• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 22 Тамыз, 2022

Шұғыл медицинаны үйлестірудің шеберлері

1970 рет
көрсетілді

Адамның бас амандығынан басқа құнды байлығы бар ма?! Денсаулығы сыр беріп, дегбірі қашқанда, дертіңе шипа беретін емханаға ентелей жүгіретін елдің қатары қалың. Сан мыңдаған халықтың саулығына жауапты салада ілгерілеу іздері іркілген емес. Соның бірі – 2011 жылы құрылған Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы.

Аталған орталық ел бойынша науқас­тарға жедел, шұғыл медициналық көмекті көрсету және дамыту бойынша алдыңғы қатарда тұр. Орталық шалғай елді мекендерден пациенттерді тасымалдаумен айналысып, халыққа санавиация түрінде шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Республикада медициналық авиация желісі бойынша медициналық көмек көрсету үшін 500-ден астам маман, оның ішінде 372 бейінді маман тартылған. Егер науқас тасымалданбаса, ауыр халде болса немесе аймақтық дәрігерлер қажетті әдістерге/біліктілікке ие болмаса, олар сол жерде консультация береді немесе операция жасайды.

2022 жылдың 7 айында ҰШМҮО командасымен 1 369 ұшу (оның ішінде тікұшақпен – 303, ұшақпен – 1 066) жасалды, 2 431 пациентке медициналық көмек көрсетілді, 2 831 медициналық қызмет орындалды, 1 375 науқас (48,6%) медициналық ұйым­дарға жеткізілді, 69 консультация жүргі­зіл­ді (2,4%), 128 операция (4,5%), 1 259 (44,5%) қашықтықтан медициналық қызмет (ҚМҚ) ұйымдастырылды. Донорлық органдарды тасымалдау үшін 2 маман жөнелтілді.

Республика ішіндегі медициналық авиациялық ұшулардан басқа, Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік медициналық ұйымдарда орна­лас­қан қандастарға, егер олардың жағ­дайы жерүсті көлігімен және азаматтық авиа­цияның тұрақты рейстерінің әуе кеме­сінде тасымалдауға мүмкіндік бермесе, меди­циналық авиация түріндегі қызметтер көрсетіледі.

2022 жылдың 7 айында медициналық авиация отандық медициналық ұйымдарда емделуді жалғастыру үшін шетелдік клиникалардан Қазақстан Республикасының 9 азаматын тасымалдады. Мысалы, ағымдағы жылдың шілде айының басында алты жасар бала Санкт-Петербург қаласындағы клиникаға ес-түссіз жеткізілді. 3-қабаттан құлағаннан кейін ауыр жарақат алған бала жансақтау бөліміне жатқызылды. Операция жасалып, жағдайы тұрақталғаннан кейін травматологиялық бөлімге ауыстырылды. Одан әрі медициналық көмек алу­дың шұғыл қажеттілігіне байланысты ба­ланы ұшақпен Нұр-Сұлтан қаласының Көп­бейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізу туралы шешім қабылданды. 16 шілдеде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлес­тіру орталығы кішкентай пациент­ті тасымалдау мақсатында Нұр-Сұлтан – Санкт-Петербург – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша әуе кемесінің ұшуын ұйымдастырды. Бүгінгі таңда бала ем алып, оңалтудан өтуде.

2022 жылғы 17 шілдеде осындай ұшу Сеулден Өскеменге дейін жүзеге асырылды. 16 маусымда ер адам Сеул қаласындағы клиникаға ауыр халде түсті. Ол естінен танып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Ерлі-зайыптылардың өтініштері негізінде науқас медициналық авиация күшімен Өскемен қаласының облыстық ауруханасына жеткізілді. ҰШМҮО-ның жо­ғары білікті мамандарының осындай өмі­­ріне қауіп төнген пациентке жедел және үйле­сімді көмек көрсеткен мысалдары өте көп.

Айта кетері, шұғыл медицина мамандарына қойылатын талаптар ең жоғары болып келеді. Өйткені олар ұшуда да, жер­де де кәсіби көмек көрсетіп, науқастың өмірін қамтамасыз ету функцияларын үне­мі қадағалап отыруы қажет. Сондықтан дәрігер­лердің 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі, сондай-ақ «Жедел жәрдем және шұ­ғыл медициналық көмек» немесе «Анес­тезио­логия және реанимация» мамандығы бойынша сертификаты болуға тиіс.

Фельдшерлердің «Емдеу ісі», «Фельд­шер», «Жалпы практикадағы фельдшер» мамандықтары бойынша кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі болуы міндетті. Орталық жанында оқу-жаттығу базасы жұмыс істейді, онда тұрақты негізде медициналық персонал шұғыл көмек көрсету циклдерінен өтеді, медициналық манипуляциялар техникасын пысықтайды, шұғыл көмек көрсетудің озық әдістерімен және халықаралық стан­дарттарымен танысады. Медицина қызмет­керлерінің біліктілік деңгейін арттыру – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етудің кепілі.