• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2010

ҮКІМЕТТІҢ ОЙЛАНАТЫН ЖӨНІ БАР

517 рет
көрсетілді

“Нұр Отан” ХДП Ор­та­лық аппаратының қоғамдық қабылдау бөліміне Қытай Халық Республикасынан көшіп келген 96 оралман­ның атынан Астана қала­сы­ның тұрғыны Дүйсек қабыл­дауға келіп, оларды толған­дырып жүрген мәселелерге кеңінен тоқталды. Атап айт­сақ, бү­гін­гі таңда Қытайда тұратын қа­зақтарға, жалпы аз ұлттарға же­ңіл­­дік жасау арқылы қытайландыру саясаты кеңінен жүргізіліп келеді екен. Мәселен, қазақ жиі қоныс­тан­ған ауыл-аудандардағы қазақ­тарды Қытай ұлты шоғырланған ауыл-аудан­дарға көшіріп апарып, біртіндеп сіңіріп, тегін егістік жер, баспана салып беріп, түрлі жеңіл­діктер жасау арқылы оларды байы­туға күш салып жатыр, бұл саясат нә­тижесін де бере бастады. Соны­мен қатар, тұрмысы төмен отба­сы­ларының балаларын қазақ көп қоныстанған ШҰАР-дан орта­лық­­тағы қалалардың жоо-ла­рына тегін оқытып, университет бітір­ген­нен кейін мемлекеттік қызметкер ретінде жұмысқа алу­да. ЖОО-ларға аз ұлт жастарын қабылдауда қытай­лықтарға қарағанда көбірек қызық­тыру үшін 30%-40% жеңілдік жасалған. Соңғы жылдары қазақ мек­теп­терін жауып, балалар қытай тілінде оқытыла бастады, мұны “қос­тіл­ді­лік” деп атап отыр. Іс жүзінде қазақ тілінен басқа пән қытай тілінде жүргізіледі. Өткен жылдан бастап қалаларда жатақ­ханасы бар мек­тептер ашып, қазақ балалары қытай тілінде білім алып жатыр, балалар ата-анасын тоқсандық демалыста ғана көре алады, 12 жыл ата-ана тәрбиесін көрмейді, тек Қытай тәрбиесінен тәлім алған қазақ ба­лаларының беті қай жаққа бұры­латыны белгілі болса керек. Атал­ған жымысқы саясаттың кесірі­нен болар, кейінгі кезде Қытай­дан үдере көшкен қазақтар саны күрт азайғаны анық, дейді Дүй­сек. Елбасы Қытайдағы қазақ­тарды көшіріп әкеліп, оларға жан-жақты көптеген же­ңілдіктер жасап, көмек көрсетуде. Әйтсе де Қазақ еліне келгеннен кейін көп­теген аза­маттар өз орнын таба алмайды. Сонымен қатар, та­рихи Отанына ора­л­ғаннан кейін орыс тілін білмеу, ортаға бейі­мделе алмау сияқ­ты көптеген себептер де қиындықтар туын­да­тады. Мәселен, жұ­мыс­сыз болудың тө­мендегідей төрт мә­селесі бар: Біріншіден, орал­ман­дардың маман­ды­ғына қарай жұмыс беру Қазақ елінің заңдарында қарас­тырылмаған. Орыс тілін тү­сін­бейтін Қытайдан келген қандас­тарымыз Қазақстан азаматы бол­ға­нымен, сұранысы бар маман­дық иелері бола тұра, мейлі жоға­ры мамандық немесе жәй маман­дық­тар болса да, өз орнын таба ал­майды. Оларды бауырына тартып, жұмыс беріп, бейімдесе, орыс тілі қытай тілінен қиын емес, ұзаса бір жылдан кейін үйреніп кеткен болар еді. Екіншіден, егін егуге, мал бағуға және басқалай кәсіппен айналысуға жер телімін тегін беру заң жүзінде қарастырыл­ма­ғандық­тан, іс жүзінде ешқандай меншікке ие бола алмайды. Жер­ді жалға алуға, сатып алуға, оны әрі қарай игеруге, техника және мал сатып алуға қарапайым халықтың қалтасы көтермейді, шамалары жоқ. Үшіншіден, кәсіппен айналы­суға ешқандай меншігі жоқ кәсіп­керлер банктен несие ала алмайды. Шағын және орта кәсіпкерлік да­мыған Қытайдан келгендер ішінде арнаулы оқыған, тәжірибеден өткен мамандар әрі қарай кәсібін жал­ғастыруға қауқарсыз, бұған көпте­ген себептер бар. Ал оларды ше­шуге құзырлы органдар құлықсыз. Төртіншіден, басқалай өмір сүру жолын таппаған Қытайдан кел­гендер Қытайдан тауар тасып, сауда-саттықпен айналысып жүр­гендердің басым бөлігін құрайды. Бұлардың арасында ғалымдар, белгілі мамандығы барлар, Қытайда белгілі дәрежеде мемлекет жұмы­сын атқарған азаматтар да жоқ емес. Бірақ, олар орыс тілін біл­мегендіктен, қырғыз, өзбек азамат­тарымен бәсекелесе алмай жүр. Ауыл шаруашылығымен немесе кәсіпкерлікпен айналысуға бейім­деу үшін қазіргі көші-қон ко­ми­те­тетінің құзыреті жетпейді, атап айт­қанда, Қазақстанда қандастарымыз әрі қарай өмір сүруі үшін қажетті жер мәселесін шешіп беру тетігі дұрыс жолға қойылмағандықтан, қандастарымыздың қиын жағдайда қалып отырғаны бәрімізге аян. Келесі бір күрделі проблема – баспана. Білім алу мәселесінде де қиындықтар бар. Университетке түскеннен кейін дәріс орыс тілінде көбірек беріледі, қазақ тілінде беріледі деген күннің өзінде екі ел арасындағы ғылыми тілдердің айырмашылығы көп. Орыс тілін білмейтін, қазақ тілін толық түсінбейтін студенттер оқуын аяқтай алмай, жол ортадан шығып қалады. Зейнетақы мәселесі де болашақта тиісті шешімін табуды қажет ететін күрделі мәселе қатарында қалып отыр. Бұған көп жағдайда құжаттардың сәйкеспей­тінін де қосуға болады. Өйткені, тегі, әкесінің аты жазылмаған жеке куәлік пен төлқұжатты компьютер қабылдамайды. Мәселен, 78 жас­тағы 10 баланың анасының үлкені 50-ші жылдың алдында туған, ол кезде туу куәлігі болмаған, Қытай­дан құжаттарды жинап келу мүмкін емес, бірақ бізде бұл қаперге алын­байды және жеңілдік жасалмайды. Кейуана қазір айына 7400 теңге зейнетақы алады екен. Оралғандар­дың мұң-мұқтажына жауап беретін құзыретті органның өкілеттігін күшейту керек және оның ішінде өздерінің уәкілі болғаны жөн деп есептейді қандастарымыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, ел Үкіметі жоғарыдағы мә­селелерге назар аударып, шеші­луіне нақты ықпал жасауы тиіс деп білеміз. Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты.