• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 08:23

«Жеңімпаз» синдромы

34 рет
көрсетілді

Өмір бойы аңсаған арманыма қол жеткіздім. Тәубе, ал әрі қарай не істеу керек? Енді не нәрсеге ұмтылып өмір сүремін? Бұл – чемпиондық тұғырды бағындырғаннан кейін көптеген спортшының бас ауруына айналатын сұрақтар. Өкінішке қарай, көбі бұларға жауап таппай, өмірден баз кешіп кетеді.

Мәселен, олим­пиаданың 23 дүркін чем­пио­ны Майкл Фелпс бір­неше рет психикалық дағдарысқа түскен. Тіпті күй­зелістен құтылу үшін кү­мәнді күшейткіштерді де пайдаланған. Бұл туралы америкалық спортшы БАҚ өкілдеріне жақында ғана мәлімдеді. Томаға-тұ­йық Майкл өмірлік қиын­дықтары туралы айтуды мүлде ұнатпаған. Сол се­бепті 19 жасынан бастап депрессияға жыл сайын түсіп отырған. Дерті ерекше меңдеп кететін мезгіл – қазан мен қараша айлары, яғни жүзу маусымы аяқталған кез екен. Осы айларда Фелпсті 2004 жылы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұстап алса, 2008 жылы марихуана шеккені үшін жазаға тартқан.

«Алтын допты» алғаннан кейін Рональдиньоның да жасамаған жұмысы жоқ: рэп оқыды, клипке түсті, «RS Coin» атты жеке криптовалютасын іске қосты, туған қаласы Бразилиада саясатпен айналысты, соңында балық шаруашылығын қолға алды. Ақыры оны үкі­мет заңсыз деп тауып, 178 еуроға айыппұл салды. Соның кесірінен футболшы маскүнемдік пен нашақорлыққа бой ұрған.

Спортшылардың өзін жоғалтып алуының тағы бір себебі – оқыста алған жарақаты. Алдағы бү­кіл ман­сабына нүкте қойыл­ған­нан кейін өмірден түк мағына көрмей кетеді.

 Есіме мына бір әңгіменің түсіп отырғаны. Балық аулап отырған шалға біреу келіп «алтын балық ұстасаң, не сұрайсың?» деп қойып қалыпты.

– Ақша сұраймын.

– Оны қайтесің?

– Тойып тамақ ішемін.

– Одан кейін ше?

– Жақсылап киім киемін.

– Одан кейін ше?

– Зәулім сарай тұрғыза­мын.

– Одан кейін ше?

– Үйдің жанындағы өзен­нен балық аулап жатамын.

Кей кезде алтынға ұм­тылған спортшылардың, тек қана олардың емес, билікке, байлыққа таласқан барлық адамның өмірлік ұстанымы жоғарыдағы балықшының әңгімесіне қатты ұқсап ке­теді.

Одан кейін не істейсің? Оны ешкім білмейді. Бәл­кім, жауабы өкіндіретін сұ­рақты қоймай-ақ қоюды дұрыс санайтын шығар. Кім білсін?

Бірақ мынаны түсінетін уақыт жетті. Өмірде ешкім абсолютті жеңімпаз болмайды. Бақыт құсы баянсыз ағашқа ұя салмайды. Дәл қа­зіргі сәтті сезініңіз. Сіздің еншіңізде сол ғана бар.