• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Тамыз, 2022

Өңірдегі өзекті мәселелермен танысты

290 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстанға сапары барысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Оқушылар сарайының мәжіліс залында облыс тұрғындарымен кездесті. Кездесу кезінде ТЖ туындаған кезде халықты хабардар етуге, су тасқыны кезеңінде суда және тұрғын үйлерді су басудың алдын алуы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға, көп қабатты тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігіне қатысты халық қойған өзекті сұрақтарға жауап берді.

Министр кездесу «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, азаматтық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді жедел шешу қажеттігі аясында өтіп жатқанын атап өтті. Өзінің сөзінде Ю.Ильин: «Министрліктің бөлімшелері төтенше жағдайларды жоюға биыл ғана 44 мыңнан астам рет шықты. 14 мыңнан астам адам құтқарылды, екі мың жеті жүзге жуық зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Елімізде төтенше жағдайлар мен оқиғалардың саны азайды», деді.

Кездесу аясында министр БАҚ және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен де кездесіп, ведом­ствоның жұмысы, азаматтық қорғау жүйесін дамыту перспективалары, оның алдында тұрған мін­деттерді шешу туралы айтып берді. Одан кейін министр төтен­ше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласына қатысты мәселелер бойынша жүгінген азаматтарды жеке қабылдап, оларды толғандырған мәселелерге жауап берді. Кейбір мәселе бойынша тиісті көмекшілеріне нақты тапсырмалар берді.

Солтүстік Қазақстан облысы ТЖ департаменті бөлімшелерінің жеке құрамымен кездесу барысында Юрий Ильин министрлік қызметінің негізгі бағыттарын түсіндірді, бейінді бөлімшелер басшыларының жүргізілген жұмысы туралы есептерін тыңдады, ерекше көзге түскен қыз­мет­керлерге, төтенше жағдай­лар­дың алдын алу және оларды жою ісіне үлес қосқан азаматтарға ведомстволық наградалар мен алғыс хаттар табыс етті.

Сондай-ақ ол облыс орта­лы­ғына жақын жерде салынып жатқан Жедел құтқару жаса­ғы­ның кешеніне, «Береке» шағын ауданындағы өрт сөндіру депосы кешенінің құрылысына барып, істелген жұмыстармен танысты. Петропавл қаласының №3 өрт сөндіру бөлімінде өртті жоюға және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың техникасы мен жабдықтарын көзімен көрді. Осы бөлімшенің аумағында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алу, олардың мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Юрий Ильин өзінің сөзін­де олардың есімдері мен тағдырлары ТЖМ тарихына мәңгі жазылатынын айтты. «Осыдан тура бір жыл бұрын Жамбыл облысындағы Байзақ ауданында өрт сөндіру кезінде 10 өрт сөндіруші қаза болды. Біз олардың есімдерін ешқашан ұмытпаймыз. Жалпы, еліміз Тәуелсіздігін алған жылдарда 50-ден артық құтқарушыларымыз елдің амандығы жолында көз жұмды. Олар өздерінің антынан таймай, тілсіз жаумен күресте ерлік пен қаһармандықтың үлгілерін көрсетіп кетті. Соның ішінде, арамызда тұрған, құрметті Жанар Әбдірахманованың күйеуі Алтынбек Әбдірахманов та болды. Біз Алтынбектің ерлігін ұмыт­пай, әрқашан өзіміздің қызмет­кер­лерімізге үлгі етеміз. Сіздің қайғыңызға ортақпыз», деді ол.

Осыдан кейін министр облыс­тық Төтенше жағдайлар жөнін­дегі департаментке барып, аумақ­тық бөлімшенің күнделікті жұмыс­тарымен танысып, кезекшіліктегі диспетчерлермен әңгімелесті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы