• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Тамыз, 2022

Алжир-Франция: Қарым-қатынастың жаңа белесі

499 рет
көрсетілді

Алжир президенті Абдулмежит Теббун мен Франция президенті Эмманюэль Макрон бір жылға жуық шиеленістен кейін қайта бас қосты. Тараптар екіжақты қарым-қатынастың жаңа бетін ашуға бел буғандарын мәлімдеді.

Бұл Франция президенті Макронның Алжирге 2017 жылы бірнеше сағатқа созылған қысқа сапарынан кейін екінші рет баруы. Осы жолы санаулы сағатқа емес, үш күнге жоспарланған сапар барысында маңызды шешімдер қабылданады деп жоспарланып отыр.

Екі мемлекет басшысы ел астанасы Алжирдегі Мурадие сарайында ресми кездесіп, кейін ортақ баспасөз мәслихатын өткізді. Теббун өз сөзінде Макронмен екіжақты ынтымақтастыққа қатысты көптеген мәселені талқылағанын және екі ел арасындағы құрмет пен мүдденің тепе-теңдігі тұрғысынан қарым-қатынастарды дамыту жолдарын сөз еткенін мәлімдеді.

Теббун Франция президентімен екі ел арасындағы қарым-қатынастардың өзіндік ерекшелігі мен тереңдігін көрсете отырып, «конструктивті келіссөздер» жүргізгенін атап өтті. Ал Макрон сапарының басты мақсаттарының бірі екіжақты қарым-қатынастардың болашағына назар аудару екенін атап өтті.

Тараптардың екіжақты қарым-қаты­нас­қа қатысты пікірін біл­дірген Макрон: «Біздің күрделі және азапқа толы ортақ тарихымыз бар. Бұл біздің болашаққа қарауымызға кедер­гі болды. Отаршылдық дәуір мұ­рағаттарымен жұмыс істеу үшін ортақ комитет құруға шешім қабылдадық. Оның құрамына екі елден бірлескен тарихшылар кіреді», деп мәлімдеді.

Өткеннен құтылудың мүмкін еместігін, өйткені оның өмірмен және елдің тарихымен байланысты екенін алға тартқан Макрон: «Дегенмен өзіміз және жас­тарымыз үшін болашаққа қарау біздің жауапкершілігіміз» деді.

Жалпы, екі президенттің басқосуы Теббунның бастамасымен жүзеге асты. Макронның Алжирға сапары екі ел арасындағы тарихи мәселелерді шешуге, әсіресе соңғы кездері кірбің түскен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге мүмкіндік ретінде қарастырылып жатыр.

Алжирдегі француз отаршылдығына қатысты шешілмеген мәселелермен қатар, Францияның алжирліктер үшін виза квотасын шектеуі және президент Макронның «отарлыққа дейінгі Алжир ұлты­ның бар екендігі күмәнді» деген мәлім­демесі екі ел арасындағы бұрыннан келе жатқан шиеленісті одан әрі ширықтырып жіберген еді.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қазан айында француздық Le Monde газетінде жарияланған ақпаратта Макрон Алжирді айыптау сөздерімен екі ел арасындағы ең қауіпті шиеленістердің біріне себеп болған-ды. Франция прези­денті «Алжирде әскери-саяси жүйе үстем­дік етеді. Елдің ресми тарихы толығы­мен қайта жазылған. Бұл тарих шын­дыққа жанаспайтын Францияға дұшпан­дыққа негізделген» деп мәлімдеді. Сонымен қатар «Алжирдің ұлт ретінде құрылуы – тамаша құбылыс. Француз отарлауына дейін Алжир ұлты болды ма? Бұл сұрақ...» деп бір ұлттың тарихта болғанына күмән тудырды.

Осыған орай Алжир президенті әкімшілігі жазбаша мәлімдеме жасап, Францияны айыптап, «Макронның мәлімдемелері француз отаршылдығына қарсылық көрсеткен 5 млн-нан астам шәйіттің рухына қарсы жасалған қабыл­данбайтын қорлау» екенін алға тарт­қан. Осы оқиғадан кейін Президент Абдулмежит Теббун өз елінің Париждегі елшісі Давудты кеңесу үшін елге шақырып, француз әскери ұшақтары үшін Алжирдің әуе кеңістігін жабу туралы бұйрық берген.

Теббун осы кезеңде немістің «Шпигель» журналында жасаған мәлімдемесінде «Мен Макронмен байланысуға тырыспаймын. Ол менімен байланысуға тырысса да жауап бермеймін, өйткені ол бүкіл бір халықтың бар екендігін, тарихын жоққа сайып, күмәнданды» деді.

Сол кездегі Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру үшін Алжирге бірнеше рет сапар шекті. Алайда ол белгілі бір нәтиже бермеді. Тек екі ел арасындағы байланыс Макронның қайта сайлануынан кейін, алжирлік әріптесі Теббун оны құттықтағаннан кейін ғана басталды.

Сонымен қатар Алжир үкіметі баста­уыш мектептерде француз тілінің орнына ағылшын тілін оқытуға шешім қабылдады. Президент Теббун бұл мәселеге қатысты: «Француз тілі – соғыстан түскен олжа. Ал ағылшын тілі – әлемдік тіл және алжирлік­тердің әлемге ашылатын уақыты келді», деп мәлімдеді.

Алжир мен Франция төрт ерекше тарихи файл бойынша ортақ шешімдер қабылдауға тырысады. Әсіресе француз билігі жылдар бойы бермей келген Алжир мұрағаты және Париждегі Адам мұражайындағы (Musée de l'Homme) халық революциясы жетекшілерінің бас сүйектерін қайтару туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.

Алжир билігінің мәліметінше, үшінші файл 1960-1966 жылдар аралығында Францияның Алжир шөлінде жүргізген ядролық сынақтарының құрбандарына өтемақы төлеу туралы болса, төртінші файл 1954-1962 жылдардағы Тәуелсіздік соғысы кезінде із-түзсіз жоғалған 2200 адамның тағдырын нақтылау туралы.

Жалпы, Франция бұған дейін Алжирдің ешбір өтінішіне жауап бермеген-ді. Тек 2020 жылы отаршылдыққа қарсы шыққан алжирлік бірнеше халық қаһарманының бас сүйектері тапсырылған еді.

Сондай-ақ Алжир президенті Теббун бірнеше апта бұрын баспасөз мәслиха­тында сөйлеген сөзінде елінің БРИКС тобына қосылуға мүдделі екенін білдірді. Ол өз сөзінде Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка елдерінен тұратын БРИКС тобына кіру үшін көптеген шартты орындағандарын алға тартты.

БРИКС тобына қосылу – осы уақытқа дейін импорттық өнімдерінің 60 пайызын ЕО елдерінен, әсіресе Франциядан сатып алатын Алжир үшін «терең транс­формацияға» жол бастап отыр.