Қазақстанда ана өлімі көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға төмендеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, есепті кезеңде ана өлімі көрсеткіші 100 мың шақалаққа шаққанда 6,8-ді құрап, 2025 жылы тіркелген 12 көрсеткішінен айтарлықтай төмендеген. Сонымен қатар нәресте өлімі де 5,92-ден 5,56-ға дейін азайған.
«Ана денсаулығын қорғаудағы оң динамика қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде қалыптасып отыр. Атап айтқанда, жүкті әйелдерді ерте кезеңде медициналық бақылаумен қамту деңгейі 77,6 пайызға дейін артты. 2025 жылдың тамыз айынан бастап Қазақстанда «Аналар саулығы» бағдарламасы іске асырылып жаьыр. Бағдарлама алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде 15 тегін базалық зерттеуді ұсынады» деп атап өтті вице-министр.
Алматыда ана өлімі туралы хабарламаған перзентханаға айыппұл салынды
Оның айтуынша, өңірлерде 19 перинаталдық орталық жанынан «Салауатты Ана» пансионаттары ашылып, қазіргі таңда 89 төсек-орын дайындалған. Мұнда жоғары қауіп тобындағы 3,5 мыңнан астам жүкті әйел алдын ала медициналық көмек алған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова соңғы бес жылда ана өлімі 35%-ға төмендегенін айтқан болатын.