• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Білім 19 Тамыз, 2022

Балабақша ма, әлде мектеп пе?

12875 рет
көрсетілді

Бесқарағайда мектеп оқушылары балабақшада оқып жүр. 2000 жылдардың басында аудан орталығындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектепте оқитын балалардың саны күрт көбейгендіктен амалсыздан оқушылардың жартысын ауылдағы балабақшаға көшіруге тура келген. Арада 20 жылдан артық уақыт өтсе де қарағайлы өңірдің халқы жаңа білім беру ғимаратына жарымай келеді.

100 балаға кабинет жетіспейді

Борас орта мектеп-бақша­сы­ның қалыптасу тарихы қысқаша ал­ғанда осылай. Аудандық бі­лім бөлімінің басшысы Самат Омар­ғазиннің айтуынша, қазір мұнда бірінші қабатта 135 бала 6 топқа бөлініп, мектепке де­йін­гі біліммен қамтылып ке­леді. Екін­ші қабатында 400-ге жуық оқу­шы екі ауысымда білім алып жүр.

«Алдағы оқу жылына 404 бала келіп, екі ауысымда оқиды деп күтіліп отыр. Мұнда сабақ оқу­ға арналған 11 кабинет қана бар. Демек 100 балаға кабинет жетіспейтінін байқауға болады. Шығыс Қазақстан облысының қарамағында болған кезімізде өңір басшысынан осы мәселені шешіп беруді сұрағанбыз. Осы мектеп 2023 жылдың тізіміне кіргізілген болатын. Даниал Ахметов өңірге келген кезде биыл жобалық-сметалық құ­жаты дайын болады деп айтқан еді. Алайда жаңа облыс құ­рыл­ған соң, бұл процедурадан қайта өтуімізге тура келеді. Сондықтан Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бұл мәселенің шешілуіне септеседі деген үміттеміз. Неге десеңіз, бұл – бірінші кезекте балабақша. Орта білім берудің талаптарына сәйкес келмейді. Екіншіден, бұл ғимаратқа күрделі жөндеу жүр­гі­зу қажет. Ұзақ жылдан бері мектеп-бақшаны жөн­деу­ге қаражат бөлінбей келеді», деді С.Омарғазин.

Жаңа балабақша қирап жатыр

Аудан орталығындағы «Айна­лайын» балабақшасының ашыл­­ғанына 8 жыл ғана болған. Әйт­се де «Айналайынды» айналып өтсеңіз оның қабырға­ла­рының жарықшақтан көрін­бей­ті­нін байқауға болады. Апатты деп танылған балабақша 2014 жылы шамамен 225 млн теңгеге салынған-ды. Мұнда 90 бала 4 топқа бөлініп, мектепке дейінгі біліммен қамтылуға тиіс еді. Десе де көктем сайын аудан хал­қын мазалайтын жерасты су­лары сал­дарынан білім беру ғимараты бү­ліне бастаған.

«Жерасты сулары көтеріліп, өкінішке қарай, балабақшаның едені бүлініп кетті. Осыған байланысты «Алтай Сәулет» компаниясы тиісті сараптаманы жасап берді. Жобалық-сметалық құжат дайындалып, жөндеу жұ­мыстарына шамамен 72 млн теңге бөлінуге тиіс болатын. Былтыр облыс орталығында құ­ры­­лысқа қажетті қаражатты қор­ғап шық­қан едік. Биыл көктемде жөн­деу жұмыстары бас­талуы керек еді. Бірақ жаңа әкімшілік аумаққа бөлінгендіктен бұл қаражатты Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өздерінде қалдырды. Бұл жағдайдың салдарынан 90 бала үйлерінде оты­ру­ға мәжбүр», деді аудандық білім бөлімінің басшысы.

Башкөлде 10-11 сынып жабыла ма?

Бұдан басқа бесқара­ғай­лық­­тар Башкөлдегі орта мек­тепте 10-11 сыныптың жабы­ла­тынына алаңдаулы. Ата-ана­лар бұл тура­лы оқу жылына жарты ай қалғанда ғана хабар­лан­ды­рыл­ғанына наразы. Абай облысы білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев айт­қан­дай, бұл мәселені рет­теудің жолдары бар.

«Қазір білім бөлімінің өкіл­дері оқушыларды мектеп-интер­натқа орналастыруды ұсынды. Мектеп шағын болғандықтан, 10-11 сыныптарды жабу туралы шешім қабылданды. Оқу-ағарту министрлігінің талабына сәйкес оқушылардың контингенті 81%-дан төмен болмауы қажет. Ал аталған мектепте оның көрсеткіші – 65%. Ауданда тексеру комиссия­сы бо­лып, осындай ұйғарымға келген», деді Н.Ахметқалиев.

Десек те бұл ұсынысты бар­лық ата-ана жылы қабылдады деп айту қиын. Сол себепті оқушыларды ауданда қызмет етіп тұрған негізгі мектептерге тасымалдау мүмкіндіктері де пысықталып жатыр.

Балабақшаның ғимараты қайтарылады

Аудандағы білім беру сала­сын­дағы ахуалмен танысқан облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев барлық өзекті мәселені жүйелі түрде шешуге күш салынатынын жеткізді.

«Жыланды ауылында оффтейк келісімшарты негізінде мектеп салынып жатыр. Биыл тапсырылады деп көзделіп отыр. Бесқарағайдағы мектеп-бақшаның қызметімен танысып шықтым. Сондай-ақ апатты балабақшаның жағдайына қанықтық. Қазір күрделі жөн­деу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Бұл биыл жөнделетін болады. Жоспарда 300 орын­дық мектептің құрылысы тұр. Оны 600 орынға ауыстырамыз. Сөйтіп балабақшада қаңта­ры­лып отырған оқушылар та­лапқа сәйкес мектепте білім ала­ды. Ал балабақшаның ғима­раты өздеріне қалады», деді Н.Ұранхаев.

Биыл аудан бойынша 1-сы­нып­тың табалдырығын 264 бала аттайды деп жоспарланып отыр. Тұтастай алғанда, биылғы оқу жылындағы оқушылардың саны 3 мыңға жетуге тиіс.

 

Абай облысы,

Бесқарағай ауданы