Қаржылық қызметтердің біршама цифрлануы күнделікті тұрмысымызды әжептәуір оңайлатып тастады. Дегенмен қағаз күйінде реттелмесе шешімін таппайтын қызметтер қатары әлі де қалың. Осыны ескерген Қаржы министрлігі салалық ведомствоны цифрландыруға кіріскендерін мәлімдеп, оның бірқатар жарқын мысалдарын жария етті.
Биыл Мемлекеттік кірістер комитеті Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында біраз жобаны қолға алған. Оның ішінде Бірыңғай терезе, «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі, электрондық шот-фактура, Тәуекелдерді басқару жүйесі, сондай-ақ халыққа және бизнеске арналған мобильді қосымшалар да бар. Мысалы, Бірыңғай терезе ақпараттық жүйесі кедендік экспорттық, импорттық операцияларды жеңілдету, оңтайландыру және импорт құжаттарын беруді автоматтандыруға арналған.
«Елге қауіпсіз өнімді әкелу бойынша барлық уәкілетті органдардың электрондық рұқсат құжаттарын беру бір терезе қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Растайтын құжаттар мен мәліметтерді бірнеше рет ұсыну алынып тасталды. Қызмет алу уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Бүгінде жүйеде 6,3 мың пайдаланушы тіркелген. Жыл басынан бері 78 мыңнан астам сәйкестендіру сертификаты берілді, Денсаулық сақтау министрлігінің 1 045 құжаты әзірленді, мемлекеттік кірістер органдарының – 529, Ауыл шаруашылығы министрлігінің 117 құжаты осы жүйеде әзірленіп, берілді. «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі – тауарларды әкелуден бастап шығаруға дейінгі барлық кедендік процестердің негізгі жүйесі. Бүгінде кедендік декларациялар 100 пайыз қашықтан, электронды түрде ұсынылады. 4,9 млн астам кедендік декларация, оның ішінде 4 млн-нан астамы (82 пайызы) 1 минут ішінде автоматты түрде шығарылды. Жүйе тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді, декларацияны кеңседен немесе үйден шықпай-ақ ұсынуға болады», дейді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Панбаев.
Ал электрондық шот-фактуралар жүйесі – шаруашылық жүргізуші субъектілердің барлық мәмілелерін қадағалайтын платформа. А.Панбаевтың айтуынша, бастапқы бухгалтерлік құжаттарды электрондық түрде ресімдеу де енгізілді. Жүйе онлайн режімде тәулік бойы жұмыс істейді. 1 тамыздағы жағдай бойынша жүйені пайдаланушылар саны 824 мыңға жеткен. 870 млн-нан астам шот-фактура жазылып, тауарларға 46,5 млн ілеспе жүкқұжат ресімделген.
Сондай-ақ Тәуекелдерді басқару жүйесі салықтардың жиналуын жақсартуға мүмкіндік бермек. Бүгінде 16 млрд-тан астам цифрлық құжат өңделіп, 144 тәуекел моделі жасалыпты.
«2021 жылғы маусымнан бастап «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп контрагенттерді олардың сенімділік деңгейін анықтау мүмкіндігімен дербес тексеру үшін «Салық төлеушілердің адалдық индексі» сервисі іске қосылды. Тәуекелдерді басқару жүйесі салықтардың жиналуын жақсартуға, салықтық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және жалған кәсіпкерлік белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілген сәттен бастап бюджетке қосымша 500 млрд теңге қаражат түсті. Салық міндеттемелерін орындау процесін жеңілдету құралдарының бірі – E-SALYQ мобильді қосымшаларын құру. Жеке тұлғалар үшін «салық әмияны» қызметін атқаратын Е-Salyq-Azamat мобильді қосымшасы енгізілді. Пайдаланушылар саны 1,3 млн-ға жетті. Биыл 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлік субъектілерінің салық міндеттемелерін орындауына ыңғайлы болу үшін E-Salyq-Business мобильді қосымшасы іске қосылды. Бүгінде пайдаланушылар саны 307 мың жеке кәсіпкерді құрайды», деді спикер.
Қаржы вице-министрі Эльдар Қазғанбаев министрлікті цифрландыру жұмысы – стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, қазынашылық жүйелерінде бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік аудит және камералдық бақылау, салық және кедендік әкімшілендіру сияқты бағыттарды қамтитынын атап өтті.
«Мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау рәсімдерін цифрландыру мақсатында «Мемлекеттік жоспарлау жүйесін дамыту» жобасы іске асырылып жатыр. Соңғы екі жылда жобаның бірінші және екінші кезеңі аяқталды. Бұл республикалық бюджетті электронды түрде қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жоба аясында стратегиялық және бюджеттік жоспарлауды байланыстыру рәсімдері цифрландырылды. «Стратегиялық жоспарлау» функционалы аясында жүйеге 10 Ұлттық жобаның 9-ы енгізілді, біреуі құпия және жүйеге енгізілмейді. Сондай-ақ министрліктің жүйелерімен және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жүйелерімен интеграция жүргізілді. Осы арқылы деректерді енгізу қайталанбайтын болды және қағаз құжат айналымы қысқарды. «Мемлекеттік сараптама» жүйесімен интеграциялау бойынша және трансферттер мен мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау рәсімдерін цифрландыру бойынша жұмыстар аяқталуда», деді вице-министр.
Осы жылы жоба аяқталғаннан кейін стратегиялық құжаттар мен республикалық бюджетті қалыптастырудың барлық кезеңі цифрландырылмақ. Бұл жоспарлау процесін жеңілдетіп қана қоймай, оның ашықтығын да қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алудың барлық процесі автоматтандырылған. Жоспар жасау, сатып алуды өткізу, шарт жасау және орындау толығымен электронды форматта өтеді. Қазір веб-порталда 100 мыңнан астам өнім беруші мен 24 мыңнан астам тұтынушы тіркелген. Өткен есепті кезеңде мемлекеттік сатып алулар бойынша шартты үнемдеу 485 млрд теңге болыпты.
«Биыл келесі міндеттерді жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бірінші, бір көзден алу үлесін азайту. Мәселен, «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң шеңберінде сатып алудың бәсекелі тәсілдерін тапсырыс берушілердің өткізуіне басымдық берілген. Бір көзден алу негіздері қысқартылды. Электрондық дүкен енгізілді. Екінші, адами факторды болдырмайтын және өнім берушіні таңдауды автоматтандыратын рейтингтік-балдық жүйені әзірлеу. Бұл жаңашылдық 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап қолжетімді. Үшінші, негіздемелік келісімдерді іске қосу. Бұл мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімін 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік береді», дейді спикер.
Биыл «Тауарлардың электрондық каталогы» жобасы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді және жалпыға қолжетімді.
«Каталог деректерді толтыру тәртібінде жұмыс істейді. 1 шілдеден бастап мемлекеттік сатып алуда тауарлардың техникалық ерекшеліктерін қалыптастыру функционалы қолжетімді. Қазірдің өзінде каталогта шамамен 16 мың техникалық ерекшелік қалыптастырылды. 2 мыңнан астам пайдаланушы тіркелді. 461 мың тауар енгізілді», деді Э.Қазғанбаев.
Оның айтуынша, биыл каталогты тауарлармен толтыру және каталогтан сатып алынатын тауарлар тізбесін кеңейту бойынша жұмысты күшейту жоспарланған. Сондай-ақ тауарларды модерациялау процесі үшін нейро желілерге негізделген машиналық оқыту технологияларын қолдану көзделген.
Өз кезегінде Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Еркін Беркешев 2020 жылдың соңынан бастап Электрондық аудит жобасы іске қосылғанын және қазірге дейін 717 млрд теңгеден астам қамтумен шамамен 1 600 аудиторлық іс-шара жүргізілгенін жеткізді. Дәстүрлі аудит процесін электрондық форматқа түрлендіру арқылы іссапар, еңбек және уақыт шығындары азаяды. Аудитор мен аудит арасындағы тікелей байланысты жою жолымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқарту, сондай-ақ бір уақытта бірнеше аудит объектілері бойынша аудит жүргізу мүмкіндігі туады.
«2021 жылы қашықтан жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың үлесі аудиторлық іс-шаралардың жалпы санының 31 пайызын құрады. Бұдан басқа, «Тәуекелдерді басқару жүйесі» модулін атап өту қажет. Модуль аудитке жататын мемлекеттік объектілердің тізбесін анықтауға арналған. Бүгінде модульде 64 тәуекел индикаторы енгізілді. Жалпы, Қаржы министрлігінің қызметін цифрландыру бюджетті атқарудың әрбір кезеңінде профилактикалық аудит жүргізуге мүмкіндік береді, бұл шығыстарды жоспарлау, кассалық атқару, бюджет пен қаржылық есептілікті қалыптастыру кезеңдері», деді департамент басшысы.
Биыл Қаржы министрлігі қолға алған тағы бір бастама – Президенттің «Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шеңберінде бухгалтерлік операциялардың бірыңғай деректер базасын құру жобасы. Қанатқақты жоба 7 мемлекеттік органда жүзеге асқан.
«Жобаны іске асыру мемлекеттік органдардың бухгалтерлік қызметтерінің деректерін шоғырландыруға бағытталған. Сонымен қатар жобада бірыңғай анықтамалықтарды пайдалану да жоспарланып отыр. Бұл талдамалық құралдарды орнатуға және қаржы саласындағы әртүрлі процестердің, яғни бухгалтерлік есепті жүргізу, есептілік беру, бюджетті жоспарлау және пәрменді мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», деді департамент директоры.