Жанкүйерлердің есінде болар, Қазақстан алғаш рет УЕФА-ға ауысқанда еуропалық аренада еліміздің намысын «Жеңіс» футбол клубы қорғаған еді. Содан бері аталған команда атауын бірнеше рет өзгертті. «Астана» атауымен де өнер көрсетті. Ақыры қаржылық қиындыққа байланысты клуб жабылып тынған болатын. Бірнеше жыл бұрын команда қайта құрылып, қазіргі таңда «Жеңіс» атауымен бірінші лигада ойнап жүр.
Әлі есімде Қазақстан УЕФА құрамына енгеннен кейін қарт құрлықтың ең мәртебелі турнирі – Чемпиондар лигасына «Жеңіс» аттанды. Жеребе Молдованың «Шериф» клубымен түскен-ді. Бірінші ойында сырт алаңда 2:1 есебімен жеңілген елордалық команда қарымта кездесуде есе қайтаратындай көрінді. Расында, екінші матчтың 58-минутына дейін қарсыластарынан 3:0 есебімен алда тұрған «Жеңіс» айналдырған екі минуттың ішінде екі гол жіберіп, жеңістен айырылып қалды.
Бұдан кейін елордалық клуб екі рет Еуропаға аттанып, екеуінде де сәтсіздікке ұшырады. 2003-2004 жылдары УЕФА кубогы үшін таласта Чехияның «Виктория Жижков» командасымен шеберлік байқасып, екі ойынның қорытындысы бойынша 1:6 есебімен ұтылды. Кейіннен 2007-2008 жылы «Астана» ретінде Чемпиондар лигасына қатысты. Алғашқы кезеңде Грузияның «Олимпи» клубымен кездескен елордалықтар бірінші матчта тең тарқасса, екінші ойында қарсыластар қақпасына жауапсыз үш гол салды. Өкінішке қарай, келесі раундта Норвегияның «Русенборгына» қарсы тұра алған жоқ. Қажымұқан Мұңайтпасұлы стадионында скандинавтарға 1:3 есебімен есе жіберіп, жанкүйерлерін мұңайтты. Ал Тронхеймдегі матчта 7:1 есебімен оңбай жеңілді. Сөйтіп, «Астананың» қарт құрлықтағы жорығы аяқталды.
Жалпы, «Жеңіс» клубы өзі орналасқан қала секілді тарихында атауын бірнеше рет өзгерткен. 1964 жылы, яғни команданың іргетасы қаланғанда оның атауы «Динамо» болған. Он бір жылдан соң клубты «Целинник» деп атады. Ел астанасы Ақмолаға көшкеннен кейін 1998 жылы команда бір жылға жуық «Астана» атауымен өнер көрсетті. 1999 жылы «Жеңіс» болып өзгерді. 2006 жылы команданы қайтадан «Астана» деп тіркеу туралы шешім қабылданды. Бірақ 2011 жылы алматылық «Локомотив» клубының елордаға көшіп келіп, есімін «Астана» деп ауыстыруына байланысты жергілікті команда «Астана-1964» деп атала бастады.
Елордалық команда үшін мыңжылдықтар тоғысы табысты болғанын айта кеткен жөн. 2000 жылы клуб ел біріншілігінде топ жарды. Сөйтіп, тоғызыншы территорияның чемпионы атанған бесінші команда болды. «Жеңістің» жеңісіне бразилиялық Нилтон Мендес пен Владимир Нидергаус зор үлес қосты. Марқұм бразилиялық футболшы 21 гол салса, қазақстандық шабуылшы 15 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеді. Айта кетерлігі, сол жылғы біріншілікте елордалық команда қызылжарлық «Аксесс-Голден-Грейн» клубынан алтын жүлде үшін өткен ойында басым түскен-ді.
2001 жылы «Жеңіс» екінші мәрте топ жарды. Бұл жолы 81 ұпаймен жеке-дара көш бастап, Чемпиондар лигасына қатысу құқығын жеңіп алды. Сондай-ақ Қазақстан кубогы үшін тартыста ақтық сынға дейін жетіп, керекулік «Ертістен» айласын асырды. 2002 жылы «Жеңіс» тағы бір мәрте кубок иегері атанды. Бұл жолы елордалықтар тағы да «Ертісті» жерге қаратты.
Чемпионаттағы үшінші алтынын елордалық команда «Астана» атауымен 2006 жылы жеңіп алды. Ал одан бір жыл бұрын ел кубогы үшін таласта алматылық «Қайраттан» басым түскен еді. Бұдан бөлек, «Жеңіс» чемпионатта бір рет қола жүлдегер (2003 жыл) атанып, кубок үшін таласта екі рет ақтық кезеңде сүрінді (2001 жыл, 2006 жыл).
«Жеңіс» футбол клубы кезінде жастардың томағасын сыпыратын еліміздегі үздік командалардың бірі саналатын. Мәселен, Давид Лория, Максим Жалмағамбетов, Антон Чичулин, Исламбек Қуат секілді футболшылар «Жеңісте» жүріп аяқдоптың қыр-сырын меңгерді. Сондай-ақ Александр Мокин, Жамбыл Көкеев, Мұрат Тілешов секілді сайыпқырандар да елордалық команданың жейдесінде тер төкті.
Бірақ қаржылық қиындықтарға байланысты клуб 2015 жылы жабылып тынды. Осылайша, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, үш мәрте кубок иегері тарих қойнауына кетті. Бірақ жанкүйерлердің қуанышына орай, команда 2021 жылы қайта «тірілді». Команда «Жеңіс» атауымен бірінші лигаға қосылып, былтыр үшінші орын иеленді.
Сондықтан шығар, байырғы тұрғындар елорданың негізгі клубы ретінде «Жеңіс» командасын есептейді. Ойыны жүрмей тұрса да, Қ.Мұңайтпасұлы стадионындағы ахуал нашар болса да, оң жағалаудағы алаңға ағылатын жұрттың қарасы қалың. Осындайда кезінде атой салған «Астананы» аңсайтынымыз рас. Бәлкім, күндердің бір күні елордалықтар бұрынғы атауын қайтарып қалар. Әйтеуір, «Жеңістің» күндерінде жүздесе берейік.