• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2010

АЛТАЙ МЕН БАЙЫРҒЫ МАЙЯ: ӨРКЕНИЕТ САБАҚТАСТЫҒЫ

938 рет
көрсетілді

Майялардың ұлы өркениетінің сырын 40 жыл зерттеген Америка Құрама Штаттарының ғұлама ғалымы Хосе Аргуэлльес алғаш рет әлемнің жер кіндігі Алтаймен 2001 жылы осы киелі тауды пір тұтқан зерттеушілердің бірі Николай Рерихтің “Алтай – Гималай” атты кітабы арқылы танысқанын жасырмайды. Аталмыш кітап ғалымға кереметтей әсер қалдырады. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Өйткені, Н.Рерих 1923-1926 жылдары Үн­дістаннан аттанып, одан соң Қытайға, одан әрі Сібірге, Алтайға, Моңғолияға және ең соңында Тибетке жасаған ұзақ сапары кезінде үзбей жүргізген ғылыми зерттеулері мен қылқалам ұстаған суреткер ретінде әлгі елдерден алған терең де мол әсерлерін, байырғы және кейінгі замандағы Шығыстың тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды деректерді күнделігіне түсіріп, соның негізінде 1926 жылы жоғарыда аталған ғажап кітапты жарыққа шығарады. Бейбітшілік туының астында төрт жылға созылған әлгі экспедицияға сіңірген зор еңбегі мен одан да бұрынғы бейбітшілік ісіне қосқан айтулы үлесі еленіп, 1928 жылы Н. Рерих Нобель сыйлығымен марапатталады. Ал 1935 жылы ғұлама ғалымның жүргізген дипломатиялық іс-шараларының нәтижесінде, Вашингтонда АҚШ президенті Рузвельттен бастап, Солтүстік пен Оңтүстік Американың 21 мемлекетінің көшбасшылары қостап, Рерихтің Бейбітшілік пактісіне қол қойылады. Бүкіләлемдік маңызы бар бұл құжатты әлемге әйгілі ғылым мен мәдениет қайраткерлері: Ромен Ролан, Бернард Шоу, Альберт Эйнштейн, Томас Манн, Рабиндранат Тагор, Джавахарлал Неру, Герберт Уэллс және басқа да белгілі тұлғалар қызу қолдайды. 1953 жылға қарай Н.Рерихтің Бейбітшілік пактісін қуаттаған адам саны 620 миллионға жетеді. Хосе Аргуэлльестің жиһангер Н.Рерихтің ғылыми еңбегінің ішінде баяндалған жер кіндігі Алтайға соншалықты қызығушылық танытуының сыры да осында жатса керек. Екінші рет Хосе Аргуэлльестің назары Алтайға ғалымның Ресейдегі Халықтар достығы университетінде болған кезінде ілігеді. Себебі, әлгі университетте ол бірнеше алтайлықтармен етене-жақын танысады. Университеттің басқа да жас ғалымдары оған Алтай туралы көптеген әсерлі мағлұматтар береді. Содан болуы керек, ерлі-зайыпты Хосе мен Ллойдин Аргуэлльестердің аңсары Алтайға ауып, осы бір жер жәннатын көруге ынтыға асығады. Ақыры олардың бұл арманы да орындалады. 2001 жылдың тамыз айында қос ғалым мен оларға ілесе келген “Уақыт Заңы қорының” өкілдерін алтайлықтар Катунь өзенінің бойында ыстық ілтипатпен қарсы алады. Жергілікті халықтың қаймағы бұзылмаған мәдени салт-дәстүрлері мен діни наным-сенімдері ғалымдарға ерекше әсер қалдырады. Себебі, мұндай қошеметке олар бұрын-соңды еш жерде ие болып көрмеген еді. Әсіресе оларды таңдандырған алтайлықтардың “ақ діні” болатын. Себебі, бұл наным әлемдегі ірі үшбу діннің, атап айтқанда буддизм, христиан және исламның тоғысқан жерінен туындаған синтез-сенім секілді болып көрінеді. Сосын Аргуэлльестердің түсінігінде, бұл ғажап кездесу уақыт пен кеңістіктің сырын ұғынудың бір нүктеге, яғни киелі Алтайға келіп түйіскен сәті еді. Екіншіден, бұл сапар оларға адам өмірінде ешнәрсенің кездейсоқ болмайтынын дәлелдеп тұрғандай әсер қалдырады. Тіпті, аталмыш уақиғалар тізбегі дәл солай болуға тиісті алдын-ала сызылып қойылған заңды­лықтардың нәтижесіндей болып көрінеді. Әйтпесе, дәл 2001 жылдың тамыз айында олардың Ресейге жолдарының түсіп, Новосібір мен Таулы Алтайды жеті күн аралауын және олардың бұл сапарының Николай Рерихтің Трансгималай экспедиция­сының аясында киелі Алтайға 1926 жылғы тамыз айында жасаған жорығының 75 жылдығына дөп келуін қалайша түсіндіруге болады? Әлде о баста маңдайға не жазылса, сол болады деген халық жадында сақталып қалған аксиоманың шындықтан алыс емес екенінің шынайы көрінісі шығар бұл. Сонымен, әлгіндей нышанды сезімге оранған Хосе Аргуэлльес өзі бастап келген миссия мүшелерімен бірге бірден Алтайдағы Усть-Кокси ауданының Жоғарғы Уймон селосында орналасқан Рерихтердің музей-үйіне аттанады. 75 жыл бұрын Рерихтер тұрған дәл осы үйде Хосе Аргуэлльес Ресейдің Новосібір қаласынан шыққан атақты ғалым – Алексей Николаевич Дмитриевпен кездеседі. Бұл-дағы оның көптен күткен арманы болатын. Кейіннен екі ғалымның арасында басталған жылы достық қарым-қатынас кереметтей шығармашылық байланысқа ұласады. Аргуэлльестер басшылық еткен “Уақыт Заңы қоры” экспедициясының басты мақсаты Алтайда халықаралық мәдени орталықтың негізін қалау болатын. Оны іске асыру үшін Аргуэлльестер экспедиция соңында Таулы Алтайдағы атақты Катунь өзенінің оң жағалауында орналасқан Чемаль ауданында “Алтай және байырғы майя: Уақыт Заңы, өткеннен келешекке” деген тақырып аясында жеті күндік семинар өткізеді. Семинардың Кин Алтайда, яғни жер кіндігінде және сондағы Катунь өзенінің бойында өтуінің де өзіндік сыры бар. Өйткені, майя тілінде “kіn” деген сөздің бірнеше мағынасы бар: бірінші мағынасы – аптаның бір күні, екіншісі – аспан әлеміндегі Күн, үшінші мағынасы – кіндік. Ал майя тілінде бір күн дегенді білдіретін “kіn” деген сандық ұғымнан кейінгі үлкен ұғым – “wіnal”. Бұл – 20 деген ұғым­ның атауы. Wіnal-дан кейінгі үлкен сан – “tun” (360 күн) немесе 18 wіnal. Төртінші үлкен сан – “katun”. Бір katun 20 tun-ге немесе 7200 күнге тең. Келесі, бесінші үлкен сан – “baktun”. Бұл 144000 (7200x20) күнге тең. Ал майялардың ұзын есепке негізделген күнтізбесі бойынша, аспан күмбезіндегі Күннің (Kіn) бір циклы – 5126 жылға теңеледі. Бұл – шамамен 13 baktun (12.8). Демек, 13 baktun – Күн циклының бір мүшелі. Олай болса, қазіргі адамзат майялардың ұзын есепке негізделген Күн циклы бойынша, біздің заманымыздан 3114 жыл бұрын басталған және 2012 жылы 21 желтоқсанда күн мен түн теңелетін кезде аяқталатын Күннің мүшел жасының кезінде өмір сүріп жатыр. Демек, Күннің 5126 жылға теңелетін келесі циклы 2012 жылдың 22 желтоқсанынан қайта басталады. Ендеше, 2012 жыл туралы қазіргі кезде ақпарат құрал­дарында жиі-жиі көтеріліп жүрген әртүрлі қорқынышты қауесеттердің басты себебін 2012 жылдың Күн циклының мүшел жасы екендігімен ғана түсіндіруге болады. Өйткені, күллі адамзат әр       жастан секем алады, қор­қақтайды. Бұл – күмән туғызбайтын шындық. Семинардың жеті күнге жоспарлануының да өз астары бар. Біріншіден, 7 – бүкіл әлемде киелі сан болып есептеледі. Екіншіден, 7 әлемдік генезистің негізі немесе жаратушы күші болып саналады. Тілімізде жүрген жеті қат аспан, жеті қат жер асты, жеті қарақшы, жеті жарғы, жеті нан, жетісін беру сияқты сөз тіркестері де жоғарыдағы нышанды ұғымдармен тікелей астарласып жатыр. 28 күнге толатын майя күнтізбесіндегі 4 апта да 7 күннен тұрады. Ал ең таңданатын нәрсе – бірден жетіге дейінгі сандардың өзара қосындысының (1+2+3+4+5+6+7) тұп-тура 28 болып шығатындығы. Сосын әлгі тізбектің тең ортасы 4 екені айқын байқалады. Ал он үш айдан тұратын Киелі күнтізбедегі 13-ті құрайтын сандардың (1-2-3-4-5-6-7-8-9-10-11-12-13) тең ортасы – 7. Демек, төрттің жетіге қатынасы, жетінің он үшке қатынасымен бірдей: 4:7::7:13. Ал бұл формула – Уақыт Заңының үйлесімділікті білдіретін ең негізгі формуласы. Аргуэлльестердің Алтайда өткізген семинарының негізгі нысанасы адамдарға табиғаттың ұлы күші – әр жылы 13 айдан және әр айы 28 күннен тұратын майялардың киелі Күнтізбесіне қайта оралуға бастайтын шынайы ниеттің ұрығын себу болса, екінші көздегені негізін кезінде Аргуэлльестердің өздері қалаған “Уақыт Заңы қоры” мен “Өнердің планетарлық торының” Таулы Алтайда, Қазақстанда, Украинада, Оралда, Новосібір қаласы мен Санкт-Петербургте ашылатын жаңа түйіндерінің бүршік атуына ықпал ету болатын. Жеті күн ішінде Аргуэлльестер Уақыт Заңының қыр-сырын семинарға қатысу­шыларға айшықтап, баяндап берді. Мұндай жетікүндік семинарларды Аргуэльестер бұған дейін де талай рет әлемнің сан-алуан елдерінде өткізіп, Уақыт Заңы мен сол Заңға негізделген Киелі Күнтізбені және майялардың мате­матикасы мен космологиясын адамдардың санасына сіңірумен келе жатыр. Сосын, Хосе Аргуэлльес мұндай шараны әлемнің қай жерінде өткізбесін, 1582 жылы Ватикан қабылдаған, бірақ ғылыми негізі жоқ Григорий поптың жасанды күнтізбесінен бас тартып, нағыз галактикалық үйлесімділікке негізделген әр жылы 13 айдан, әр айы 28 күннен тұратын әрі барша адамның биологиялық циклдарына сәйкес келетін киелі Күнтізбеге ауысуды уағыздап отырады. Алтайға жасаған сапарында Хосе Аргуэлльес алтайлықтардың тіліндегі кин, катунь деген сөздер мен майя тіліндегі kіn, katun деген сөздердің фонетикалық үндес­тіктерімен қатар мағыналық ұқсастықтарына және майялардың 260 күндік Цолкин деп аталатын қысқа күнтізбесінің атауының құрамында тұрған kіn деген сөзге де мән береді. Оның да мағынасы – күн. Мұның сыртында Хосе Аргуэлльес Мексика жеріндегі “майаб” деген топонимге назар аударады. Бұл сөздің ертеректе Орталық Америкадағы бір аймақтың атауы болғанын, ал кейінірек оның “Анауак” болып өзгергеніне сілтеме жасай отырып, әлгі сөздің мағынасының “cулардың арасындағы жер” деген ұғымды білдіретінін және әлгі сулардың Тынық Мұхит, Кариб теңізі және Мексика шығанағындағы шалқар айдындар екенін атап өтеді. Майаб немесе Аноуак деген топонимдер, негізінен, қазіргі Мексиканың бір бөлігі болып келетін қазіргі Юкатан жарты аралы мен соның оңтүстігіндегі биік таулы аймақты қамтиды. Әлгі таулардың басында Атитлан деген көл бар. Ол Алтайдың төбесіндегі Телес көліне қатты ұқсайды. Майялар өздерін сол көлдің маңынан шыққандығын және о баста олардың 13 тайпа, 7 ру болғанын және уақыт өте келе көбейіп, әлгі аймаққа түгел тарағанын сөз етеді. Бүгінде таулық майялар өздерін “киче майя” деп атаса, ойда тұратындар “юкатектер” деп атайды. Және бір дерек көздерінен майялар туралы мынадай мағлұматты кездестіреміз. Біздің заманымыздың 668-1175 жылдары аралығында қазіргі Мексика жеріне лек-лек моң­ғол­тек­тестер келіп қоныстанған. Олар Моңғолияның Толан деген аймағынан келген. Әлгі аймақ Байкал көлі мен Толы өзенінің бойына орналасқандықтан Анауак, яғни Су бойы деп аталған. Мұхиттың арғы жағынан өтіп келген соң әлгі моңғолтектестер жаңа мекендеріне өздерінің байырғы жер-су атауларын беріп, оларды да Толан немесе Толы (Туле) деп атай бастаған. Әлгі өңірлер де мұхит пен теңіз айдындарына жақын орналасқандықтан, бұрынғыша Анауак болып аталып кеткен. Кезінде қазіргі Мехико қаласының орнында да шалқар көл болған. Сол көлдің бойын жайлаған халық өздерін нахуатлактар деп атаған және олар о баста Ацтланнан, яғни жоғарыда аталған Атитлан көлінің маңынан келіп қоныстанғанын және 13 тайпа, 7 ру болғанын шежіре қылып айтып келген. Нахуа тілінде сөйлейтін халық өздерін нахуатлактар деп атаумен қатар Ацтланмен немесе Атитланмен байланыстырып, ацтектер деп те атап кеткен. Ацтектер демекші, егер олар о баста Алтайдан келіп қоныстанса, осыны дәлелдейтін лингвистикалық дерек бар ма, бар болса, олар қандай деген сұраудың жауабын іздер болсақ, мындай дерек алдымыздан шығады. Мәселен, Elіseo B. Aragon және Rosarіo Marіa Gutіerrez (7) есімді ғалымдардың қолымен жазылған нахуа тілінің сөздіктерін зерттегенімізде құрамында түркі тілдерінің бәріне де отақ tepe (төбе) деген ацтектердің жүзден аса байырғы топонимдері мен олардың этимологиялық анық­тамасын кездестірдік. Олар қазіргі Мексиканың оңтүстігінде орна­ласқан Веракруз, Гуерреро, Оахака және Чьяпас штаттарында өте жиі кездеседі. Ацтектердің Алтайдан шыққандығының әрі олардың түркі тектес халықтармен жақын­дығының тағы да бір дәлелі ацтек деген этнонимнің этимолог­ия­сынан анық байқалады. Ғалым И.Ф.Никоновтың пікірінше, әлгі атау а(к)цилан деген сөзден өрбіген. Ал ацтек тілінде ак деген сөз ақ, ал цилан деген сөз жылан деген ұғымдарды білдіреді. Бұл сияқты лингвистикалық дәйектерге кезінде “Азия – Берингия –Америка” атты монографияда арнайы то­қ­талып, жеткілікті материал берген болатынбыз. Олардың ішінде байырғы америкалық “үндістердің” азиялық, ал түптеп келгенде алтайлық тегі антропологиялық, архео­логиялық, палеонтологиялық, генети­калық, лингвистикалық және басқа ғылымдар тұрғысынан жан-жақты сарапталды. Кезінде Христофор Колумб ашса да, атауы ұлы жиһангердің өзіне бұйырмай, Жаңа әлем не­месе Америка атанып кеткен алып құр­лықтардың сыры шындықтан мүлде аулақ жатқан еуроцентристік көзқарастан аршылып, оларды мекендеген түбі түркі халықтар орнықтырған ұлы өркениеттің тарих пирамидасынан алатын заңды орны ең соны ғылыми деректермен түйінделді. Ең бастысы, о баста, бағзы замандарда, Алтайдан басталған ұлы көштің тек Батысты ғана нысанаға алмай, кезінде Қиыр Шығыстағы екі алып құрлықты жалғастырып жатқан, кейін су астында қалған жермойнақты басып өтіп, Жаңа әлемге де алғашқылардың бірі болып ат ізін салғаны бұлтартпайтын ғылыми айғақтармен дәлелденді. Америкалық “үндістердің” арғы тегінің Алтайдан шыққандығына көз жеткізетін тағы бір дерек көзі бар. Хосе Аргуэлльестің жоғарыда аталған Алтай мен байырғы майялардың сабақтастығы туралы еңбегінде мексикалық суретші Мигель Повариустың Американың Солтүстік батысын мекендейтін “үндістердің” ою-өрнектерінің Мексика мен Оңтүстік Америка “үндістерінің” ою-өрнектеріне, ал олардың өз кезегінде Сібірді мекендейтін этностардың ою-өрнектеріне өте ұқсайтынын және өз суреттерінің арқауы етіп алғанын еске салады. Сосын Хосе Аргуэлльес алтайлықтардың киіз үйлерінің (жаппалар болуы керек), америкалық “үндістердің” “типпи” деп аталатын конус тәріздес шошалаларына қатты ұқсайтынын, сосын алтайлықтардың ән салу мен дұға жасау мәнерінің америкалық “үндістердікіне” өте жақын келетінін, сонымен қатар Солтүстік Американың байырғы халықтарының моншақ, сырға, білезік және теріден жасалған бұйымдарының Алтай мен Сібір халықта­рының әлгіндей бұйымдарына өте ұқсайтынын тілге тиек етеді. Сөз соңында алтайлықтардың байырғы ацтектер мен майяларға жақындығын нақты дәлелдейтін тағы бір факторға оқырман назарын аудара кеткенді жөн санаймын. 2008 жылы ЮНЕСКО-ның бас ғимаратында, Францияның астанасы Парижде “Халықтардың алғашқы ұлы көші” (“Fіrst Great Mіgratіons of Peoples”) деген тақырыптың аясында өткен ауқымы кең әрі көп нысаналы халықаралық конференция діттеген мақсатына жетті. Бұлай деуге толық негіз бар. Мұны конференция нәтижесі анық байқатты. Нар жолында жүк қалмас демекші, бұл заманауи форумның бастамашысы әрі іске асырушысы халқымыздың тұғыры биік тұлғаларының бірегейі, атақ-даңқы бүкіл әлемге әйгілі, ірі қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, жұлдызды да дарабоз ақын, дипломат, саясаткер, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің жетекшісі, еліміздің біртуар азаматы Олжас Сүлейменов еді. “Жақсының жақсысын айт, нұры тасысын” деп халқымыз айтпақшы, Олжас Омарұлы аталмыш конференцияны іске асыру үшін көп ойланып, көп толғаныпты. Мұның дәлелі, халықаралық конференцияның өте ұқыптылықпен жасақталған бағдар­ламасынан анық байқалып тұр. Мәселен, конференцияда “Африкадан Америкаға дейін. Планета бетіне қоныстану”, “Ұлы көштер. Ортақ мұра”, “Еуропадағы алғашқы қо­ныстардан бастап, ең соңғы ұлы көшке дейін”; “Ұлы көш толқындарындағы көшпелі өркениеттер” деген төрт секцияға жіктелген салиқалы бағыттар аясында АҚШ, Голландия, Үндістан, Италия, Қазақстан, Қытай, Перу, Ресей, Ұлыбритания және Франция сынды он мемлекеттің атынан 17 ғылыми баяндамалар жасалды. Олардың ішінде генетиктер де, археологтар да, палеонтологтар да, антро­пологтар да, лингвистер де, тарихшылар да, иммунолог-биологтар да, көшпелі өрке­ниеттерді зерттейтін шығыстанушы ғалымдар да болды. Ғалымдар ұсынған ғылыми баяндамалардың барлығы да өзіндік ерек­шеліктерімен қатар, терең мазмұн­дылығымен ғылыми форумға қатысқан жұртшылықтың ықыласы мен ризашылығына ие болды. Өйткені, халықаралық конфе­ренцияның бағдарламасына енген тақырыптар ешкімді де бейжай қалдырмады. Сосын бұл халықаралық конференцияның біз көтеріп отырған америкалық “үндістердің” алтайлық тегі туралы мәселеге де тікелей қатысы бар. Конференция материалдары ағылшын және орыс тілдерінде жеке кітап болып басылып шықты. Бұл еңбекке осы мақала авторының америкалық “үндістердің” алтайлық тегін археологиялық, лингвистикалық және генетикалық тұрғыдан дәлелдейтін ғылыми баяндамасымен қатар біздер келтірген ғылыми дәлелдерді толық қуаттайтын Франция генетигі Эвелин Эйер мен Германиядағы Александр фон Гумбольдт атындағы қордың Георг Фостер ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Эльмо Леон Каналистің өте құнды баяндамалары да жарық көрді. Әділ АХМЕТОВ, сенатор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.