• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 18 Тамыз, 2022

Кәсіпорындар кодекс талабын орындай ала ма?

335 рет
көрсетілді

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар эмиссия көздерін автоматтандырылған мониторинг жүйесімен жарақтандыруға тиіс. Алайда отандық тау-кен металлургия кешені бұған дайын емес. Сондықтан кәсіпорындар жаңа Экологиялық кодекстің талабын толық орындау үшін Үкіметтен қосымша уақыт сұрап отыр.

Тау-кен өндіру және тау-кен метал­лургия кәсіпорындары қауым­дас­тығының хабарлауынша, талапқа толық сәйкес келу үшін кәсіпорын­дар қысқа мерзімде үлкен жұмыс көлемін орындауы қажет. Яғни тех­никалық тапсырманы дайындау, жо­балық құжаттаманы әзірлеу және оны мемлекеттік органдармен келісу, жеткізушілерді іздеу әрі жабдықтар сатып алу, монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстары, қызметкер­лер­ді оқыту керек. Бұл ретте жобалық құжаттаманы келісу рәсімдері ұзақ уақыт алады.

Жаңа норманың енгізілетіні тура­лы бүгін айтылмағаны белгілі. Ендеше, «Кәсіпорындар неліктен ертерек қам жасамаған?» деген заң­ды сұрақ туындайды. Қауымдас­тық мамандарының пікірінше, бұған әлем­дегі логистикалық тізбек­тер­­дің бұзылуы кері әсер еткен. Эмис­­сияларды бақылауға арнал­ған жаб­дықтар Қазақстанда шыға­рыл­май­ды. Демек оны АҚШ пен Еуро­па­дан әкелу қажет. Ал логистика­ның бұзылуы, валюта бағамының құбылмалылығы сатып алу және тендерлік рәсімдерді өткізу үдерісін қиындатқан. Соның салдарынан жаб­дықтарды жеткізу мерзімі 1-1,5 жылға дейін шегерілген жайы бар.

«Жабдықты орнатудағы техноло­гия­лық ерекшеліктер де әсер етті. Ортасы қауіпті зауыттарда немесе қондырғыларда өлшеу аспаптарын бекітпес бұрын пайдаланылған газды шығарып, ағызу құбырларындағы ойма тесіктерді қауіпсіз орнату үшін тоқтату керек. Алайда мұндай модернизация тек күрделі жөндеу кезінде ғана жүзеге асырылады. Ал күрделі жөндеу жұмыстары әдетте әр 2-4 жыл сайын жасалады. Сонымен қатар тозған құбырларды мұқият тексеру маңызды. Олар алдағы техникалық, құрылымдық өзгерістерге шыдамауы мүмкін», дейді қауымдастық өкілдері.

Олардың пікірінше, автомат­тандырылған мониторинг жүйесі орнатылатын жерді таңдау да ма­ңызды мәселе. Өйткені ағызу нүк­тесі қажетті коммуникациялардан үлкен қашықтықта орналасқан. Оның үстіне қыста тұрақты һәм жеткілікті су көлемін табу да қиын. Осы тұрғыдан тағы да қиындықтар туындауы мүмкін деген болжам бар. Жабдықты қарашадан сәуірге дейін­гі кезеңде орнату тиісті қолжетім­ді­лік пен кірме жолдың болмауына байланысты кейбір жағдайларда автоматтандырылған мониторинг жүйесі жұмысындағы іркілістерге жедел назар аудару, оған уақтылы қызмет көрсету мүмкін болмай қа­луы да ықтимал.

«Ең маңыздысы, Экологиялық кодекс қауіптіліктің бірінші сана­тындағы объектілерде ең озық қол­жетімді техникаларды енгізуді көз­дейді. Бірақ кәсіпорындар кейін­нен пайдаланудан шығару немесе жаңғырту қажет болған кезде автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатуға инвестиция салуы да мүмкін. Қайта жаңарту жобаларын іске асыру кезінде жаңадан енгізілетін жабдық қолданыстағыдан түбегейлі ерекшеленуі ықтимал және автомат­тандырылған мониторинг жүйесін жаңадан енгізілетін көздерге қайта орнату мүмкін болмайды. Осы­ның салдарынан инвестициялық бағдар­ламаға жұмсалған қаражаттың тиімділігі ақталмайды», дейді мамандар.

Қысқасы, қауымдастық автомат­тандырылған мониторинг жүйесін енгізуді 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін шегеруді сұрап отыр.

– Тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындары автоматтандырыл­ған мониторинг жүйесіне қатысты міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындай алмайды. Техникалық және ұйымдастырушылық себептерден басқа, кәсіпорындар өнімді сатуда қиындықтарға тап болып отыр. Олар өнімдерін сата алмай, қойма­ға үйіп жатыр. Оны да ескеру керек. Қысқасы, біз бұл істе көптеген қауіп мен тәуекелді көріп отырмыз. Орнатылған жүйелерде зақым пайда болса, оны кім тексереді және қалай реттейді?! Жобалау кезе­ңін­де де көптеген мәселе туындайды. Әрине, мемлекеттік органдарға жү­гі­нерміз. Бірақ олар бізді ұзақ уақыт бойы күттіріп қояды емес пе?! – дейді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауым­дастығының атқарушы директоры Николай Радостовец.

Kazenergy қауымдастығының мамандары автоматтандырылған мониторинг жүйесіне қатысты заң­наманы жетілдіру қажет деп санайды. Сондай-ақ олар әрбір сала бойынша бір қанатқақты жобаны іске асыруды және бір жылға арналған Жол картасын әзірлеуді ұсынды. Өйткені компаниялардың барлығы бірдей автоматтандырылған мониторинг жүйесіне қатысты талаптарды толық көлемде орындай алмайды. Сондықтан мамандар бұл мәселенің Үкімет деңгейінде қарал­ғанын қалайды.