойдағыдай жеткен веломарафоншы жолдың жақсы болғанын, сондай-ақ бір рет құлап қалғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар Мұстафа Өзтүріктің еңбегін дәріптеп, осындай игі іс жасаған велоспортшының иығына ақтоғайлықтар шапан жауып, естелікке сыйлық тарту етті.
«Жастарға қар, мұз, ызғарда велосипедпен жүру арқылы адамның мүмкіндіктерін көрсету, төзім, шыдам, салауатты өмір салты, табандылық, ыстық қайратты насихаттау, үлгі ету. Қазақ пен Түрікке ортақ ұл Мұстафа Өзтүрік арқылы Қазақстан мен Түркияның бауырластығын, достығын насихаттау. Оларды отансүйгіштікке, ел үшін ерен еңбек етуге, қайсар болуға үндеу», дейді Е.Рахметолла.
Айта кетейік, велошабандоз бұған дейін республикалық және халықаралық деңгейде 14 велошеру өткізген.