• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Тамыз, 2022

Соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгердің сүйегі елге қайтарылды

229 рет
көрсетілді

Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгердің сүйегін тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Елшіліктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға Елшіліктің дипломаттары, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің, «Ресей іздеу қозғалысы» ұйымының, сондай-ақ қазақ диаспорасының бірқатар өкілі қатысты.

Жауынгердің сүйегін 2022 жылдың 9 шілдесінде Ленинград облысының Тоснен ауданындағы «Заслон» іздеу тобы тапты. Жауынгер медальонында сақталған бланкінің арқасында жауынгердің жеке басы анықталды. Оның есімі - Дузбаев Қалей. Ол 1902 жылы Батыс Қазақстан облысында туған.

Ресейлік іздеушілер «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігіне хабарласып, сарбаздың туыстарын іздеуді сұраған. Алайда, жауынгердің туыстары табылмады. Жақын арада жауынгерді туған жерінде толық құрметпен қайта жерлеу жоспарлануда.

Өз кезегінде «Ресей іздеу қозғалысы» ұйымының өкілі Дмитрий Федосов Қалей Дүзбаевтың туыстары ерте ме, кеш пе табылып, бейітін зиярат ете алады деген үмітін және жауынгер тағдырына атсалысқандардың барлығына алғысын білдірді.

Қазақстандық және ресейлік іздеу жасақтарының бірлескен жұмысы әлі де жалғасады.