• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 15 Тамыз, 2022

Сақтандыру нарығында қандай өзгерістер болады?

464 рет
көрсетілді

Автополис бағасын есептеуде өңірдегі жол апатының деңгейі ескерілсе, ерлі-зайыптылардың ажырасуы зейнетақы аннуитетін пайдалануға кедергі болмайды. Жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева сақтандыру саласында болатын осындай жаңашылдықтарды хабарлаған еді.

2022 жылы 12 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нары­ғын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасының Заңына қол қойды. Заңға енгізілген өзгеріс бойынша, 2024 жылдан бастап көлік жүргізушілері үшін міндетті сақтандыру полисінің құны жыл сайын қайта қаралып тұрмақ. Баға әр аймақтағы жол апатының деңгейіне байланысты.

«Қазіргі сақтандыру тарифтері 2007 жылы бекітілген және содан бері жа­ңар­тылмаған. Сол себепті міндетті авто­­сақтандыру бойынша икемді баға қалып­тастыру жүйесін енгізу ұсынылды. Әр өңірдегі апаттылық деңгейі әртүрлі. Ор­таша шығын коэффициенті Солтүстік Қазақстан облысында – 20, Нұр-Сұлтан мен Алматыда 61 пайызды құрайды. 2024 жылдан бастап көлік құралы иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша шығын деңгейін 60-80 пайыз аралығында бекітуді жоспарлап отырмыз. Әлемдік практикаға сүйенсек, сақтандыру компанияларының адекватты шығын деңгейі 64-68 пайыз аралығында. Бұл – сақтандыру компа­ниясына тиісті төлемдерді жүзеге асыруға және автокөлікті сақтандыру полисі бойынша тиісті комиссия деңгейіне ие болуға мүмкіндік беретін қалыпты ­шы­ғын коэффициенті. Сондықтан дәл осы аспектілерді ескеретін автополистің икем­ді тарифтеріне көшу жоспарлануда», дейді М.Хаджиева.

Автосақтандыру полисі бойынша икемді баға жүйесін құру үшін көлік құ­ралы иелерінің азаматтық-құқықтық жауап­кершілігін міндетті сақтандыру бойынша статистика түзіледі. Ол статис­тика екі жыл бойы жинақталып, жи­нал­ған дерек 2024 жылға таман жаңа тариф белгілеуге мүмкіндік бермек. Жоға­рыда айтылғандай, тариф құны өңірдегі сақ­тандыру шығыны мен апаттылық деңге­йіне байланысты сараланып, бекітіледі. Егер аймақта жол апаты деңгейі аз болса, онда полис құны да арзан болмақ.

Сонымен қатар М.Хаджиева сала­дағы цифрландыру үдерісінің жалғаса­тынын, 2024 жылдан бастап көлік құра­лы иелерінің азаматтық-құқықтық жауап­кершілігін міндетті сақтандыру бойынша онлайн-реттеу енгізілетінін де атап өтті.

«Бұл сақтандыру ұйымының кеңсе­сіне келмей-ақ сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібін айтарлықтай жыл­­дам­датады және жеңілдетеді. Қазір бір­қатар сақтандыру ұйымдары тиісті бағдарламалық-техникалық құралдарды сынақтан өткізуде. Сонымен бірге аталған полис бойынша автотранспортқа келген залалды бағалау жүйесі де жетілдіріледі. Бұл да сақтанушының сақтандыру төлем­дерін алу кезіндегі уақыты мен бюджеті бойынша шығындарын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді», деді ол.

Сақтандыру нарығын дамыту басқар­масының бастығы Сағи Әжібектің айтуынша, заңмен ұсынылатын маңыз­ды жаңалықтардың ішінде – өмірді сақтан­дырудың жаңа, әлеуметтік маңызы бар өнімдерін енгізу, сақтандыру саласын одан әрі цифрландыру, сақтандыру төлем­деріне кепілдік беру жүйесін дамыту және сақтандыру қызметтерін тұты­нушылардың құқықтарын қорғау тетігін жетілдіру бар. Әзірлеушілер заңның ха­лық үшін сақтандыру ұйымдарының офистеріне бармай-ақ онлайн режімде сақтандыру қызметтерінің толық аясын алу мүмкіндігін басты көзір еткен.

«Бүгіннің өзінде біз автосақтандыру шарттарын бір түртіп қана қашықтық­тан жасай аламыз. Бізге автокөлік иесі мен автомобиль бойынша деректерді толтырудың қажеті жоқ. Себебі Бірыңғай сақтандыру дерекқоры оны Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік дерекқорларымен интегра­циялау арқылы ала алады. Бұл авто­сақ­т­андыру шартында клиент толтыратын ақпарат көлемін айтарлықтай азайтады», дейді С.Әжібек.

Автосақтандыру шарты бойынша шарт жасалған сәттен бастап сақтандыру төлемін алғанға дейінгі цикл толықтай цифрлануға тиіс. Барлық рәсімнің қара­пайым және ашық болуы да қатаң бақы­ланады. Бұл талаптар да заңда жазылған.

«2024 жылдан бастап автомобиль иеле­рінің болмашы жол-көлік оқиғала­ры­ның салдарынан көлік құралдарына кел­тірілген залал үшін сақтандыру тө­лемдерін алуын жеңілдететін «Еуро­­хат­таманы» енгізу жоспарланып отыр. Мұндай тәртіп жол-көлік оқи­ға­­сына қаты­сушылардың өмірі мен денсау­лығына зиян болмаған жағдайда және залал сомасы 100 АЕК-тен аспаса, поли­­ция­ның қатысуынсыз мобильді қосымшаның көмегімен сақтандыру төлемін алуға, құжаттарды ресімдеуге және сотқа жүгінуге мүмкіндік бере­ді. Қазір клиент пен сақтандыру ұйы­мы­ның өзара іс-қимылының бүкіл про­це­сін цифрландыру мақсатында сақ­тан­дыру ұйымдары мен мемлекеттік орган­дар­дың ақпараттық жүйелері арасында интег­рация жүргізіліп, Бірыңғай сақтан­дыру дерекқорының функционалы пысық­талуда және мобильдік қосымша әзірленуде», деді агенттік өкілі.

Сондай-ақ заңға енгізілген түзету­лер­дің үлкен блогы сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған.

«Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігімен өтелетін сақ­тандыру сыныптары тізбесінің ұлғай­тылуы – сақтанушылар үшін ма­ңыз­ды жаңалық. Қордың кепілдігі сақтан­дырудың барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сыныптарына, оның ішінде бірлескен зейнетақы аннуитеттері мен МБЖЖ шеңберінде өмірді сақтандыруға да қолданылатын болады. Егер қазіргі уақытта Қордың кепілдігі сақтандырудың тек 5 түрін қамтыса, Заң күшіне енгеннен кейін сақтандырудың кепілді түрлерінің саны 10-ға дейін, яғни екі есе артады», деп атап өтті басқарма бастығы.

Соңғы жылдары сақтандыру нары­ғындағы жаңалықтың бірі – ерлі-зайып­тылардың зейнет жасына жеткеннен кейін бірыңғай зейнетақы аннуитетін пайдалана алуы. Мария Хаджиеваның айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажыра­сып кетуі де зейнетақы аннуитетін пайдала­нуына еш кедергі болмайды.

«Бізде зейнетақы аннуитеті келісім­шартын жасау үшін минималды жеткілікті сома бойынша шектеу бар. Қазір 55 жасында мұндай келісімшарт жасай алатын азаматтар саны – 25 мың. Олардағы жеткілікті сома заңмен бекітілген минималды жеткілікті деңгейден асып түседі. Олар өз жинақтарын сомасы минималды шекке жетпейтін зейнетақысы бар азаматпен біріктіре алады. Ол жақын туысы немесе жұбайы (жолдасы) болуы мүмкін. Ер мен әйелінің ажырасып кетуі олардың жеке төлемдеріне әсер етпейді. Өйткені әр адамның төлем графигі жеке жасалады», дейді М.Хаджиева.

Оның сөзіне қарағанда, зейнетақы аннуитетінің артықшылығы көп. Бірінші­ден, бұл – зейнетақыңызға қосымша болатын төлеммен бірге сақтандыру қорынан өмірінің соңына дейін төлем алып отыру мүмкіндігі. Ал БЖЗҚ зейнетақыны өмірдің соңына дейін емес, зейнетақы шотындағы қаражат таусылғанша төлей­ді. Екіншіден, зейнетақы аннуитеті шар­­ты зей­неткерлік жасқа толған жә­­не зей­­нет­ақы аннуитеті шартын жа­сас­­­қандар үшін тұрғын үй сатып алу қа­­­жет болған жағдайда БЖЗҚ-дан зей­нет­­­ақы жинақтарын толық көлемде алуға мүмкіндік береді. Зейнетақы ан­нуи­теті арқылы азаматтар сақтандыру ком­паниясының көмегімен өз зейнет қаржысын зейнет жасына жетпей-ақ ала бастайды. Бірақ зейнетақы жинағы жеткілікті сома деңгейіне жетіп тұруы керек. Бірлескен аннуитет жақын туыс­тардың зейнетақы жинақтарын бірік­тіруге және аннуитет шарты бойынша кірістерді қайта бөлуге мүмкіндік береді. Мысалы, егер ерлі-зайыптының біреуінде өмірді сақтандыру бойынша компаниядан аннуитетті сатып алу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болса, ал екіншісінде артылып жатса, онда бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы екеуіне де өмір бойы төлемдер қамтамасыз етіледі.

Еске салайық, ер адамдар 55 жас­тан бастап сақтандыру компаниясынан зейнетақы аннуитеті бойынша төлем ала алады. Ол үшін зейнетақы қорында 6,7 млн теңге көлемінде жеткіліктілік сомасы болуға тиіс. Әйелдер бұл мүмкіндікті 52 жастан бастап қолдануға құқылы, ал жинақ сомасы 9 млн теңгені құрауға тиіс. Бұдан бөлек «мерзімі жылжытылған» аннуитет те бар, оны 45 жастан бастап сатып алуға болады. Ол үшін 45 жастағы ер адамның БЖЗҚ-да кемінде 6,1 млн теңгесі, ал сол жастағы әйелдің 7,7 млн теңге жинағы болуы міндетті. Бірақ бұл аннуитет бойынша төлемді азамат тек 55 жастан бастап алады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша 61 мыңнан астам адамның өмірді сақ­тан­дыру компанияларында 300 млрд теңге­ден астам жалпы сомаға зейнетақы аннуитеті шарты бар, яғни олар өзіне өмір бойғы зейнетақы төлемдеріне кепілдік жасаған.

«Коммеск-Өмір» СК» АҚ басқарма төрағасы Олегь Ханиннің сөзіне сүйен­сек, зейнетақы аннуитеті, әсіресе әйел­дерді қолдауға бағытталған бастама. «Негізінен зейнетақы түсімдері ер адам­­дарға қарағанда әйел адамдар­да азы­рақ. Осылайша, жоспарлау құра­лы ре­тінде зейнетақы аннуитетінің тиім­­ділігі арта түседі», дейді ол. Ал «Халык-Life» басқарма төрағасы Жанар Жұба­ния­зова биыл сақтандыру компания­лары күтетін соңғы өзгерістердің қата­рында – сақтанушының зейнетақы аннуи­теті шарты бойынша сақтандыру сыйлық­ақысының бір бөлігін БЖЗҚ-ға қайтару мүмкіндігін атап өтеді.