Өңірде Қазақстан Республикасының Конституциясы күні айрықша салтанатпен аталып өтті. Салтанатты іс-шара барысында «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауының облыстық кезеңінің, облыстық «Еңбек жолы», «Үздік волонтерлік жоба» байқауларының жеңімпаздары облыс әкімінің Алғысхаттарымен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Дәл осы күні Көкшенің күзгі аспаны да жадырап, шуақ құйып тұр еді. Орталықтағы мәдениет сарайына Ата Заң күнімен рухтанған, жарқын жүзді жұртшылық көп жиналды. Бірін-бірі Ата Заң күнімен құттықтап, мәре-сәре. Мәдениет сарайының кіреберісіне тақырыптық көрме ұйымдастырылыпты. Ата Заңның негізінде жүзеге асырылып жатқан сан шаруа қамтылған.
Мәнді мерекелік іс-шара тәуелсіз еліміздің тыңдаған жанның бойына мақтаныш сезімін сыйлап, өлшеусіз күш-қуат құятын Әнұранмен ашылды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев қауымды Конституция күнімен құттықтай келе, ізгі тілегін жолдады. Ол өз сөзінде Қазақстан халқы дәстүр сабақтастығын жалғастырған, өзін еркіндік пен теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам ретінде танытып отырғандығына тоқталды.
Бүгінде Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің арасында көшбасшы елдердің бірі болып табылады. Алға ұмтылған азат елдің қол жеткізген толайым табыстарына ақмолалықтар да зор үлес қосуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірдің ішкі жалпы өнім көлемі қарқынды дамуда. Осы арада бір ғана мысал келтіре кетелік, 2020 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 триллион теңгені құраса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 1 триллион 300 миллиард теңге көлемінде болады деп межеленуде. Астықты өңір әрбір екінші комбайнды, әрбір екінші тракторды, құс етінің үштен бірін өндіреді. Бүгінгі таңда облыс жартылай өңделген алтын өндірісі бойынша еліміздің алдыңғы қатарына шығып отыр. Сәл таратып айтатын болсақ, алтынның әрбір үшінші тоннасы, полипропилен мен полиэтиленнен жасалған барлық буып-түйіп заттарының бесінші бөлігі, әрбір оныншы кірпіш біздің өңірде дайындалады.
Облыста төрт ірі алтын өндіру компаниясы, екі уран өндіру және қайта өңдеу кәсіпорны орналасқан. Тамылжыған табиғаты тамам елге белгілі, туристік бизнесті айрықша қарқынмен дамытуға арналған Щучинск-Бурабай курортты аймағының ажары жыл өткен сайын жақсарып келеді. Индустрияландыру картасын іске асыру аясында соңғы 12 жылдың ішінде облыста 440 миллиард теңгеден астам соманы құрайтын 113 жоба жүзеге асып отыр. Өткен жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салу көзделген. Тілге тиек етіп отырған бұл көрсеткіштер өңірдегі жарқын жетістіктердің бір парасы ғана.
Салтанатты жиын барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық саласын дамытуға зор үлес қосып, өздерінің ақ адал еңбегімен өзгеге үлгі-өнеге болып жүрген озаттар Алғысхатпен марапатталды. «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары санатындағы 7 отбасына 500 мың теңгеге дейін сыйлық табыс етілді. Бас жүлдеге Ақкөл ауданында тұратын Бөжен Құрметбектің отбасы лайық деп танылды.
Мерейлі мереке соңы облыстағы шығармашылық ұжымдардың концертіне ұласты.
Ақмола облысы