Петропавлда синтетикалық есірткі жасау лабораториясы әшкереленді. Оның иесі 20 жастағы тұрғын болып шықты. Бірақ оның артында химиялық біліктілігі жоғары бір адамдардың тұруы мүмкін. Тергеу-тексеру барысында олар анықталар деген үміт бар.
Әйтпесе не химиялық, не биологиялық білімі жоқ жас жігіт синтетикалық есірткіні жасау жолдарын қайдан білуі мүмкін. Ұсталған кезде оның лабораториясынан өсімдік тектес зат салынған 8 полимер түйіншек табылған. Ал Халтурин көшесіндегі үйінен 52 түйіншек пен сұйықтық құйылған екі ыдыс шықты. Сараптама оның жасағаны «спайс» деген атпен белгілі синтетикалық есірткі екенін анықтады. Сондай-ақ оны дайындауға арналған прекурсорлар екендігін көрсетті. Күдіктінің айтуынша, есірткіні ол жеке пайдалану үшін сақтаған. Бұл әрине жалған екені көрініп тұр. Арнайы лабораторияның «өнімін» қаншама адам тұтынып, қаншамасы денсаулығын құртқаны, қаншамасы қылмыстық әрекеттерге барғаны даусыз.
Тәркіленген есірткінің жалпы саны 200 бір реттік дозаға жуық, жалпы салмағы – шамамен 8 грамм. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Сонымен қатар тінту барысында оның үйінен респираторлар, граммдық таразылар, өлшеуіш колбалар мен синтетикалық есірткіні дайындауға арналған басқа да құрылғы тәркіленді.
«Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Баптың санкциясы 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын көздейді», дейді ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Басыбаев.
ПЕТРОПАВЛ