Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі заң жобалары қаралды.
Тақырып бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасады.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректер, Халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулері ескеріле отырып қалыптастырылғанын айтып өтті. Осы бойынша бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде пайдаланылатын базалық сценарийде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 доллар деңгейінде және АҚШ долларының есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4%. Бұл ретте экспорттың және экономиканың барлық негізгі салаларының өсуі күтілуде.
Экономиканы дамытудың үш сценарийі әзірленді
Халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамына сәйкес 2022 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 104,2 доллар деңгейінде күтілуде. 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3%-ды құрайды.
Сыртқы және ішкі параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған үш сценарийі (базалық, оптимистік және пессимистік) әзірленді. «Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 доллар деңгейінде және доллардың есептік бағамын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша ішкі жалпы өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9%-ды құрайды, оның ішінде 2023 жылы – 4%. Оптимистік сценарий кезінде мұнайдың болжамды бағасы барреліне 110 доллар болады (АҚШ долларының бағамы – 440 теңге деңгейінде анықталды). Экономиканың орташа жылдық өсуі 4,2 % деңгейінде болжануда. Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне 60 доллар болып, ІЖӨ-нің болжамды нақты өсуі орта есеппен 3,5%-ды құрайды», деп түсіндірді Ұлттық экономика министрі.
Инфляция барлық сценарийде 2023 жылы 7,5-9,5% деңгейінде, 2024 жылы – 4-5% деңгейінде, кейіннен 2025-2027 жылдары 3-4%-ға дейін төмендейді деп белгіленді.
Министрдің айтуынша, бюджеттік жоспарлау үшін негіз ретінде базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Осы сценарийге сәйкес ІЖӨ-нің нақты өсуі 2023 жылғы 4%-дан 2027 жылы 4,2%-ға дейін жеделдейді. Номиналды ІЖӨ 120,7 трлн теңгеден 177 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық базалық салаларында оң өсу күтілуде.
Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 3,1%-ды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 3,5%-ды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 2,9%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің орташа жылдық өсуі – 3,9%. Құрылыс саласының болжамды өсуі орта есеппен 3,8%-ды, сауда – 5,7% болады. «Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 100 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 81 млрд доллардан 84,6 млрд долларға дейін, импорт 45,7 млрд доллардан 53,5 млрд долларға дейін өседі», деді Ұлттық экономика министрі.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленді. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджет қағидаларына сәйкес мұнайдың кесімді бағасын ескере отырып айқындалды. Осылайша, заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2023 жылы барреліне 48,9 доллар, 2024-2025 жылдары барреліне 42,2-40,3 доллар деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, 2024 жылы 2 трлн теңге, 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде белгіленді.
Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту және әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімді болуын теңестіру, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы трансферттер көлемін біртіндеп қысқарту жөніндегі жаңа тәсілдер ескеріліп есептелді. Осыны ескере отырып, үш донор өңір – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау облысы айқындалды, олар бойынша бюджеттік алып қоюлар мынадай көлемде айқындалды: 2023 жылы – 487 млрд теңге, 2024 жылы – 536 млрд теңге, 2025 жылы – 577 млрд теңге.
Ұлттық экономика министрлігінің басшысы атап өткендей, қалған 17 өңір бойынша бюджеттік субвенциялар көлемі 2023 жылы – 4,9 трлн теңге, 2024 жылы – 5,2 трлн теңге, 2025 жылы – 5,7 трлн теңгені құрады. Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі республикалық бюджеттің параметрінде ескерілді.
Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы туралы» заң жобасы туралы баяндады. Заң жобасы Бюджет кодексіне сәйкес, еліміздің 2027 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді.
2023 жылы түсімдер 17,8 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр.
Келесі жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ағымдағы жылмен салыстырғанда 1,8 есеге азая отырып, 2,2 трлн теңге мөлшерінде тартылады. «Бюджет тапшылығы 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,7%-ынан кезең-кезеңімен 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-ына дейін төмендеуімен жоспарланған. 2023 жылы шығыстар кірістер мен тапшылықты ескере отырып, 2022 жылдың жоспарынан 2,2 трлн теңгеге ұлғаяды және 21 трлн теңгені құрайды», деді Е.Жамаубаев.
Бюджет параметрлері бюджеттік заңнамамен орнатылған кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны және бюджет тапшылығы бойынша ережелерге сәйкес келеді. «2023 жылы әлеуметтік салаға 8 трлн теңге көлемінде қаражат жоспарланды. Шығыстар зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге, білім беру, денсаулық сақтау салаларын, мәдениет және спортты дамытуға, жастарды ынталандыруға бағытталатын болады», деді Қаржы министрі.
Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2023 жылға 2,1 трлн теңге көзделді.
Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Ұлттық банктің елдің 2023-2027 жылдарға арналған макроэкономикалық даму болжамдарын әзірлеуге қатысқанын айтты. «Біздің болжамымыз бойынша, инфляция 2023 жылдың соңына қарай базалық мөлшерлемеге қатысты қабылданатын шешімдер, контрциклдық бюджет қағидаларын іске асыруды жоспарлау, сыртқы инфляциялық қысымды рет-ретімен төмендету және осы жылғы жоғары база есеп айырысуларынан шығу аясында қазіргі деңгейден 7,5-9,5%-ға дейін баяулайды. Қазіргі уақытта Ұлттық банкте кезекті болжамды раунд өткізіліп жатқанын, оның нәтижесі осы жылғы 5 қыркүйекте жарияланатынын атап өтемін. Орта мерзімді кезеңде жаңа күтпеген өзгерістер орын алмаса, инфляция 2024 жылдың соңына қарай нысаналы дәлізге жуықтайтын болады», деді А.Баймағамбетов.
2023 жылы төлем балансының әдіснамасы бойынша, тауарлар экспорты Үкімет белгілеген шикізаттың жоғары бағасын сценарийлік түзетуге байланысты 80,9 млрд долларға дейін қалыптасып, 0,9%-ға аздап төмендейді.
Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, тауар импорты жоғары деңгейде қалып, 45,7 млрд доллар болады. Шетелдік өнімге өсіп келе жатқан сұраныс халық пен бизнестің қажеттіліктерін өтеу үшін қазақстандық өндірістің жетіспеушілігіне, сондай-ақ фискалдық шығыстардың үлкен көлеміне байланысты болып отыр.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Әлеуметтік міндеттемелер толық орындалады
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр үшжылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық және уақтылы орындауға, сондай-ақ ағымдағы жағдайда экономиканы сапалы және орнықты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. «2023-2025 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 4-4,1% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2025 жылға қарай 3-4%-ға төмендейді деп жоспарлануда. Республикалық бюджет кірістері 2023 жылы 3 трлн теңгеге ұлғаяды. Осылайша, республикалық бюджет кірістерінің жоғары деңгейде өсу қарқынын қамтамасыз етеміз», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттер едәуір төмендейтінін атап өтті. Олар 2023 жылы 1,4 трлн теңгеге, 2024 жылы тағы 800 млрд және 2025 жылы тағы 500 млрд теңгеге азаяды. «Бұл – өте маңызды аспект. Кепілдендірілген трансферт Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдердің көлемінен аспайтын болады. Ал бюджет шығыстарының өсуі инфляция межесін ескергенде, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің орташа деңгейінен аспайды. Жалпы алғанда, бюджет жобасы теңгерімді», деді Премьер-Министр.
Ә.Смайыловтың айтуынша, бюджет әлеуметтік сипатқа ие. Әлеуметтік салаға 2023 жылы 8 трлн теңге көзделген. Экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамыту, бизнесті қолдау, көлік инфрақұрылымын дамыту және газдандыру басым бағыттар болып табылады. «Біздің міндетіміз – бюджет қаражатын тиімді пайдалану», деді Премьер-Министр.
Ұсынылған заң жобалары үшін дауыс беру процедурасынан кейін Үкімет басшысы Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне Премьер-Министр Кеңсесімен бірге заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Қант импортының үлесі 17%-ға дейін қысқаруға тиіс
Үкімет отырысында алдағы жылдары қант саласын дамыту жөнінде мәселе қаралып, Премьер-Министр бірқатар тапсырма берді.
Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Әбілхайыр Тамабек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленгенін мәлімдеді. Ол қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайтуды, жаңа суармалы жерлерді іске қосуды, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, тұқым шаруашылығын дамытуды, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейді.
Жоспарды іске асыру 2026 жылға қарай қант импортының үлесін 58-ден 17%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Аталған сала бойынша Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.
Талқылауды қорытындылай келе, Ә.Смайылов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен нарықты отандық өнімдермен толықтырудың Үкіметтің стратегиялық міндеті екенін айтып өтті. «Қалыптасқан жағдай кейбір тауарлық позициялар бойынша, әсіресе қант нарығында проблемалардың бар екенін көрсетті. Біз қант тапшылығы мен оның қымбаттауына қатысты халықтың наразылығын көріп отырмыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы тарапынан да әділ сын айтылды. Осыған байланысты саланы дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленді», деді Премьер-Министр.
Ә.Смайылов бірінші кезекте қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтты. Ол үшін егіс алқаптарын 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін, яғни 3 есе арттыру жоспарланып отыр. «Бұл алдағы бес жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің айтуынша, қант зауыттарын барынша жаңғыртып, өндірістік қуатын арттыру қажет. «Жалпы, қантпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақталды. Қанттың қажетті қоры бар. Дүрлігуге жол бермеу үшін қант бағасына қатысты түрлі келеңсіздіктің алдын алып, алыпсатарлық әрекеттер мен қажетсіз делдалдарды анықтау қажет», деді Ә.Смайылов.
Сөз соңында Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспарды толық көлемде орындауды тапсырды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, қант зауыттарын жаңғырту және шикізат сатып алуға айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдікпен кредит беру мәселесін пысықтау жүктелді.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне Павлодар облысының әкімдігімен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, өңірде қант қызылшасы өндірісінің көлемін кеңейту шараларын қабылдап, Павлодар облысында жаңа қант зауытын салу мәселесін пысықтау тапсырылды.
Сауда және интеграция министрлігіне ішкі нарықты демпингтен қорғау үшін қантқа ең төменгі бөлшек сауда бағасын белгілеу мәселесін пысықтау міндеттелді.