• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 18 Тамыз, 2022

Көлсайға кел, кереметті көзбен көр

513 рет
көрсетілді

Алматы облысының туристік әле­уетін арттырып тұрған табиғат сыйының бірегейі – Көлсай. Көз жауын алатын таңғажайып көлге келушілер қатары жыл сайын артып келеді. Яғни Кеген ауда­нындағы Көлсай көлі қазір қазақтың өз ішіне ғана емес, әлем­нің төрт бұрышына әйгілі туризм­нің нысанына айналды.

Дереке жүгінсек, 2020 жылы Көл­сайға келушілер 83 153 адамды құраса, 2021 жылы 160 520 адамға жетті. Биыл да демалушылардың аяғы сиреген жоқ. Жалпы, Көлсай көлдері аумағында 7 ту­рис­тік бағыт бойынша қызмет көрсе­тіледі.

– Көлсайға келушілердің қатары кө­бей­гелі бері сол маңайдағы ауылдардың шырайы кіріп, тұрғындардың жағдайы жақсара түсті. Оған инфрақұрылымның жақсаруы да әсер етті. Соңғы жылдары Көлсайға дейінгі жол жасалды, асфальт­талды. Соның нәтижесінде Көлсай көл­дерін тамашалаушылардың қатары екі есеге артты. Биыл Қайыңды көлге дейінгі жол жасалуда. Сонымен қатар Қайыңды көліне дейінгі электр желісін тарту мәселесі де жоспарда бар, – дейді Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов.

Жақында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданына жасаған жұмыс сапары барысын­да «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне де ар­найы барды. Мұнда өңір басшысы аймақтағы туристік кластерді дамытуға қатысты жоспармен танысты. Күн тәрті­біндегі басты мәселенің бірі ретінде Қайыңды көлін сақтап қалу ісі тұрған болатын. Яғни соңғы жылдары аталған су қоймасында су деңгейі айтарлықтай төмендеп, оны сақтау үшін бөгет салу қажеттігі туындап отыр. Облыс әкімі бөгетті орнатпас бұрын ең алдымен, Экология министрлігімен бірлесе бір­қатар мәселені пысықтау керегін ескертті. Ал жақын арада көлге апаратын жолдың құрылысы басталып, электр желісі тартылады. Тағы бір мәселе, аудан­дағы таулы аймақтарға кәріз желі­лерін тарту мүмкін емес. Алайда аудан­дық бюджеттен қаржы бөлініп, арнайы сүзу алаңдарын салатын орын белгіленді. Бірақ бұл жұмысты іске асыру үшін облыстың, тіпті республиканың қолдауы қажет.

– Бірінші кезекте Қайыңды көліне апарар жолды ретке келтіру керек. Деген­мен салынатын жол көл жағасына ба­рып тірелмеуі тиіс. Өйткені ұлттық саябақ­қа кіретін барлық көлде санитарлық аймақ талабы сақталуға тиіс. Ал бөгет салу мәселесін облыс әкімдігі арқы­лы министрлікпен бірге пысықтаймыз. Жалпы, Көлсайға келуші туристер таудың таза ауасымен тыныстағылары келеді. Оның орнына демалушы жұрт көңнің исімен демалуға мәжбүр. Бұл мәселе ұлттық парктің басшылығымен бірге шешімін табуға тиіс. Қазіргі сая­хат­шылар арнайы туристік автобустармен, я болмаса өздерінің көлік­терімен Көлсай көліне дейін барады. Демалыс күндері келушілердің саны артқандықтан, автокөлік тұрағы лық толады, сәйкесінше ауа ластанады. Оның үстіне санитарлық талаптарға сай келмейтін қоғамдық тамақтану орындары автотұрақ аймағында орна­ласқан. Мұны реттеуіміз керек, – дейді облыс әкімі М.Сұлтанғазиев.

Жалпы, биылдан бастап көл маңында туристерге арналған логистиканы да қайта қарау қажеттігі туындап отыр. Ұлттық парктің мәліметі бойынша қазір атты және жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жобасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ жергілікті әкімдік пен Ұлттық парк қаражаты есебінен биоәжетханалар сатып алынбақ. Мұнан бөлек, аумақтағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін туристтік полиция бөлімшелері мен фельдшерлік-акушерлік пункт салу мәселелері де шешімін табады деген сенім бар.

Көлсай көлдері туристік нысан ғана емес, экономикалық табыс көзіне де айналуы керек. Ол үшін аумаққа инвес­тиция тартуға жағдай жасалуға тиіс. Осы сапарында облыс әкімі М.Сұлтанға­зиев Көлсай өңіріндегі «Атырау Рент» серіктестігінің туризм саласы бойын­ша инвестициялық жобаларымен таныс­ты. Серіктестіктің директоры Бауыржан Махметов таныстыруынша, 5 млрд тең­гені құрайтын инвестициялық жоба бо­йынша Көлсай өңірінен 17 гектар жер беріліпті. Көлсайға келетін қонақтар­ды, алыс-жақын шетелдерден келетін туристерді күтуге арналған құрылыс нысанында визит-орталықтар, эко-қонақ­үйлері, глэмпингтер, сауда-жәрмеңкелік дүңгіршектер, кемпингтер және қазақы ауылдар қызмет көрсетеді. Екі жүздей жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Жалпы, бұл демалыс орны 80 қонақты қарсы алып, жайлы демалып қайтуына мүмкіндік жасайды. Туристік орталықтың құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.

 

Алматы облысы,

Кеген ауданы