Қазақстан, Беларусь, Ресей арасында 2010 жылы құрылған Кеден одағы экономиканың, оның ішінде сауданың дамуына қомақты үлес қосып келді. Еуроодақ елдерінің үлгісімен құрылған бұл интеграциялық ұйым 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) құрылуына ұласты. Енді Кеден одағы ЕАЭО-ның негізгі құрамдас бөлігіне айналды. Сол 2015 жылы оның құрамына Армения мен Қырғыз Республикасы қосылды.
Кеден одағы елдері барлық шыққан-кірген тауарға біртекті кедендік тариф қолданады. Мүше елдердің аумағын белгілеген шекаралық белдеулер кедендік территориялар саналады. Мысалы, Қазақстан-Қытай немесе Ресей-Қытай арасындағы кедендік бекеттерден түсетін баж салығы қазақстандікі немесе ресейдікі емес, Кеден одағына тиесілі. Одақ елдерінің халықаралық келісімдері бойынша барлық кеден салығының 85,33 пайызы Ресей, 7,11 пайызы Қазақстан, 4,55 пайызы Беларусь, 1,9 пайызы Қырғызстан және 1,11 пайызы Арменияның бюджетіне құйылады. Ал одақ елдерінің өз ішіндегі шекараларының бойындағы кедендік бекеттер алынып тасталған. Мәселен, бұрын Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының Омбы, Қорған, Түмен облыстары арасындағы шекараларда бес кеден бекеті болған. Қазір облыста Петропавл қаласының әуежайындағы кедендік өткізу бекеті ғана жұмыс істейді. Осы кедендік бекетте шығарылатын немесе кіргізілетін барлық тауар, соның ішінде ақша, құнды қағаздар және т.б. кедендік тексерулерге енгізілген.
Жалпы, облыстың 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы сыртқы сауда айналымы 662 млн АҚШ долларын құрады. Соның ішінде экспорт 505 млн, импорт 156 млн долларға тең. Демек экспорттың үлесі – 76%, импорт 24%. Экспорт көлемінің басым болуы экономикалық оң көрсеткішке жатады.
2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда биыл облыстың сыртқы сауда айналымы 49%-ға артқан. Соның ішінде экспорт – 51, импорт 18 пайызға көтерілген. Облыстық кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шәйкеновтің айтуына қарағанда, экспорттың 95% немесе 481 млн долларға тең бөлігі ауыл шаруашылығының өсімдік өнімдері тауарларына тиесілі. Атап айтқанда, бидай, арпа, жасымық, бұршақ, ұн, зығыр, рапс және күнбағыс тұқымдары, өсімдік майы, кебек және т.б. Ал импорттың негізгі үлесі (76%) өндіріс құрал-жабдықтары, көлік құралдары, ауыл шаруашылығы машиналары мен оларға арналған қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар мен гербицидтер, тірі өсімдіктер, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіруге арналған шикізаттар болып отыр.
Экспорт көлемінің ұлғаюы негізінен ұн және майлы дақылдар сатылымының артуымен байланысты болып отыр. Импорттың өсуі арнайы экономикалық аймақ аумағынан (АЭА) енгізілген өндіріс құрал-жабдықтарының артуымен байланысты. Кедендік ресімдеу барысында олардың құны импорттың өсуіне ұласқан.
АЭА аумағына тауарларды енгізу мен шығаруда еркін кеден аймағының кедендік рәсімі қолданылады. Солтүстік Қазақстан облысының Кіріс департаменті биыл кедендік ресімді «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС (трансформаторлар өндірісі) және «СТ Ассамблея» ЖШС (комбайндар, астық жинау машиналары, тракторлар және тұқым себу кешендері өндірісі) жүзеге асыратынын жеткізді. Сөйтіп, арнайы экономикалық аймақтың іс жүзіндегі нәтижелері сауда айналымын дамытуға сүбелі үлес қосуда.
Солтүстік Қазақстан облысы