• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Тамыз, 2022

Егістікке есі кеткендер шабындық пен жайылымдарға қол салып жатыр

596 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысында халықтың өзіндік қосалқы шаруашы­лықтағы малдарын бағуы үшін 547,1 мың гектар жайылым жетіспейтіндігі анықталған. Кезінде жайылымдарды шетсіз-шексіз жалға алып, иеленіп алған көптеген ауыл шаруашылығы құрылымдары соңғы жылдары астық дақылдарын өткізу проблемаларының жеңілдеуімен және сатып алу бағасының шарықтауымен қаншама жерді қосымша жыртып, егістікке айналдырып жіберген.

Жер кодексі бойынша ауыл ша­руашылығы жерлерін бір түрден екін­ші түрге ауыстыру тек Үкіметтің, жер­гілікті биліктің арнайы шешім­дерімен ғана жүзеге асырылуы керек. Бірақ бақылаудың әлсіздігінен оған қарап жатқандар аз. Астық өсіретіндер мүмкіндігінше егістік көлемін жайылымның, шабындықтың, тіпті ормандарға тиесілі жерлердің есебінен рұқсатсыз ұлғайтуда. Мұн­дайлардың барлық ауданда да барын естиміз. Жергілікті билік арнайы шешімімен рұқсат берген болса ормандардың түбіне дейін жыртуға немесе жайылымдықтың я шабындықтың ішіне бойлап енуіне рұқсат бермеген болар еді.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екіншісіне ауыстыру (трансформациялау) Жер кодексінің 98-бабы бойынша: «қажеттiгi табиғи фак­торларға, оларды бұдан кейiн де басқа жер алқаптарының құрамында пайдаланудың экономикалық тұрғы­дан орындылығына негiзделедi» де­лінген. Демек трансформация тек эко­номикалық тиімділік берсе ғана өзгер­тіледі. Алайда экономикалық тиім­ділік кімге тиесілі екендігі анықталмаған. Әрине, жер учаскесінің пайдаланушысына ол тиімді болуы мүмкін, өйткені бастаманы көтеріп тұрған соның өзі. Бірақ түпкілікті меншігі болмайтын жерді пайдаланушының бір түрден екінші түрге ауыстыруы сол алқапты кейін пайдаланатындарға тиімсіз болып шығатыны бүгінде көрініп отыр. Өйткені мал өсірушілерге жайы­лым, пішен дайындайтындарға шабындық жоқ, бар болса да азайып қалған. Оны қалпына келтіруге ұзақ жылдар қажет. Сонымен бірге бір түрден екінші түрге ауыстыруларды «экономикалық тұрғыдан негізді» немесе «табиғи факторлар әсер етті» дегенді де айта алмайсың. Бұл жерде тек жерді уақытша (тіпті ұзақ мерзімге болса да) жалға алып пайдаланушы ғана біржақты ұтып тұр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қада­ғалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығына толық­тыру енгізу туралы» жаңа Жарлыққа қол қойды. Халық бұл Жарлықтан жерді заңды бұзып иеленіп кеткен пай­даланушыларға, әсіресе жер алқаптарын бір түрден екінші түрге негізсіз ауыс­тыратындарды құрықтауға мүмкіндік берер деген үмітте. Мұның аса өзекті мәселе екенін республикалық «Ама­нат» партиясының «Жер аманаты» ко­миссиясына бір айда түскен 985 өтініш-шағымның 62 пайызы жайы­лымдардың жетпіспейтіндігі мәселесіне арналғанынан да көруге болады. Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында сөй­леген сөзінде Пре­зидент Қ.Тоқаев та бұл мәселенің аса күрделі екенін айтты. «Негізгі себеп – әкімдіктер тара­­пынан тиісті бақылаудың болмауы. Қазір мал жаю үшін 29 млн гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 млн гектар жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тап­шы», деді ол. Сонымен бірге ол: «Үкімет пен облыс әкімдері прокуратура органдарымен бірлесіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұр­ғындарына қайтарып беру ісін қолға алуы керек. Осыған баса мән берген жөн. Үкімет ғарыштан мониторинг жүргізу тәсілін жетілдіріп, оның ауқы­мын кеңейтуі керек. Осы маңызды жұмыс­ты Президенттің тапсырмасымен ғана емес, тұрақты түрде атқару керек», деген еді.

Осы тапсырманы орындау үшін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қаулысымен прокуратура органдары және басқа да мүдделі ведомстволардың өкілдері енген 27 адамдық комиссия құрылған. Қазір комиссия жер пайдаланушылармен жасаған меморандумдар және басқа шаралар арқылы жайылым алқаптарын 505,7 мың гектар жерге көбейтуге қол жеткізді. Бұл – жалпы сұраныстың 92,4 пайызы. Соның ішінде пайдаланылмайтын 34 мың гектар жайы­лым жер сот арқылы тартып алынды. Қазір күмәнді келісімшарттармен жалға берілген жер учаскелері бойынша 81 талап-арыз соттың қарауында жатыр. Осы талап-арыздар бойынша 16,9 мың гектар жер алқабы жалдауға заңсыз берілгендігі белгілі болып отыр. Сот әділ шешім шығаратын болса да бұл алқаптар да қайтарылып, жергілікті тұрғындардың пайдалануы­на беріледі. Жергілікті атқару органдары игерілмей жатқан жерлерді әлі де анықтау үстінде. Бүгінге дейін мал бағуға әлі де 41,4 мың гектар жер жетпейді.

Әкімнің өкімімен құрылған осы білікті комиссия жер пайда­лану­шы­лардың жайылымдық, шабын­дық жерлерді, орман шаруашылығының фондына тиісті алқаптарды қосымша жыртып, егістікке айналдырып жібер­гендігінің заңдылығын қоса тексерсе болар еді. Шектен шыққан осындай орашолақтықты айтып халық зар қағады. Тіпті жидек теретін жер де қалдырмады дегенді жиі естиміз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы