• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 18 Тамыз, 2022

Ескі жүйеден есті жүйеге көшу маңызды

1116 рет
көрсетілді

Орта жолда жоспарымызды өңдеп, жөндеп, Жаңа Қазақстанға аяқ бастық. Ендігі жерде ел еңсесі тік, әр қадам нық болуға тиіс. Әр салада салмақты жобалар жүзеге асып, жан-жақты жұмыстар өз нәтижесін беруі керек. Жасыратыны жоқ, Қаңтар оқиғасынан кейін құқық қорғау саласындағы жаңашылдықтарды күтіп отырғандар көп. Тәртіп сақшылары әділет жолында ескі жүйені тәрк етіп, есті жүйені құруға атсалысқаны абзал. Осы және саладағы өзге де өзекті мәселелерге үңілу үшін запастағы полиция генерал-майоры, профессор Мирлан Қызыловпен сұхбаттасқан едік.

– Мирлан Ахмедияұлы, ұзақ жылдар бойы құқық қор­ғау саласында өнімді ең­бек ет­тіңіз. Әлі күнге дейін ізіңізді басқан жастарға бар біл­­геніңізді үйретіп, бағыт-бағ­­дар көрсетіп келе­сіз. Қай кезең­­ді алып қа­ра­сақ та құқық қорғау­шы­ның келбеті көз алды­ңыз­да...

– Тағдыр таңдауы ішкі істер органдарының ортасына тастаса, жауапкершілігі мол жүкті арқалағаныңыз. Бұл – ерлік пен батырлықты, төзімділік пен пара­сат­тылықты, ойдың ұш­қыр­лы­ғын, дененің мығым болуын талап ететін маңызды қызмет. Тәртіп сақшысы әр тұр­ғын­ның өтінішін жерге қал­дыр­май, шөл­де­генге су ұсынып, барынша әді­лет­ті болуға тырысып, халыққа пай­далы қызмет етуге тиіс.

Ішкі істер органдары қызмет­кер­лерінің әр іс-әрекеті заңмен өлшенетіні сөзсіз. Тәртіп сақ­шы­ларына халық тарапынан қойылатын талап та өте жо­ға­ры. Билік пен заң өкілі – по­лиция қызметкері кәсіби қызме­ті­нде немқұрайдылыққа, ұқып­сыз­дыққа, білімсіздікке бой алдыр­мауға тиіс. Адамгершілік тұр­ғы­дан оның қателіктерге жол беруге хақысы жоқ. Полиция қыз­меткерінің мінез-құлқы адам­гер­шіліктің талабына сай болуы шарт. Өйткені ол – Қазақстан Рес­пуб­ликасының халқына құқықтық қызмет көрсетуші тұлға. Олай етпейінше, полицейдің қоғамдағы салмағы кеміп, беделі мен абыройына нұқсан келері хақ.

Полицияның адамгершілік бейнесі орнықты, рухы мықты болмаса, қоғамға қауіп төндіретін зиянды әрекеттерге қарсы қау­қар көрсете алмайды. Қазіргі уа­қыт­та полицияның толыққанды тұлғасының үш тұғырлы негізі бар. Біріншіден, талапкер полиция мамандығына жүрек қалауымен келуі керек. Сонда ол ішкі істер қызметкерлеріне қойылатын та­лап­тың барлығын қабылдайды. Оларды кәсіби деңгейде да­йындауды екінші тұғыр дер едік. Үшіншісі – жаңа буынды ішкі істер органдарындағы алдыңғы толқынның үздік тәжірибесі мен қалыптасқан дәстүрлеріне бой ұсындыру арқылы тәрбиелеу.

– Жаңа буын деп қалдыңыз. «Жаңа Қазақстанның» тәртіп сақ­шылары қандай болуға тиіс? Бұған дейін қай жерде осал­дық таныттық, ендігі жерде қан­дай жайтқа басымдық берілуі керек?

– Елімізде қолға алынған полиция реформасының негізгі мақ­саты – азаматтар құқығын, қоғам және мемлекет мүддесін шы­найы құқықтық тұрғыдан қор­ғауға бағытталған жаңа полиция келбетін қалыптастыру. Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұртқа жақын полиция» қағидатының жүйелі іске асуына баса мән беруі тегін емес. Халықпен ашық диалог орнату арқылы баянды байланыс қалыптаспақ. Ел Президентінің: «Полицияда дөрекілік пен білік­сіз­дікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген ма­мандар жұмыс істеуі қажет. Тәр­тіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс» деп айтқаны бар. Түптеп келгенде, бұл бағыттағы шаралар қоғамдағы қылмыстың, отбасындағы ұрыстың азаюына жол ашатыны анық.

«Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» демекші, кейде антына адалдық танытпай, ашкөзділікке салынып, Абайша айтқанда арды ойламай, пайда ойлаған қызмет­керлердің жағымсыз әрекет­те­рі­нен кейін полиция мәрте­бе­сіне күйе жағылып жататыны жа­сырын емес. Талайы темір торға то­ғы­тылғанымен заң бұзу­шы­лық­қа жол беретін қызмет­керлер қа­та­ры тыйылмай тұр.

Полицейлердің антына берік­тігі мен кәсіби біліктілігі арқа­сын­да қоғамда тұрақтылық қалып­та­сып, адамдардың ішкі істер о­р­гандарына сенімі артатыны сөзсіз. «Жаңа Қазақстанның» по­ли­цейлері әркімнің мәселесіне ыстық ықыласпен жауап беріп, ең бастысы сауатты әрі кәсіби қыз­мет көрсету арқылы ғана жұрт­шылықтың сеніміне ие бола ала­тынын естен шығармаған жөн.

Тоқ етері сол, қоғамның ішкі істер органдары қызметкерлеріне деген толық сенімі аса маңызды, сол мақсатқа полицейлер әрқа­шан ұмтылуға тиіс. Ел тұрғын­да­ры адам мен азаматтың конс­ти­­туциялық құқықтары мен бос­тан­дықтарына қол сұғылмай­тын­дығына, құқықтық мемлекетте, мәдениетті және ашық қоғамда, еркін және қауіпсіз елде өмір сүріп, жұмыс істейтініне сенімді болуы керек.

– Мирлан Ахмедияұлы, көп­шілік сізді әділет іздеп, «Татья­на­ның тағдыры» арқы­лы жетім курсанттардың мәсе­лесін шешуге белсенді атса­лысқан азамат ретінде тани­ды. Аталған проб­лема «Егемен Қазақстан» газе­тінде бір­неше рет жарияланып, мақа­лаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар ауда­рып, құзыр­лы органдарға тапсырма берген еді. Бұл істің аяғы не болды?

– Бұл проблеманы естіген де, естімегендер де бар. Оқырманға түсінікті болу үшін мәселеге қыс­қа­ша шолу жасаған дұрыс шығар. 2021 жылдың 11 наурызында «Егемен Қазақстан» газетінде «Жетім курсанттың жазығы не?» атты мақалам жарық көрді. Онда сол уақытта РФ ІІМ Краснодар академиясының курсанты, ҚР азаматы, қатардағы полиция қызметкері Т.Водолазкинаның өз еліміздің Конституциямен кепілдендірілген әлеуметтік кө­мек­ке 2017 жылдан бері қол жет­кі­зе алмай жүргені жазылған болатын. Жалғыз Татьяна ғана емес, еліміздегі әскери және арнаулы оқу орындарында білім алып жүрген жетім және ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз өскен кур­санттар жетіп артылады. Олар да Татьяна секілді мемлекеттің бұл қамқорлығынан тыс қалғаны баян­далды.

Өкінішке қарай, 2014-2019 жылдар аралығында ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы лауазымын атқарған уақытта аталған мәселені оң шешуге үлгермедім. «Жетімнің ақысын жемеңіз» деген дана бабамыздың асыл сө­зін басшылыққа алып, істі ая­ғына дейін жеткізуге бел будым. Бұл іске қатысы бар құ­зыр­лы органдарға сұрау хат жолдап, мәселенің ақ-қарасын ажы­ратуға тырыстым. Атап айтсақ, 2017 жылғы «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлеріне ақшалай ри­зық­ты, жәрдемақыларды және өзге де төлемақыларды төлеу қағидаларын бекіту туралы» ІІМ 2014 жылдың 14 қара­ша­сындағы №808 бұйрығына өзгеріс енгізуді ұсындым. Ресми хатқа келген сырғытпа жауаптар қоғамдағы әділетсіздікке жаны ауыратын шенеуніктердің қарасы көрінбейтінін дәлелдегендей еді. «Қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу орынсыз» деген сыңайдағы жауаптар берілді. Хатта әлеумет­тік көмектің түр-мөлшері жөнінде емес, еліміздің заңы мен Үкімет қаулысы белгілеген сол көмектен курсанттардың құр қол қалып қойғаны туралы айтылып еді ғой?

Абырой болғанда, «Егемен Қазақстан» газетінде жария­ланған «Жетім курсанттың жа­зы­ғы не?» атты мақалаға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назары түсіп, былтыр 15 наурызда «Өзекті мәселе, жүйелі түрде шешу керек» деп шекесіне нұсқау жазылып, бірқатар мемлекеттік орган басшысына тапсырма берілген еді. Осылайша, Президент нұсқауы түрткі болып, биыл 31 наурызда «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қау­лы­сы­на өзгерістер енгізу туралы Үкіметтің №182 қаулысы шықты.

Президенттің мемлекеттік органдарға берген тапсырмасы 1 жыл өткеннен кейін ғана іске асты. Жетім курсанттар бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдады. Бірақ Т.Водолазкина әлеуметтік көмекке толығымен (бес жылдық үлесі 2 млн 370 мың 858 теңге) қол жеткізсе, қалған курсанттарға бір жылдық төлем (450 мың теңге) ғана үлестірілді. Яғни толық төленбеді. ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы №182 қаулысының 2-тармағындағы «алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа ен­гі­зіледі және 2017 жылғы 1 қыр­күйек­тен бастап туындаған қаты­нас­тарға қолданылады» деген императивтік норманы ҚР ІІМ оқу орындары елемей, толыққанды жүзеге асыруға құлықсыздық танытып отыр. Сонда тағы да Президент тапсырма беру керек пе?! Мәселе «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып, әуре-сарсаң әуені аяқтала ма екен...

Мемлекеттік қызмет­ші­лер­дің әдеп кодексін­дегі 5 тар­ма­ғын­дағы 6-тармақ­ша­сындағы «халықтың сұраныс­та­ры­на то­лықтай бағдарлай отырып, жол­данымдарды қарау кезiнде төре­шiл­дiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жө­нін­де шаралар қабылдау» керек деген қағида тағы да бұзылғаны өкінішті-ақ...

– Президент тапсырма бермесе, жетім курсанттардың мәселесі жабулы қазан күйінде қалуы да мүмкін еді ғой...

– Иә, сұрағыңыз орынды. Қаулының 2012 жылы қабыл­дан­ғанын ескерсек, тиісті төлем он жыл өткеннен кейін ғана үлестірілді. Президент тапсырма бермесе, тағы қанша жыл созылатынын кім білсін? Соның өзінде төлем әлі толық берілмеді.

Елімізде бұдан басқа да қорда­лан­ған әлеуметтік мәселелер же­терлік. Шындықты айтқан адам әркезде айыпты болатыны сөз­сіз. Менің де сынды көтеріп, шын айтқаным көпке жақпағаны белгілі.

Ел Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан хал­қына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «...Әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет» деп баса айтқанын мем­ле­­кеттік органдардың өкіл­дері әлі де түсіне қоймаған секілді. Жетім балалар мен ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қалған курсанттарымыздың консти­ту­циялық құқықтарына қол жет­кізуіне әлеуметтік белсенділік пен азаматтық жауапкершілік танытып, осы мәселенің шешілуіне зор үлес қосқан азаматтарға ризамын.

– Генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың өне­гелі өмірін насихаттау мақса­тында атқарған еңбегіңіз де мол. Бұл – жастарды патриоттық тұр­ғыда тәрбиелеудің тетігі ғой...

– 1954-1959 және 1967-1974 жылдар арасында Қазақ КСР-нің Ішкі істер министрі болған, ішкі істер генерал-лейтенанты атағын тұңғыш алған қазақ, 2014 жылы Қостанай академия­сына есімі берілген Шырақбек Қабылбаевтың өмірі мен қызметі тұтасымен бүгінгі жас полицейлерге үлкен мектеп дер едім. Министрлікке соғыстан кейінгі қиын жылдары келген ол ішкі істер саласының барлық проблемаларын бес саусақтай біліп, жүйелі реформа жасаған, 30-шы жылдардан кейін құлдырап кеткен милиция беделін қайта көтерген азамат еді. Ол тек іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ғана емес, халқының әні мен күйін, мәдениеті мен әдебиетін, салты мен дәстүрін жетік білген көкірегі алтын адам болатын. Оның қа­зақ және дүние жүзі әдебиеті классиктерінің шығармаларынан тұратын бай кітапханасы Қоста­най қаласындағы академияда сақтаулы.

2015 жылдың 6 наурызында Шырақбек ағамыздың келіні марқұм Раушан Қалиқызы Қой­шыбаева кезінде өзі жинаған қызықты да танымдық жеке кітап­ханасын Қостанай академиясына сыйға тартты. Шырақбек Қабылбаевтың жеке кітапханасы 332 әдеби басылымнан және 460 дана кітаптан тұрады. Бұл оның жан-жақты білімді, «Сегіз қырлы бір сырлы» жан болғанын көрсетеді. Мінезі құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тән қызметке қатал, тәртіпке мықты жан болып көрінгенімен, жаны жайсаң азамат еді. Ол көптеген отандық поэзия және проза жарық жұлдыздарымен жеке таныс болып араласты, олардың әдеби ойлары мен қол­жазбаларын қоса талқылады.

Ғабит Мүсірепов Шырақбек Қабылбаевтың әдебиетке деген ерекше ықыласын жоғары бағалап: «Мен еңбек жолымды милиционер болып бастап, жазушы болдым. Ал сіз, рухыңызбен жазушысыз, бірақ милиционер болдыңыз», деп айтқан сөзі көп нәрсені аңғартқандай.

Қазіргі және болашақ полиция қызметкерлеріне даңқты генералдың өмірбаяндық дерек­тері, ұлт үшін атқарған істері мен ерен еңбегі үлкен мектеп. Оның өмір қиыншылықтарына мойымай, адамгершіліктің биі­гін­де болғанын көрсете отырып, ғибратты ғұмыры болашақ ұрпақты патриоттық рухта азамат етіп тәрбиелеуге оң әсерін тигізеді деген мақсатпен фотодеректі альбом жинақты да құрастырып қойдым. Сәті түссе, жарық көрер күні алыс емес.

– Құқық қорғау саласы арда­герлерінің ғибратты ғұ­мыры арқылы полиция қыз­меткерлерінің имиджін қалыптастыруға жол ашылатыны түсінікті. Бұл ретте, білікті кадр даярлау мәселесін айналып өту мүмкін емес...

– Полиция қызметкерінің имиджін қалыптастыру, ең алдымен мәдени-құқықтық тұрғыдан бі­лікті кәсіби дайындауға, тұл­ғаның адамгершілік-мораль­дық қасиеттерін дамытуға негізделуі керек. Бұл бағыттағы жұмыстар Iшкi iстер министрлiгi жүйесiнiң арнаулы оқу орындарында оқыту процесiнде жүйелі қолға алынуға тиiс. 3-6 ай ішінде кәсіби маман шығарамыз деу бос әурешілік. Ондай шала шаруаның нәтижесін көрдік те, естіп те жүрміз. Мен бұл мәселені биыл маусым айында Qazaqstan Ұлттық телеарнасы ұйымдастырған «Жедел желі» бағдарламасының тікелей көр­сетілімінде Ішкі істер ми­нистрі Марат Ахметжановқа сауал ретінде жолдаған едім. Ол: «Айтылған мәселе орынды. Бүгінде қызметтен кетіп жат­қан­дар­дың 90 пайызы азаматтық оқу орындарын тәмамдағандар. Бұл ретте, бізге арнаулы оқу орындарында шыңдалған мамандар қажет. Яғни тек білім сапасы ғана емес, денсаулығы мығым, жүйке жүйесі мықты кадрлардың қатарға қосылуы маңызды. Бұл мәселені алқа мәжілісінде қарас­ты­рып, Үкіметке тиісті сауал жолдай­мыз», деген еді. Ендеше, алдағы уақытта шын мықтылар шыңдалып, қатарға білімді де білікті кадрлар қосылады деген сенім мол.

Қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін құқық қорғау органы қыз­меткері имиджінің: шексіз билікке ие күшті бейнеден саналы заң қорғаушысы, әділ, өз маман­дығының зиялысы бейне­сіне өзгеруін талап етті. Ішкі істер органы қызметкерінің зама­науи келбеті ең алдымен жо­ғары кәсібилікпен, белгілі бір мәдени деңгейдің болуымен, кәсіби басқарушылық дайындығымен, зерделілігімен, дамыған моральдық-этикалық жеке қасиеттерімен байланысты болуға тиіс.

Мен осы салаға жоғары білім­ді кәсіби маман даярлайтын санаулы білім ордасының бірі ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы академиясын басқарған жылдары (2014-2019 жж) қызметімді сапалы атқаруға бар күш-жіге­рімді жұмсадым. Бұл оқу орнындағы істеген қызметім мен игі істерім жоспар бойынша атқа­рылатын күнделікті қарекет емес, бүгінгі полицейдің тұлғасын қалыптастыруға қосылған үлес деп айтсам артықтығы жоқ шығар. Мен оқу-тәрбие ісінде «алдымен – адам, сосын – маман» деген ұстанымды алға тарттым. Бұл полицейдің алдымен адамгершілік тұлғасын қалыптастырып, соның негізінде оның бойында елге, жерге, мемлекетке деген патриоттық сезімді тәрбиелеуге талпынысты көздеген ой болатын...

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Оралхан АХМАДИЯ,

«Egemen Qazaqstan»