Кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында қылмыстық жазадан ақталған адамдар туралы ақпарат жиі айтыла бастады. Әсіресе солардың қатарында ел ішінде саяси себепке байланысты сотталды деп есептелетіндер де бар. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. Ақталғандар үшін қуанамыз, әрине. Осы орайда, жазықсыз жандарды темір торға қамауға үкім шығарғандар қандай да бір жазаға тартыла ма деген сауал туындайды.
Жоғарғы сот ұсынған дерекке сүйенсек, 2018 жылы – 270, 2019 жылы – 318, 2020 жылы 329 іс бойынша ақтау үкімі шығарылған. Былтыр ақталған 272 істің 45-і онша ауыр емес, 59-ы ауырлығы орташа, 155-і ауыр, ал 13-і аса ауыр қылмыс түріне жатады. Алайда ақтау үкімдері жалпы сот үкімдерінің 2-3 пайызын ғана құрайды. Ал сотталып, кейін ақталып шыққандардың үлесі тіптен аз.
Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес, судьялар тәуелсіз әрекет етеді. Оған Ата Заңымыздан бастап бірқатар негізгі заңнама кепілдік береді. Судья төрелік етер кезде тек Конституцияға бағынып, тәуелсіз қазы ретінде іске соңғы нүктені ешкімнің ықпалынсыз өзі қояды. Сәйкесінше, сот төрелігін жүргізу кезінде судьяның жұмысына араласуға қатаң тыйым салынып, оның соңы жауаптылыққа әкеліп соғады.
Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы конституциялық заңында судья тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылуы мүмкін екені айтылған. Судья тәртiптiк жауаптылыққа сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты өрескел бұзғаны үшiн, судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасағаны үшiн тартылуы мүмкін.
Сонымен қатар құжатта судьялық қате, сондай-ақ сот актiсiнiң күшiн жою немесе оны өзгерту судьяның жауаптылығына әкелмейтіні де қарастырылған. Судья қатесі деп материалдық немесе процестік құқық нормаларын дұрыс түсіндірмеуге және қолданбау әрекеті есептелінеді.
Судьялар мүлдем жауапкершіліктен босатылған деп айтуға болмас. Қылмыстық кодекстің 418-бабында қасақана әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығарғаны үшін қылмыстық жаза қарастырылған. «Судьяның (судьялардың) көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығаруы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бас бостандығынан айыруға соттың заңсыз үкiмінің шығарылуына байланысты немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», делінген Қылмыстық кодексте.
Бірақ судьяның қасақана шешім шығарғанын дәлелдеу өте қиын. Оның үстіне, судьялар тәуелсіз саналатындықтан тек Бас прокурордың наразылығымен ғана оларға қатысты іс қозғалады. Ал қалған жағдайларда ескерту жарияланады, сөгіс беріледі, тәртіптік жаза қолданылады, қызметінен кетеді.
World Justice Project халықаралық ұйымы анықтайтын «Сот тәуелсіздігі» индексіне сүйенсек, Қазақстанның сот жүйесі 139 елдің ішінде 66-орында тұр. Яғни тізімнің дәл орта тұсына жайғасқан. Осы орайда, судьялар қаншалықты әділ шешім шығарады, мүдделі топтар ықпал етпей ме деген сауал туындайтыны рас. Әрине, заң бойынша сот ісіне кедергі келтіруге Қылмыстық кодексте жаза қарастырылған. Бірақ судьялар арасындағы жемқорлық, сот ісіне қатысты біржақты шешім шығару әлі де кездеседі. Мәселен, кейінгі 5 жылда Фемидаға ант берген 17 судья жауапқа тартылған.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте осы мәселеге назар аударған болатын. «Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз», деген еді Президент.
Өкініштісі сол, судьяның шешіміне мүдделі топтардың әсер еткенін дәлелдеу өте қиын. Ал мұндай жағдайда кінәсі дәлелденбей, жазықсыз сотталып кеткен жандардың тағдыры тәлкекке түседі. Осыдан кейін қате шешім шығарған судьяларға сот жоқ па деген заңды сауал туындайды...