• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 27 Тамыз, 2022

Күте-күте күдерін үзеді

295 рет
көрсетілді

Керекудегі емдеу мекемелерінің қызметіне шағым айтушылардың саны өсіп келеді. Емделушілер стационарларға берілетін жолдаманы ұзақ күтетіндерін айтады. Жыл басынан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» өңірдегі филиалында тіркелген өтініштер саны былтырғымен салыстырғанда 62,2 пайызға ұлғайған.

Медициналық сақтандыру қо­рына қаңтар айынан бері 467 шағым түсіп, тұрғындар өңір­де­гі кейбір ауруханалар мен ем­ханалардың дұрыс қызмет көр­сет­пей отырғанына наразылық танытты. Дегенмен барлық арыз-шағымның 6 пайызы ғана негізді деп саналып отыр. Қордың өңірдегі филиалының директоры Нұрлан Қасымов алғашқы алты айда Ертіс-Баян өңірі азаматтарынан ұйымның шотына 14,8 млрд теңге түскенін, қазіргі күні сақтандырылған облыс тұрғындарының саны 633 мың адамға жеткенін айтады. Ал медициналық қызмет көрсетуге 42,8 млрд теңге жұмсалыпты.

– Міндетті медициналық сақ­­тан­дыру енгізілгелі бері ем­ха­на­ларда консультативті және диаг­ностикалық қызметтер саны күрт өскенін көріп отырмыз. Жыл басынан жалпы сомасы 3,8 млрд теңгеге осындай қызмет түрлері көр­сетіліп, 53 мыңнан астам ем­делуші стационарларда ем-дом қабылдаған. Дәрі-дәрмектің тізі­мі кеңейтіліп, амбулаторлық жағ­дайда препаратпен қамту қол­жетімді бола түсті. Былтыр бұл бағытта 7,9 млрд теңге игерілсе, биыл жыл басынан 8 млрд теңге бағытталып үлгерген, – дейді филиал жетекшісі.

Мамандар қорға түскен арыз-шағымдардың саны 62,2 пайызға ұлғайғанын байқаған. Олардың ойынша, бұл азаматтардың меди­циналық жүйеге қатысты сауат­ты­лық деңгейінің өсуінен пайда болған. Қаңтардан шілде айына дейінгі аралықта 574 өтініш түссе, оның 467-сі – арыз-шағым. Тұрғындар негізінен емханалардың қызметіне наразылық танытады. Белгілі бір медициналық ұйымға қатысты шағым түссе, қор сарапшылары жоспардан тыс мониторинг жүргізуге құқылы. Олар әуелі ақпараттық жүйені зерделеп, ауру тарихын қарайды, қажет болса емханаға барып, емделушілермен сөйлеседі.

«Егер шағым шын мәнінде негізді болса, біз нақты шараларды қолға аламыз. Жарты жыл ішінде медициналық ұйымдарға 18,7 млн теңгеге айыппұл салдық. Павлодар қаласындағы №1, 2, 4 емханалар және Екібастұздағы «Дисконт» емханасында заң бұзушылықтар жиі тіркеледі», дейді Нұрлан Қасымов.

Медициналық қызметке көңі­лі толмайтындардың басым бөлігі стационарлар мен арнайы дәрі­гер­лерге берілетін жолдаманы ұзақ күтетіндерін және күрделі зерт­теулерге кезектің ұзын-сонар қалыптасып қалатынын айтады. Күте-күте күдерін үзгендер көбіне ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр болады. Бұл мәселе, әсіресе ревмо­то­лог, невропатолог, нейрохирург дәрігерлеріне қатысты. Себебі өңір­де мұндай мамандардың тап­шы­лығы байқалып отыр.

 

Павлодар облысы