Жуырда ғана дзюдодан Нұр-Сұлтанда өткен Азия чемпионатында Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасы сегіз жүлде олжалап, өз жанкүйерлерін қуантқан еді. Бір өкініштісі, өз елімізде жалауы желбірген жарыста әнұранымыз бір мәрте ғана шырқалды. Жалғыз алтынды есімі көпшілікке беймәлім 18 жастағы Данияр Шамшаев есімді балуан жеңіп алды. 73 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан ол барлық төрт бәсекені иппонмен аяқтап, көпшіліктің назарын өзіне аударды. Дүбірлі дода аяқталған бетте су жаңа чемпионмен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Данияр, Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын дзюдошылардың тізімінен сенің аты-жөніңді кезіктіргенде таңданысымызды жасыра алмағанымыз рас. Себебі бір топ сақа спортшы жұлқынып тұрғанда, дәл осындай жауапты жарысқа есімі көпшілікке беймәлім балуанды қосады деп еш ойламадық. Сен үшін де бұл тосын шешім болды ма?
– Бәлкім, қалың бұқара мені жіті танымайтын шығар. Бірақ спорттың төңірегінде жүргендер осындай балуанның барын білуге тиіс. Негізі мен бұған дейін де біраз белесті бағындырдым. Әуелі жасөспірімдер, одан кейін жастар арасында Азия чемпионы атандым. ТМД ойындарында қола медальды мойныма ілдім. Басқа да бірқатар халықаралық додада жүлде алдым. 2020 жылы алғаш рет ересектер дуына қосылып, Ақтауда өткен Қазақстан чемпионатында топ жардым. Осы жарыстың жартылай финалында Ғұмар Қырғызбаевты қапы қалдырсам, ақтық сында Ғұсман Қырғызбаевты ұттым. 2021 жылы Оралда өткен ел біріншілігінің финалында Жансай Смағұловқа есе жіберіп, күміс медальды иелендім.
– Бұл есімдердің барлығы да спортсүйер қауымға жақсы таныс. Осындай мықтылардың біразын жолыңнан ығыстырып, біразымен тең дәрежеде айқассаң, сен де осал болмағаның ғой. Олай болса, ұлттық құрама бапкерлері сары құрлықтың бас додасына өзіңді бекер қоспаған екен...
– Алғашында оқу-жаттығу жиынына шақырту алып, біраз сүзгіден өттік. Ал аталған жарысқа қатысатыным тек соңғы сәтте ғана белгілі болды.
– Азия чемпионаты аяқталған бетте сен туралы біраз мағлұмат жинадық. Байқап қарасақ, бірнеше рет ересектер арасындағы Гранд Слэм мен Гран-при турнирлеріне де қатысыпсың. Бірақ жолың болмаған екен. Сол сайыстардағы сәтсіздіктер жігеріңді жасытқан жоқ па?
– Иә, оныңыз рас. Ұлттық құрама сапында Тель-Авив, Тбилиси, Қазан, Анталия және Будапешттегі турнирлерде бақ сынадым. Бұл жарыстың барлығында ұтылдым. Бірақ сағым сынған жоқ. Себебі ересектер дуына енді ғана қосылған балуандардың дені ондай жағдайды басынан өткерген. Керісінше, әр сәтсіздіктен сабақ алып, тиісті қорытынды шығаруға тырыстым. Әр жарыс аяқталған бетте бапкерлеріммен бірге бейнетаспаны кері айналдырып, қандай қателіктер жібергенімді және кемшін түскен тұстарымды сараладым.
– Нұр-Сұлтанда төрт кездесу өткізіп, барлық бәсекені мерзімінен бұрын аяқтадың. Қазіргі кезде барлық БАҚ өкілі 18 жастағы өренге Азия чемпионы атану үшін 148 секунд жеткілікті болды деп жарыса жазып жатыр. Өзің де қатты қуанып отырған шығарсың?
– Әрине, ондай жағдай әрбір адамды жігерлендіретіні рас. Менің де қуанышымда шек жоқ.
– Барлық бәсекені бір ғана тәсілмен ұтып шыққан секілдісің...
– Үндістандық Суреш Сингх Нингхоужам (42 секунд), тәжікстандық Бехруз Кожазожда (42 секунд) және өзбекстандық Муратжон Юлдашевты (31 секунд) «зацеппен» ұттым. Ал қырғызстандық Шыңғысхан Сағыналиевті (34 секунд) «скруткаға» салдым.
– Осы балуандармен бұрын да кездесіп пе едің?
– Былтыр Ақтауда өткен Азия кубогында Юлдашевқа вазари әдісімен есе жіберген едім. Бұл жолы да финалда жолымыз түйісті. Бұл жолы жеңіске жету үшін санаулы секундтар жеткілікті болды.
– Аралас командалық сайыстың алғашқы айналымында Қазақстаннның дзюдошылары Жапония құрамасымен кездесті. Сол бәсекеде сен Рюдзю Нагаямамен екі рет күш сынастың. Бірінші рет жеңген едің, екіншісінде есе жібердің. Неге?
– Аса жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген Нагаяманың әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, көптеген аса ірі халықаралық жарыстың жеңімпазы деген атақтары бар. Ол – өте жылдам әрі епті балуан. Алғаш рет кездескенде оның қаша жүріп ұрыс салғанын өздеріңіз де көрдіңіздер. Рюдзюді ұстап алып, әдіс жасаудың өзі маған оңайға соқпады. Әйтеуір, қақпаныма түсіргеннен кейін қос жауырынымен жерге қададым. Өкінішке қарай, сол белдесуде иығымды ауыртып алдым. Екі команда арасындағы айқас тең есеппен аяқталғаннан кейін жеребе тарту рәсімі өтті. Жеребеге сай екеуіміздің жолымыз қайта түйісті. Бірақ бұл жолы алған жарақатым кеңінен көсілуіме мүмкіндік бермеді.
– Қалай болғанда да, халық саған дән риза. Өйткені жерлестеріміздің арасынан Қазақ елінің әнұранын шырқатуға жалғыз сенің ғана күш-жігерің жетті. Осылайша, 18 жасыңда Азия чемпионы атанып отырсың. Қазір қандай сезімдесің?
– Қуанышым әлі де басылар емес. Өз елімде, өз жерімде, өз жанкүйерлерімнің көз алдында жарқын жеңіске қол жеткізе алғаныма шаттанып отырмын. Сонымен қатар бұл жеңіс маған үлкен жауапкершілік жүктейтінін де жан-тәніммен сезінемін. Енді мамандар мен жанкүйерлердің әр қадамымды жіті қадағалайтыны анық. Сол сенім үдесінен шығу үшін маған енді бұрынғыдан да көп еңбектену қажет.
– Биыл күзде Өзбекстанның бас шаһарында әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Ташкенттің төрінде де атой салуды армандайтын шығарсың?
– Нұр-Сұлтандағы жарыс менің өз-өзіме деген сенімімді күшейтті. Шын ниеттенсем, қолымнан көп нәрсе келетінін түсіндім. Сол себепті әлемдік додада да барымды салып, Қазақ елін қуантуды көздеймін.
– Өзің және отбасың жайлы біраз мағлұмат бере кетсең. Дзюдо күресін таңдауыңа не түрткі болды? Қай жерде жаттықтың? Кімдерден тәлім-тәрбие алдың?
– Мен 2004 жылдың 3 тамызында Алматы қаласында дүниеге келдім. Яғни Азия чемпионатының дәл қарсаңында туған күнімді атап өттім. Әкем Серік пен анам Айткүл – шағын ғана жеке кәсібі бар қарапайым жандар. Алдымда ағам бар, менен кейін інім мен қарындасым өсіп келеді. Ағам Алмат менен бес жас үлкен. Ол да кезінде дзюдомен шұғылданды. Бірақ жарақатына байланысты үлкен спорттан ертерек қол үзіп кетті. Алматқа еліктеп мен де спорттың осы түрін таңдадым. Алғашқы бапкерім – Медет Есболаев. Дзюдоның әліппесін сол кісіден үйрендім. Содан кейін Алматыдағы республикалық спорт колледжінде шеберлігімді шыңдадым. Қазіргі кезде Тараз қаласында Рақымжан Қожатаев пен Ғалымжан Жылкелдиевтің қол астында жаттығамын.
– Әңгімеңе рахмет.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»