Қостанайлық шаруалар ауыл шаруашылығы саласына арналған жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша жаңа техника сатып ала бастады. Аталған бағдарлама мемлекет қолдауына арқа сүйей отырып, жаңа техника сатып алуға мүмкіндігі жете бермейтін шағын шаруа қожалықтарының техникалық паркін жаңартуды көздейді.
Облыста соңғы отыз жылдың ішінде жаңа комбайн немесе басқа да жер игеретін заманауи қуатты техника сатып алған шағын шаруа некен-саяқ. Жерінің көлемі аз, қалтасы жұқа болғандықтан, қымбат техника сатып алу да қиынға түседі. Сондықтан шағын шаруашылығы бар диқанның көбі әлі күнге дейін кеңес кезеңінен қалған көне техникамен амалдап келген. Соңғы жылдары осы мәселеге баса назар аудара бастаған мемлекет ауылдағы тіршілікті жандандыратын негізгі қозғаушы күш – шағын шаруаларға да шуақ түсіріп, олардың техника жаңартып алуына жағдай жасап берудің қамына кіріскен сыңайлы.
17 тамызда «АгромашХолдинг KZ» зауытында бағдарламаға алғашқы болып қатысқан бірнеше шаруаға «Кировец» тракторлары мен ESSIL комбайны тапсырылды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қостанай филиалының директоры Әлібек Қарайдаровтың айтуынша, бүгінде акционерлік қоғамның барлық аймақтағы филиалдары жеңілдетілген лизинг бағдарламасына қатысушылардан өтінім қабылдай бастаған.
– Бүгінге дейін еліміздің 11 өңірінде ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерден 14,6 млрд теңгеге 187-ден астам өтінім келіп түсті. Бүгін, міне, жеңілдетілген лизинг бағдарламасымен алғашқы өтінім бойынша рәсімделген 3 бірдей техника иелеріне табыс етіліп отыр. Жалпы, шаруаларға лизингке техника беру бағдарламасын іске асыру үшін 40 млрд теңге қарастырылған. Оның 30 млрд теңгесін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» «Жасыл Даму» (ӨКМ Операторы) қаражатынан, ал 10 млрд теңгені «ҚазАгроҚаржы» капитал нарықтарынан тартатын болады. Бұл қаражат ауылшаруашылық техникасын лизингке жеңілдікті шарттармен алатын тауар шаруаларды қаржыландыру үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на берілетін болады, – деді Ә.Қарайдаров.
«АгромашХолдинг KZ» зауытынан шыққан су жаңа ESSIL-750 астық комбайнының бірі «Утемисова Г.Н.» шаруа қожалығының басшысына салтанатты түрде табыс етілді.
– Біз мемлекеттің мұндай қолдауын көптен күтіп келген едік, бүгін, міне, өзіміздің жергілікті зауыттан шыққан ESSIL-750 комбайнын тиімді шартпен сатып алдық. Әрине, қуаныштымыз. Жаңа техниканы дер кезінде алдық, өзіміз 2-3 күннен кейін егін жинауға шығамыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы Олжас Өтемісов.
Жоғарыда айтқандай, бағдарлама негізінен шағын және орта ауылшаруашылық кәсіпорындарын қолдауға бағытталған. Мәселен, Олжас Өтемісов басқаратын шаруа қожалығының егіс алқабы шамамен 700 гектардай ғана.
– Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасының ауылшаруашылық техникалары паркін жаңарту мүмкіндіктерін кеңейтеді. «АгромашХолдинг KZ» АҚ және «Қостанай трактор зауыты» ЖШС зауыттары бойынша Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында іске асыруға дайын техниканың бар екенін сенімді түрде айта аламыз. Бұл ESSIL комбайндары, сондай-ақ LOVOL және КИРОВЕЦ тракторлары, – дейді «АгромашХолдинг KZ» АҚ коммерциялық директоры Николай Пархоменко.
Арқалық өңіріндегі «Көктем» және Сарыкөл ауданындағы «Майбасова Зарина Магомедовна» шаруа қожалықтары да жеңілдетілген бағдарлама бойынша қымбат «Кировец» тракторларын алып отыр.
– Шаруашылықта екі ESSIL-740 комбайны бар, бүгін жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша Қостанай трактор зауытынан шыққан Кировец К-735 тракторын сатып алдық. Жылдық пайызы төмен. Жақында қосымша 1 500 гектар жер алғанбыз. Жаңа техниканы дәл керек кезінде алдық, – дейді шаруашылық басшысы Сұлтанбек Сейітов.
Бағдарлама аясында Қостанай трактор зауыты мен «АгромашХолдинг KZ» зауыты 1 500-ден астам трактор-комбайн құрастырып шығарған. Қазіргі қолда бар техника шаруалардың бір жылдық сұранысын өтеуге толық жетеді дейді зауыт басшылары.
«ҚазАгроҚаржы» облыстық филиалы мамандарының айтуынша, бағдарламаның шарттары шаруалар үшін аса тиімді: жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6 пайыз. Ең бастысы, шағын шаруашылықтар бастапқы қаржы қорын жинамай-ақ, техника сатып алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Лизинг мерзімі – 10 жыл. Оған қоса, техника сатып алған адамның негізгі қарызын қайтаруға тағы 10 жыл уақыт берілмек.
Қостанай облысы