• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Спорт 26 Тамыз, 2022

Шаршы тақтадағы тартыс: Атырауда халықаралық шахмат фестивалі жыл сайын өтеді

1786 рет
көрсетілді

Атырауда алғаш рет халықаралық шахмат фестивалі өтті. Сегіз күнге созылған шаршы тақтадағы тартысты сайысқа Қазақстан, АҚШ, Нидерланд, Литва, Украина, Өзбекстан, Тәжік­стан, Беларусь, Ресей сияқты әлемнің 9 елінен 300-ге жуық ой­ыншы қатысты. Фестивальдің жалпы жүлде қоры 13 257 500 теңгені құрады.

Қазақтың атын жаһанға та­ныт­қан танымал шахматшы, әлем­нің бірнеше дүркін чемпио­ны, ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет ел­шісі Динара Сәдуақасованың ай­туынша, осы сайысқа қатысқан жастар келешекте ел намысын абыроймен қорғайтын атақты гроссмейстерлер қатарынан табылуы мүмкін. Өйткені олар Atyrau Chess Festival секілді турнирлерде жиі бақ сынайды.

– Шаршы тақтадағы тартыс­ты ойынның жеңімпазы болу оңай емес. Себебі бұл – ойлылар ойыны. Шахматшы қателеспеуі керек. Атыраудағы турнир шах­­матшылардың шеберлігін шың­дады, – дейді Динара Сәдуа­қасова.

Облыс әкімі Серік Шәпке­новтің мәлім етуінше, енді Atyrau Chess Festival халық­ара­­лық фестивалін жыл сайын өт­кізуге шешім қабылданды. Өйт­кені мұндай турнир жастарды ой­шыл­дыққа, зиялылыққа, саламат­ты өмір салтын ұстануға ұмтылдырады.

Халықаралық фестиваль аясында 2-разрядтан төмен емес спортшылар үшін Atyrau Open, 3-разрядтан төмен емес, 2006 жылы туған және одан кіші спорт­­шылар қатысқан Atyrau Juniors, сондай-ақ 3-разряды бар спортшылар арасында блиц-турнир өтті. Үш турнирдің қо­­ры­­тындысымен 80-нен ас­там қатысушы медаль, диплом не қаржылай сыйлықтың ие­гері атанды. Жеңімпаздар мен жүл­дегерлердің арасында ха­лық­аралық гроссмейстерлер, жаңадан бастаған жас спортшылар мен ардагерлер бар.

Ойыншылардың құрамы жа­ғынан Atyrau Open турнирі басты назарда болды. Өйткені шаршы тақтадағы жеңіс үшін танымал кәсіпқойлар – халықаралық гросс­мейстерлер, танымал ше­бер­­лер мен шахматшылар тар­тыс­­ты ойын өкізді.

Atyrau Chess Festival тур­нирінің қорытындысымен әйел­дер арасында Екатерина Бори­сова бірінші орынды иеленді. Ал Назерке Нұр­ғали екінші, Алуа Нұрланова үшінші орын­ға ие болды. Ерлер арасынан бі­рінші орын алған Тимур Гареев же­ңіс тұғырынан көрінді. Ар­сений Нес­теровке екінші орын бұйырды. Сергей Тивяков үшін­ші орынды місе тұтты. Atyrau Open тур­нирінде арда­герлер арасында Әзидолла Хамиев, Есей Хұсайынов пен Айтқали Ізба­саров жеңімпаз атанды. Блиц-турнирде Павел Пан­кратов, Фаррух Амонатов пен Сергей Тивья­ков жеңіске жетті. Atyrau Juniors турнирінің қоры­тын­дысымен 8, 10, 12 және 14 жас­қа дейінгі жас санаттары бойынша жүлделі орындар берілді.

Шаршы тақтадағы тартыс­та есе жібермейтін шахматшы­лар додасында үлкендер де, жастар да, тіпті 4 жастағы балақай да бақ сынады. Мәселен, Бөкенбай Аға­шаның жасы 81-де болса, Тап­патқан Қабышева 64 жас­тан асқан. Облыс әкімі егде жас­тағы екеуіне де 250 мың тең­геден қаржылай сыйақы табыс­тады. Екі қатысушы – Батыр­хан Шеруен мен Әмірәлі Абзал Қа­зақстан-Британ техникалық университетінің білім грант тү­ріндегі арнайы сыйлықты ие­ленді. Фестивальдің ең жас қаты­сушысы 4 жастағы Абдул-Мә­лік Қайратқа Атырау қала­сының әкімі 200 000 теңгенің сертификатын табыс етті.

– Ұлым Абдул-Мәлік жарты жылдан бері аптасына екі рет шахмат секциясына барып жүр. Бұған қоса робот техникасы үйір­месі мен бассейнге, хип-хоп пен ағылшын тілі кур­сына барады. Күн сайын кешкі мез­гілде әкесімен шахмат ой­нау­ды әдетке айналдырды. Шах­мат турнирлеріне қатысып, өз тұс­тастары ғана емес, ересек жастағы қарсыластарын да ұтып жүр. Халықаралық фестивальде үш партия жеңіске жетті, – дейді төрт жасар шахматшының анасы Диана Ержанова.

Үш турнир кезінде ойын сеанс­тарымен бір мезгілде ашық шеберлік сабақтары өтті. Фес­тиваль бағдарламасына сәйкес халықаралық арбитрлердің бірін­ші семинарында қатысушылар емтихан тапсырды. Емтиханнан жо­ғары ұпай алғандарға FIDE төрешісі атағын беру көзделді. Се­минардың 6 қатысушысы қа­жетті ұпай санын жинады.

 

Атырау облысы