• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 24 Тамыз, 2022

Алтай Көлгінов бизнес өкілдерімен кездесті

245 рет
көрсетілді

Нұр-Cұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қала кәсіпкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесуді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елорда әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, бизнес өкілдері мемлекеттік органдар қызметкерлерінің алдында кәсіпкерліктің өткір және өзекті мәселелерін көтере алатын, бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді талқылай алатын ашық пікірталас алаңы бизнесті қорғау мен қолдаудың экожүйесін құруға ықпал етеді.

Кездесудің барлық тараптар үшін пайдалы екенін атап өткен Райымбек Баталов тоқсанына бір рет қана емес, осы уақыт арасында жұмыс кездесулерін өткізуді ұсынды.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов бұл ұсынысты қолдады.

«Атамекен алаңында тақырыптық кездесулер өткізуді ұсынамын, тоқсанына бір рет күтудің қажеті жоқ. Тоқсанына бір рет осындай кеңейтілген кездесу өткізе аламыз. Әкімдік тарапынан біз бизнес өкілдеріне жүйелі қолдау көрсететін бірқатар шара қабылдадық. Бизнесті, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың пәрменді тетіктерінің бірі - «Astana ӘКК» АҚ қызметі. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация кәсіпкерлерге бюрократиялық кедергісіз жер телімдерін, АЭА аумағында «Astana Invest» және Индустриялық парк арқылы жеңілдікті преференциялар беруге мүмкіндік береді. Бұл шаралар дағдарыс кезеңінде ерекше және маңызды рөл атқарды.

Сонымен қатар, түрлі бағдарламалар бойынша гранттар мен жеңілдетілген несиелер беріледі. Мәселен биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 130-дан астам грант берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. ШОБ нысандарына инженерлік желілер жүргізу түрінде қолдау көрсетеміз, бизнес шығындарын азайту және қолдау үшін қажетті инфрақұрылым жасаймыз. Бүгінде «iQala» Қалалық қызметтер орталығы, инвесторларға арналған «Astana Invest» фронт-кеңсесі және т.б. табысты жұмыс істеп жатыр», деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Өз кезегінде Райымбек Баталов мұндай алаңдардың бизнес үшін маңызды екенін атап өтті.

«Палата Адвокаттар алқасы мен заң қоғамдастығы арқылы, кәсіпкерлердің тікелей өтініштері арқылы өңірлер бойынша бизнестің түйткілді мәселелерінің жалпы көрінісін қалыптастырады. Мұндай алаңдар бизнес үшін өте маңызды, өйткені олар мәселелерді шешім қабылдаушы тұлғалар деңгейінде жариялап қана қоймай, сонымен қатар бұл мәселелердің әкімнің, прокурордың және мемлекеттік органдардың бақылауға алынғанына көз жеткізуге мүмкіндік береді. Ашық айыптауда кімнің дұрыс екендігі және туындаған жағдайларға кім кінәлі екендігі айқын болады. Мұндай ашық диалог бизнесті де, мемлекеттік органдарды да тәртіпке келтіреді», деп атап өтті Райымбек Баталов.

Елордалық бизнесмендер еркін микрофон форматында жер қатынастары, құрылыс және қаланы абаттандыру, жобаларды қаржыландыру, әлеуметтік және білім беру салаларында үлкен қызығушылық тудыратын мәселелерді айта алды.