2022 жылдың 26 тамызынан бастап TILASHAR коллекциялық монеталарының сатылымға шығады, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Номиналы 500 теңгелік күмістен, номиналы 100 теңгелік мельхиордан және номиналы 100 теңгелік нейзильберден жасалған монеталар «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» сериясын жалғастырады.
Тілашар – әр отбасының өмірінде көрініс табатын ерекше оқиғалардың бірі. Бұрын бұл ғұрып бала алғашқы сөздерді айта бастағаннан бастап жасалған. Бүгінгі таңда бұл дәстүр білім алу жолындағы алғашқы қадамды білдіреді.
«Монетаның негізгі бетінде, орта тұсында ою-өрнек үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы, жиегінде QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN деген жазу, төменгі жағында монета номиналын білдіретін сандар орналасқан. Монеталардың екінші бетінде (реверсінде) мектеп атрибуты элементтері бар балалар суретінің бейнесі берілген, сонымен бірге, монета жасалған металдың сынамасы мен массасы, соғылған жылы көрсетілген», деп сипатталған баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ күмістен, мельхиордан және нейзильберден жасалған монеталардың бет жағы мен сырт келбетіндегі бейнелер бірдей. Күмістен жасалған монеталар түрлі-түсті эмаль жағу технологиясын қолдана отырып жасалған, мельхиордан жасалған монеталарда интерференциялық құбылмалы бет қабатын жағу технологиясы қолданылған.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.