Бүгін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі және ISESCO жанындағы Тұрақты өкілі Сәулекүл Сайлауқызымен кездесті. Сонымен қатар кездесуге академия вице-президенті Физули Маджидли қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Академияның жаңа ғимаратына арнайы келген елші Сәулекүл Сайлауқызы Түркі музейі мен кітапханасын аралап көріп, ұйымның жұмысымен танысты.
Кездесуде тараптар Түркі Академиясы мен ISESCO арасындағы меморандумға сәйкес, бірлескен іс-шаралар өткізу жөнінде пікір алмасты. Академия басшысы Шығыс ойшылдары Әл-Фараби мен Бируни мұраларын насихаттауға арналған ортақ жобаларды ұйымдастыру жөнінде ой бөлісті.
Өз кезегінде мәртебелі мейман Халықаралық Түркі академиясының түркі әлемінің ғылыми интеграциясы бағытындағы жұмысын жоғары бағалады.
Кездесу соңында Дархан Қыдырәлі елші Сәулекүл Сайлауқызына ризашылығын білдіріп, Академияның бағалы басылымдарын тарту етті.
Айта кету керек, Халықаралық Түркі Академиясы ислам әлеміндегі ғылыми және мәдени интеграцияны үйлестіруші ISESCO ұйымымен арнайы меморандум арқылы тығыз ынтымақтастық байланыс орнатқан.
Сонымен қатар, Түркі академиясы Ислам әлеміндегі ғылым мен мәдениетті үйлестіруге жауапты, 52 мүше мемлекетті біріктіретін Исламдық білім, ғылым және мәдениет ұйымына (ISESCO) бақылаушы мәртебесін алған алғашқы халықаралық ұйым саналады.